[:kz]
Мемлекеттік сатып алу порталында ШҚО әкімдігі «189 миллион теңгеге тікұшақпен ұшамыз» деген лот жариялады. Тікұшақ болғанда да ол жәй тікұшақ емес, бірінші санаттағы тікұшақ болуы керек. Облыс әкімі онымен құдалыққа бара ма? деп жазады Nege.kz
Тапсырыс беруші – ШҚО әкімдігі. Атауы: жолаушылар тасымалдайтын әуе транспортын кестесіз пайдалану. Транспорт 1-санатта болуы керек, сомасы – 139 044 196,15. Конкурсқа қатысу үшін өтініштер қабылдау 18 қазан мен 2 қараша аралығында өтеді.
Әкімдіктің талабы сұмдық енді. Аймақтың кез келген нүктесіне жеткізуге тікұшақ әрдайым дайын тұруы керек
Мәселен, 2021 жылы аптаның жеті күнінде және мереке күндерге қарамастан, облыстың кез келген жеріне апарудан бөлек:
Тікұшақ фюзеляжына 22 адамнан кем емес жолаушы сыйғыза алуы тиіс;
Тапсырыс берушінің жазбаша немесе ауызша тапсырысынан соң бір сағат ішінде шұғыл ұшып шығуды қамтамасыз ету;
Ауа райының қолайсыздығынан немесе форс-мажорлық себептермен тапсырысты орындай алмаған жағдайда құзырлы органдардан тиісті құжаттарды ұсыну;
Жолаушылар тасымалдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ кабина ішінде жолаушыларды қосқанда 3 мың келіден көп емес жүк болуы;
Тікұшақтардың Өскемен әуежайында тұруы;
Қыс және жаз мезгілінде, жазықта және биіктігі 2 мың метрден аспайтын таулы жерлерде ұшу мүмкіндігінің болуы;
2021 жылғы ұшу сағаты – 189 сағаттан кем емес;
Тапсырыс берушінің шұғыл тапсырысын орындау үшін жанармай қорының болуы.
Жалпы ШҚО әкімі Даниал Ахметов ұшқанды жақсы көретін сияқты. Ұшқанда да арабтың шейхтерінше сән-салтанатпен ұшқанды тәуір көреді деген әңгіме құлағымызға жеткен. Өйткені былтыр 12 наурыздан бастап күзге дейін тікұшақ жалдауға 86 182 895 теге шығындаған. Ал биыл тікұшақ шығынының өскенін көріп отырмыз.
Жуырда ол «Ұлы дала алтынын арқалап», Ұлыбританияға барып келді. Ағылшындарға ШҚО-дағы сақ қорғандарынан табылған алтындарды көрсетіп қана қайтқан жоқ, атшы-қосшысымен бірге кернейлетіп-сырнайлатып қайтты.
Осы сапарға байланысты Nege.kz порталы облыс әкімі Д.Ахметовтің атына ресми сауал жолдаған. Жауап кешіккеніне қарағанда, әкімнің жасырған бір құпиясы бар сияқты…
Қош, сонымен, ШҚО әкімдігіне тікұшақ керек пе? Әрине, керек! Аты-жөні ел аузына мұнда ғана іліккен бай-бағландар Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің тікұшағымен саятшылық жасап жүргенде «кәрі қасқыр» Д.Ахметов баратын жеріне НЕГЕ тікұшақпен бара алмайды?
Айталық, Ахметов Күршім ауданына көлікпен де жете алады, бірақ оған көлікпен бару – ұят! Көрген жұрт не айтады? Тіпті болмаса Аягөзге әлдебір жұмыспен ұшып келе жатып, жолай НЕГЕ ит-құсқа саятшылық құрмасқа? Министрліктің тікұшағын қалаған кезінде аңға мініп кете беретін әлгі «боқмұрындардан» қалайша қалып қоймақ?! Облысты араламаса да, тікұшақ көз алдында тұрсын! Талап солай. Жоқ дегенде, құдалыққа мініп бара салады. Кімнің қайда ұшып бара жатқанында жұрттың не шаруасы бар?!
Д.Ахметов ұшу үшін мезгіл немесе уақыт таңдамайтынын әкімдік жариялаған лоттан байқадық. Ендігі мәселе – оның қайда және не үшін ұшатынында. Алдағы уақытта Ахметовтен мұны да сұрайтын боламыз.
[:]