АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс: Асқар Егеубаев публицист

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

 

Журналистика факультеті

Мерзімді баспасөз кафедрасы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Асқар Егеубаев- публицист

 

Жоғары оқу орнын бітіру үшін

қорғалатын вакалавриаттық

 

 

 

 

 

 

 

 

                                    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Алматы, 2009

МАЗМҰНЫ

 

Кіріспе

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

Әрбір журналистің бүгінгі күнгі жанкешті еңбегі – ертеңгі ел тарихы. Бұл үрдіс сонау ертедегі жазу-сызу пайда болған күннен бастап жалғасын тауып келеді. Бағзы замандардан бізге жеткен балбал тастардағы жазбалар – тарихымыз бен мәдениетіміздің, рухани дүниеміздің қазынасына қосылған қаймағы қалың, құнарлы  мұралар. Отандық баспасөз беттерін парақтап көрсек, елдің кешегісі мен бүгіні, ертеңі менен келешегі сара жолдай сайрап жатыр. Біздің осы өмір сүріп жатқан дәуірімізді ақпарат ғасыры деп ерекше әспеттеп жар салып жарнамалаймыз. Сонымен қатар жаһандану деген жаңа түсінік пайда болып, әлемдік ақпарат кеңістігінің өрісі кеңіп, дүниенің төрт бұрышындағы жаңалықпен танысуға мүмкіндік туды. Осындай ақпарат тасқынының толассыз ағынына төтеп  беру үшін жаңалық пен  хабарды екшеп қабылдап, асылдан жасықты айыра білетін білік пен талғампаздық тағы да қажет болады. Осы орайда қоғамдық сананы, қоғамдық ойды қалыптастыруға публицистер еңбегі елеулі қызмет атқарады. Сондықтан мен бітіру жұмысымның тақырыбын «Асқар Егеубаев – публицист» деп алдым. Бітіру жұмысының негізгі тақырыбына көшпес бұрын ең әуелі публицистика мәніне тоқталып, түсінік бере кеткенді жөн санадым.

Публицистика ұғымына ғасыр басында алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов көсем сөз деген балама беріп: «Көсем сөз шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатпен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырылатын жері – шешен сөз ауызша айтылады, көсем сөз жазумен айтылады. Көзем сөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсем сөз деп аталады. Көсем сөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып істеу ыждағатымен айтылады» деп оның  қоғамдық маңызын дәл анықтаған болатын [1,48]. Көсемсөзшілер дәуірдің ең бір өзекті мәселесін, көкейтесті ісін шешудің жолын қарастырып қоғамға ой тастап, саналы салмақты сөз қозғайды.  Әрбір қоғамның озық ойлы азаматтары өзі өмір сүріп отырған орта жайында ойланып, толғанып ой қорытпай тұра алмайды. Мұндайда публицистиканың атқаратын міндеті мен маңызы дардай қомақты. 

Сонымен қатар публицистер өзі өмір сүріп отырған дәуірдің ақиқат, шындығын айнытпай беріп, оны көркем оймен суреттеп көрсетеді. Көсем сөз зергерлері өмір құбылыстарын факт, детальдарды шығармашылығына арқау ете отырып, рухани, әрі ғылыми ойлар айта біледі.

Публицистика жөнінде осы саланың мамандары мен ғалым профессорлары өзіндік анықтамаларын берді. Осы салада алғашқылардың бірі болып қазақ тілінде еңбек жазған профессор Т. Амандосов аталмыш түсінік туралы былай: «Публицистика – өмірдің сырлы суреті. Публицистика арқауы – шындық… Публицистика адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастардың көрінісі деген сөз, яғни өмірдің әлеуметтік, саяси-экономикалық, өндірістік, ғылыми және рухани, тағы басқа құбылыстарын, өмір фактілерін байыптап – түсіндіріп береді» дейді [2,128].

Көсемсөзшілер жалаң факті, құрғақ насихат пен ештеңе өндіре алмайды. Ол әрбір құбылыстың саяси, әлеуметтік мәнін аша тұрып, парасаттылықпен бағамдауға тиіс. Сөзімнің дәлелі ретінде белгілі ғалым Т. Қожакеевтің публицистика туралы пікіріне жүгінсем: «Публицистика белгілі бір болмыс – құбылысты тек әлеуметтік, саяси жағынан ғана алып бағаламайды, оны практикалық, рухани, моралдік, парасаттық жағынан да талдайды. Демек, ол өмірді, адам әрекетін бір-бірімен байланыста, өз-ара бірлікте алып қарайды.

Публицистика нақтылы өмірден алып отырған мәнді оқиға-фактілер төңірегіндегі пікірді қозғап, сол туралы дұрыс ұғым қалыптастыруға ықпал жасайды. Яғни, публицистика – фактінің, нақты оқиғаның жанры» дейді [3,127]. Публицистика жөнінде көптеген ғалымдар мен теоретиктер өз анықтамаларын ұсынып, тұжырым жасаған. Жоғарыда келтірген үзінділер сол негізгі анықтамалардың бірнешеуі ғана. Осы ғалымдардың пайымдары мен анықтамаларындағы айтылған негізгі элементтер Егеубаев публицистикасының кез-келген саласынан кездестіреміз. 

ХХ ғасыр басындағы Алаш көсемдері мен ұлт серкелері көсем сөзді қару етіп, халқына көп ой айта білді. Сол кезеңдегі ұлт зиялыларының кез-келгені көсем сөздің әккі шеберлері болды. Олардың барлығы да сөз ұстаған, тіл білімі саласының мамандары емес екені де тарихтан белгілі. Бұған қарағанда публицистика мамандық талғамайтын әмбебап кәсіп деуге де болады. Тағы да бір ерекше атап айтар мәселе сол алыптар шоғырының барлығы жан-жақты, әмбебап тұлғалар еді. Сонау алмағайып заманда өмір сүрмегенмен кеңестік жүйе мен тәуелсіз Қазақстан таңын қатар көрген Асқар Егеубаев әмбебап қаламгер еді. Бұл жөнінде қаламдас серігі Жүрсін Ерман пікірі мынадай: «Әмбебаптардың заманы өтіп кеткенін әбден жақсы білетін Асқар біле тұра, әмбебап болуға талпынды» [4]. Талпынғанына сай Егеубаев әмбебаптық қасиетке ие болып, сөз өнерінің бірнеше шыңын бағындырды. Ол – ақын, ғалым, сыншы, публицист. 

Асқар Құрмашұлы Егеубаев 1950 жылы 6-наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының орталығында дүниеге келген. Ол 1974 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітіріп, аспирантурад оқиды. Көрнекті ақын, әдебиеттанушы-ғалым, аудармашы, филология ғылымдарының докторы Асқар Егеубаевтың еңбек жолы Зайсан ауданындағы Үлкен Қаратал мектебінде мұғалім болудан басталады. Одан кейінгі жылдары Марқакөл аудандық «Шамшырақ», Зайсан аудандық «Достық», «Қазақстан коммунисі» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аппаратында жауапты қызметтер атқарған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының мәдениет тану бағдарламасының жетекшісі, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі секілді жауапты қызметтерде еңбек етті.

Асқар Егеубаев еліміздің әлеуметтік және мәдени дамуына қосқан үлкен үлесі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Құрмет орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ол Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Жастар мен студенттердің бүкіл дүниежүзілік ХІІ фестивалінің лауреаты, Түркі дүниесі поэзиясы фестивалінің, Халықаралық Жамбыл қоры сыйлығының, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері.       

          Бітіру жұмысының мақсаты.       Асқар Егеубаев публицистикасын зерттеп, бір жүйеге келтіріп, ғылыми айналымға енгізу. Мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген жарияланымдарын елеп екшеп, қазақ публицистикасындағы ғалымның өзіндік қолтаңбасын анықтау.

Бітіру жұмысының мазмұны. Кіріспеде «Асқар Егеубаев – публицист» тақырыбының өзектілігі, дипломды жазудағы мақсат айқындалды. Сонымен қатар ғалымның өмірі, публицистика туралы түсініктің мәні мен маңызы ашылды.

          Негізгі бөлімнің І тарауы екі тармақшаға, яғни І.1. «Асқар Егеубаев публицистикасындағы тәуелсіздік тақырыбы», І.2. «Тұлғалар бейнесінің Асқар Егеубаев публицистикасындағы көрінісі» деп бөлінген. Ал, ІІ тарауы

да екі тармақшаға бөлініп ІІ.1. «Егеубаев ғылыми публицистикасындағы тарихи мұралардың         зерделенуі» мен ІІ. 2. «Публицистің әдеби сын саласындағы еңбегі» деп аталады. Бұл тарауларда Асқар Егеубаев еңбегінің қазақ публицистикасындағы алатын орны мен рухани қазынамызға қосқан салмақты шығармалары сараланады. Мұнда тәуелсіздік ұғымына қатысты жазған публицистикалық жазбалары мен ұлтқа танымал тұлғалар бейнесін айқындаған мақалалары қамтылып, талданды. Сонымен қатар күллі түркі жұртына ортақ құнды жәдігерлер жөнінде толғаныс пікірлері мен ұлттық ой-сананың қалыптасуына әсер ететін сын еңбектеріне де тоқталдым.         Дипломдық жұмыстың соңғы бетінде сілтемелер мен пайдаланған әдебиеттер тізімі көрсетілген.

Тәжірибелік құндылығы. Диплом жұмысын жоғары оқу орындарының студенттері көмекші құрал ретінде қолдануына болады.

Зерттеу әдісі. «Асқар Егеубаев – публицист» тақырыбын ашуда талдау, саралау, салыстыру әдістері қолданылды.  

            Диплом жұмысының ғылыми-әдістемелік негізі. Біз бітіру жұмысына негізінен Асқар Егеубаевтың тәуелсіздік алғаннан кейінгі әр түрлі қазақ тілді басылымдарда жарық көрген мақалалары мен ғылыми еңбектерін басшылыққа алдым. Қосымша әдістемелік ретінде: Т. Қожакеевтің «Жас тілшілер серігі», «Жыл құстары», Т. Амандосовтың «Публицистика – дәуір үні», «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы», Б. Жақыптың «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары», Т. Бекниязовтың «Журналистің шығармашылық шеберлігі» секілді еңбектерін пайдаландым.

Диплом жұмысының жаңалығы. Ақын, сыншы, ғалым ретінде қалың оқырманға танымал Асқар Егеубаевтың тағы бір қыры бұл зерттеу жұмысы барысында ашылды. «Асқар Егеубаев – публицст» деген тақырыпен қаламгердің көсем сөз саласындағы еңбектері жүйеленіп, ретке келтірілді. Осы уақытқа дейін ғалымның публицистикалық туындыларын зерттеп, топтастырған арнайы жұмыс болған жоқ. Диплом жұмысының жаңалығы осында.

Бітіру жұмысының көлемі. 33 бет.

          Жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, негізгі бөлім екі тараудан, қорытындыдан, сілтемелер мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І тарау.

І.1. Асқар Егеубаев публицистикасындағы тәуелсіздік тақырыбы

 

Өзі өмір сүрген дәуірінің белді де белгілі публицтерінің бірі – Асқар Егеубаев. Баспасөздегі әуелгі қадамдарын сын саласында бастаған ол шыныменде көп қырлы талант еді.

          Егеубаев публицистикасы – жалаң ақпарат пен жасанды насихаттан тұратын уақытша өтпелі құнсыз дүниелер емес,  қоғамның бүгіні мен ертеңіне қажетті маңызын жоймайтын салмақты дүниелер. Екі бірдей қоғамдық жүйені бастан кешірген қаламгер тәуелсіздік жылдарында қалам қарымы бұрынғыданда  аршындап, көсіліп жазып, көп ойлар айта білді.

Сонау сексенінші жылдары жас Асқар дүркін-дүркін талдау мақала, ғылыми еңбектер жазып  қалың қауымға сыншы ретінде кеңінен танылған еді.

          Тәуелсіз қазақ баспасөзінде Егеубаев қолтаңбасы тағыда өзіндік бет-бейнесімен танылып,  жаңа бір қырларын ашты. Оның күллі түрік дүниесіне ортақ тарихи мұраларды аударып, қазақ оқырмандарына ұсынуы, әрі осы тарихи еңбектер жөніндегі жазған публицистикалық жазбалары Тәуелсіз Қазақстан баспасөзінде айрықша салмақты дүниелер, әрі соны тақырып болып есептеледі.

          90-жылдардағы қазақ баспасөзінде көрініс тапқан негізгі әрі қазақ үшін өте маңызды тақырыптардың бірі – тәуелсіздік туралы еді. Міне, дәл осы тақырып төңірегінде Асқар Егеубаев та қалам тербеп, елдің ертеңіне көз жүгіртіп, шаңырағының шайқалмауы үшін қандай шаралар атқарылуы керек екендігін барынша бағамдап, оқырманға жеткізе білді. Қазақ халқының өшіп бара жатқан мәдени мол қазыналарын, қайта жаңғыртып, ел намысын оятуға рухани серпіліс жасау жолында қажыр-қайратын аяған жоқ. Кезінде ХХ ғасыр басында алаш арыстары «Оян, қазақ» деп ұрандаса, Асқар «Ойлан, қазақ» деп елдің елдігін, ұлттық рух, ұлттық мүдде мен мәдениетін сақтап қалу жолында барша қазақты ойлануға шақырды. Көптеген тарих бетіндегі ақтаңдақтар мен ұлт тағдыры, қазақи сананың қалыптасуы сияқты өзекті мәселелер жайында жазған еңбектері баспасөз бетінде үнемі жарық көріп отырды. Енді мен сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жазылған мақалаларының біразына тоқталып, барынша талдап, саралап бағайын.        

          Асқар Егеубаев публицистикасының өзіндік бір қыры деп алып қарауға тұрарлық тақырып – тәуелсіздік ұғымы. Бұл – барша қазақ үшін ыстық, әрі маңызды, қасиетті ұғым. Осы тақырыпты жазғанда біздің авторымыз өзіндік ерекше бет-бейнесімен қалам сілтейді. Мүмкін ақындығына басатын болар. Ұшқыр ойлар мен жалынды тіркестер жаныңды тербеп, жүйкеңді серпіп өтеді. Мәселен: «Сахара қазағы ықылымда тәуелді болып көрген жоқ. Тарпаң болуы, бұла болуы хақ, тәуелсіздік тумысынан жат. Әсілі, адам баласы жаратылысынан тәуелсіз жаратылған. Тәуелді болу… жаратылыстың жарасымына, бір жаратқан иесіне тәуелділік» деп қазақ оқырманының қаншама ғасырдан бері жалғасып келген түз тағысына сай тарпаң мінезін оята кетуді мақсат тұтады [5]. Сахара серілерінің тікелей ұрпағы қазақтың еш уақытта ешкімге тәуелді болмағандығын, қанда бар қасиет екендігін автор бүгінгі ұрпаққа осылай жеткізеді. Бұл пайым бойынша қазақ тек бір ғана ұғымға тәуелді. Ол – жаратқан иесі. Журналист тәуелсіздік ұғымын барлығынан биік қояды. Осыған орай автордың тәуелсіздік туралы мына бір ойын үзбей мысалға келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. «Біз үшін: Тәуелсіздік – Ту, Тәуелсіздік – ауа, жер-су, Тәуелсіздік – ел дәулеті. Сондықтан да шығар, менің тәуелсіздігім – қазақтың тәуелсіздігі – қанды қыздырып, жанды қинардай күрделі, қатпарлы түсінік. Бұла қазақ баласында кіріптарлық, тәуелділік, тәуелсіздік ұғымының әмбеден болмағандығында шығар, ендігі кезекте тәуелсіздіктің қадірі артып тұр. Тәуелділік шідері адымды аштырмай, шыр айналдырып қойғандықтан шығар, Тәуелсіздік қазақ тірлігінің жұлын-жотасы сынды сезіліп тұр. Арқан мен тұсаудан шыққалы небәрі тоғыз жыл. Ол – күнтізбелік жыл» деп елдің егемендігін сақтап қалудың өзектілігін алға тартады [6].  Иә, әрбір қазақ осылай ойласа, осылай рухтанса дейсің. Қаншама ғасыр бабаларымыз армандап өткен тәуелсіздіктің мән-маңызы әрі оның құны жайында саналы құлаққа сіңетіндей салмақты әрі сарабдал тұжырымдарын жеткізе отырып, былай: «Тәуелсіздік көктен түспейді екен… Соны білдік. Тәуелсіздік хатпен келмейді екен… Соны аңғардық» деп тағы да ерекше мән беріп, сөз түйеді. Бүгінгі ұрпақты білектің күшімен, найзаның ұшымен ұлтарақтай жерін қорғап келген ата-бабаның арманы болған тәуелсіздіктің мән-маңызы, қадір-қасиетін бағамдай білуге шақырады. Екі ғасыр тоғысында тұрып, тәуелсіздіктің тоғыз жылдығына байланысты жазған мақаласында автор неше буын ұрпақтың санасына сіңіп кеткен тәуелді сананың да бар екенін жасырмайды. Құжатта тәуелсіз деп жарияланғанмен адамдар санасында басқаларға жалтақтау, үреймен қарау болатынын айтып, ендігі жерде санамыз бен ойымыздың тәуелсіз әрі бағынышсыз болу керектігін атап көрсетеді. Тәуелсіздіктің аспаннан түспегендігін, оны ұлт болып, халық болып жұмылып, түзіп жатқанын қаламгер анықтап айтады. Мақала соңында былай: «Тәуелсіздік… Өкіндірмейтін тоғыз жылдық өмір! Өз тағдырымыз. Қуанышты жетістіктер де өзіміздікі, қазақтікі, сүріністі сәттер де өзіміздікі, қазақтікі. Тәуелсіздік – тұғырың, біліктілік – жұлының» деп ой қорытады. Демек, қаламгердің айтары анық. Ол Тәуелсіз Қазақстан ұғымының артында қазақ тұрғандығын осылай жеткізеді. Бұл тұрғыдан қарағанда әрбір мемлекеттік ірі маңызды оқиға немесе атқарылған істің астарында ұлттық мүдде тұратындығын да байқау қиын емес.

          Уақыт керуені алға жылжиды. Алға жылжыған сайын өзгертулер, жаңалықтар пайда болып, қоғамға кірігіп отырады. Әр қоғамның озық ойлы, ұшқыр қиялды саналы азаматтары бар. Осы топтың қатарында публицистердің орны қашанда даяр тұрады. Ұлт үшін, халық үшін санасын сарқып, сөз мәйегін ұсынған өткен ғасыр басындағы алаш көсемдерінің ізін жалғастырушылардың көбісі – көсемсөзшілер. Кеңестік кер заманда да публицистер ұлттың жоғын жоқтап, қанатымен су сепкен қарлығаштай талай шарқ ұрды. Тәуелсіз Қазақстан баспасөзінің көшбасында із қалдырған көсемсөз шеберлерінің қатарында Асқар Егеубаев та тұр. Бұрынғы, соңғы көсемсөз шеберлерінің салып кеткен сара жолы Асқар Егеубаевты да өр мен ылдиға кезек тартады. Тәуелсіздігін жаңа ғана алып, тәй-тәй басқан жас мемлекеттің ертеңі үшін елеңдеп, ой түйіп, сөз қозғайды. Талай дәуренді басынан өткізген халқымыздың жаңа ғасыр табалдырығын аттардағы алмағайып сәтіне былай: «Күні кеше ат құлағында ойнаған Ұлы сахара жұрты ұстараның жүзінде ойланып тұр. Тұлпардың жалында жалындап, Алтайдың шаңын Балқанға қосқан Қобыланды, Алпамыстардың ұрпағы ұстараның жүзінде қылпылдап күн кешкен алмағайып сәттер» деп елегізеді   [7].  Тарихты, ұлттық рух пен мәдениетті жетік меңгерген қаламгер қазақтың өткені мен бүгініне дейін жүрген бұралаң жолдарын ескере отырып, өткен ғасырдағы қазаққа қатысты қате қадамдарды желтоқсан оқиғасының түзетіп кеткендігін ескертеді. Біз желтоқсанның үш күнінен кейін жетпіс жылдық тарихымызды басынан қайта бастап жатқандаймыз.   

«Егемен Қазақстан» газетінің 1999 жылы 20-желтоқсандағы санында Асқар Егеубаевтың «Қауіп-қатерге қазақтың дауасы – ұлттық рух немесе Абылай ханның қазаққа әкелген жеңісінің қызығын ұзақ көре алмадық, бүгінгі жеңісіміз баянды болар ма екен?» атты мақаласы жарық көрген екен. Мақалада автор тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылғы халыққа жолдауын оқығаннан кейінгі түйген ой-пікірін сөз етеді. Бұл мақаланың басынан-аяғына дейін тәуелсіздік рухында жазылғанына көз жеткізуге болады. Мақалада ел тарихы, ұлт тағдыры, мемлекет болашағы туралы маңызды мәселелер қозғалады. Егемен ел өміріндегі шешімін табуға тиіс өзекті проблемалар көтерілген. Журналист Елбасының: «Бүгінде оқшауланушылық саясаты, әсіресе, Қазақстан үшін жеңіліспен тең. Ұлт пен мемлекеттің аман қалуының жалғыз жолы – экономиканы ашық ұстау, әлемдегі қуатты экономикалық аймақтармен ықпалдаса араласып-құраласу» дегенін қолдай отырып, ұлт болып қалу үшін қандай қадамға бару керектігін алға тартады [8]. Зерттеуші, ғалым Т. Ыдырысов «Публицистика – жазушы мен журналистің әлеуметтік пікір айтуы, күнделікті өмірге, әр қилы қоғамдық шабытпен терең ой топтап, жұртшылықты белгілі бір оқиғаға, құбылысқа ерте еліктіре білуі. Екінші сөзбен айтқанда, публицистика дегеніміз – саяси-көркем проза, қаламгердің әлеуметтік мәселелерді толғауы» деп баға берген болса, онда төменде біз мысалға келтіргелі отырған үзінді дәл осы үдеден шығады. [9]. Асқар Егеубаев ұлттық рухы, ұлттық мәдениеті жоғары елдің ешқашан тарих сахнасынан сызылып қалмайтындығын сөз етіп, Римнің күйреуін мысалға келтіреді. «Мәдени гедонизм Римнің күйреуіне соқтырды. Ал, ежелгі өркениетте Рим самғауындай самғауды басқа ешбір ел бастан кешіріп көрген емес. Сол ұлы шарықтаудың қанатын қайырған өнер мен мәдениетті кең жайлап алған парықсыз ләззатшылдық еді» деп тарихқа көз жүгіртеді [10]. Расыменде, әлемде шексіз билікке жетіп, қаншама жер, мал-мүлікке ие бола тұра мәдениеті төмен, рухани тоқыраған империялар мен патшалықтар тағдыры баянды болмағанын тарихтан білеміз. Елдіктің тұғыры – жоғары мәдениет. Мемлекеттіліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлы күш – рухани қуат-жігер, елдік парасат, таным. Сайып келгенде, автордың ұлттық рух пен ұлттық мәдениеті биік елдің болашағы бекем болады деген ойын аңғару қиын емес. Жаһандану кезеңіндегі ашық қоғамда әлемдік басқа мәдениеттер мен аралас-құралас болмай отыру мүмкін емес. Өзге мәдениет пен ағымдар біздің есігімізді қақпай, еркін енуге мүмкіндігі бар. Себебі, біз демократиялық бағыттағы ашық әрі еркін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Осы орайда әрбір ұлттың немесе халықтың ұлттық рухын, мәдениетін сақтап қалуы маңызды іс-әрекет болмақ. Жоғарыда автор дәлел келтіргендей мәдени азғындау ұлт пен халықты байырғы формасынан айырып, өзгелерге сіңіріп, дүбәра етіп жіберу қаупі бар. Сондықтан да ХХІ ғасырға аяқ басқан ашық қоғамдағы жас қазақ мемлекеті байырғы қалпын сақтап қалу үшін бабалардан жалғасқан салт-дәстүр, мәдениет, ұлттық рухты бекем ұстауы абзал.  

Асқар Егеубаев қоғамда болып жатқан ірілі-ұсақты өзгерістер мен жаңартуларға өзіндік сарабдал ой-пікірлерін білдірмей қалмайды. Бұл – нағыз публицистикаға тән қасиеттердің бірі. Бауыржан Жақып «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» атты еңбегінде публицистика туралы: «Публицистика белгілі бір күннің, белгілі бір дәуірдің тарихын сол күннің, сол дәуірдің саясатымен, философиялық көзқарасымен байланыстыра отырып жасайды. Ол қоғамдық мәселелерді сырттай емес, өмірмен, тәжірибемен ұштастыра отырып баяндайды. Публицистика дегеніміз – заман тарихы, дәуір тынысы, өмір шежіресі. Шежіре болғанда да күнделікті тіршіліктің рухани бейнесі, жанды көрінісі» деп ой қорытады.    

Елбасына күн туған сонау зобалаң жылдары да, кеше ғана келмеске кеткен кеңестік кезеңде де халықтың сөзін ұстап, мұңын мұңдаған ақындар мен жазушылар болатұғын. Қазақтың рухани дүниесінің қарашаңырағы болған жазушылар одағы жайында алып-қашты әңгімелер көбейіп, баспасөзде түрлі пікір-таластар туындағанда да қаламгер аталмыш ұйымның салмағы мен маңызы жөнінде өз пікірін бірнеше рет жариялады. «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 28 мамырда жарық көрген «Ұлттық сананың ұйытқысы» деген шағын мақаласында да дәл осы Жазушылар одағы турасында сөз қозғаған. Автор: «Жазушылар одағы талай толқынның басын қосты, қаламгерлік мектеп түзді, тәлім жүргізді. Университет қабырғасынан бірден барған менің де шығармашылық тағдыр жолым сол ортада жалғасты. Алыптардың соңғы тұяқтарының алдын көрдік, сөзін түйдік, дарынды ағаларымыздың ортасында өстік… Суреткерлік мектеп қана емес, адамшылық академиясы» деп аталмыш ұйымның халық үшін, ұлт үшін қаншалықты қажет екендігін барынша түсіндіреді[11]. Бұл мақалада қазақтың рухани қазынасын жан-жақтан жиыстырып, топтап, қаншама халық ақындарының қыруар мұраларын хаттап, кітап етіп бастырып шығаруға үлкен үлес қосқан Мәриям Хакімжанованың еңбегі жайында да сөз қозғайды. Әрине, қазақтың халық қазынасын жиыстырып, оны бір ізге келтіріп, кітап етіп басып шығару – халық мәдениетін қамқорлыққа алу тұрғысындағы теңдессіз еңбек. Қаламгерлердің басын қосып, бір жүйеде ғасырға жуық уақыт  топтастыра жұмыс жасаған Жазушылар одағының ұлт тарихындағы орны мен қаламгер ұстанымы жайында былай деп ой топшылайды: «Қазақ үшін қайсарлықпен қайрат көрсеткені де рас, қазақтың небір жайсаңдары жайқалып кеңес құрғаны да рас. Соның барлығы ұлтымыздың мәртебелі тарихы. Қазіргі тәуелсіз заманның, жаһандық арпалыстың тұсындағы талап та, мақсат та биік, бағдар да қатпарлы. Бой түзеп, жол табу да жаңғыру үрдісімен егіз жүрсе керек. Қаламгерлердің қалай дегенде де ұлттық мүддені ұстанбағы кәміл. Өйткені, қазақ қаламгерінің қазақтан өзге сөзі де жоқ» [12]. Аталмыш ұйым мен оның құрамындағы қаламын қару еткен ағайындардың ұлт, халық мүддесі үшін талай кеңес құрып, жол тапқанын, сонымен қатар адасқанын да тілге тиек етеді. Дәл осындай алмағайып, аумалы-төкпелі дәуірде жол тауып, бір жүйеге түсіп кету де оңай іс емес екендігін және де қазақ қаламгерінің қазақтан өзге сөзі жоқ екенін баса айтады.

          Қоғамдық жүйе өзгеріп, рухани қазынаға селқос қарайтын буын қалыптасқан дәуірде халық мәдениетін сақтап қалудың жолын қарастырып, қаламгер шарқ ұрады. Жоғарыда айтқанымыздай, ұлттық әдебиеттің үлкен шаңырағы – Жазушылар одағының қажеті бар ма, жоқ па деген сауалдар туындап жатқанын тілге тиек ете келіп, тағы бір мақаласында былай дейді. «Глобализацияны жаһандасу деп жүрміз. Сол ғаламдық қан көбелек құйынға жаяу-жалпы кірген қазақ баласының ұлттық, елдік әрі-беріден соң этникалық тұтқасын сақтай аларлық бір рухани күш-қуат бар ма дегенде, исі қазақ баласын кіндігінен жалғайтын кіріктіретін рух қазақ қауымы үшін ұлттық әдебиет демекпіз» [13]. деп кітап оқудан гөрі компьютер ойынына жақын ұрпақтың қалыптасып келе жатқанын ескеріп, рухани қазынамыздың негізгі кіндігі ұлттық әдебиетте жатқандығын ескертеді. Автор Қазақстан Жазушылар одағының тапсырысы бойынша жыл қорытындысында баяндама жасау міндетімен баспадан жаңа шыққан кітаптармен танысқандығын айтып, жүз кітаптың жарық көргеніне қарап, әдебиет бар екендігіне және де оның осылай жалғаса беретініне сенеді. Жыл сайын қаншама жас буын әдебиет толқынына өз үні, өз бағытымен қосылып жатқандығын қуана баяндайды. Халық бар жерде оның рухани қазынасы өшпейтіндігін әдебиетке жыл сайын қаншама жас буынның қосылып жатқандығымен дәлелдей келіп, автор осы қаламгер қауымның басын қосуға тиіс Жазушылар одағының уақыт талабына сай көшке ере алмай отырғанын да жасырмайды. Бұл туралы журналист былай:«Жаңғыру, жаңа заманғы қатынастардың өзегін ұстап, тамырын басу жазушыларға, Жазушылар одағына оңайға түспей-ақ жүр. Оның атын өзгерту, әдебиет академиясы деу керек дейтіндер де жоқ емес. Бұл да дұрыс делік. Бірақ мәселе атында емес, затында» деп атын өзгерткенмен, заты өзгермейтінін жеткізеді [14].  Жазушы деген білікті кәсіп иесі екендігін атай келіп, бірақ ол қоғам қажетіне жарамаса одан өткен үрейдің жоқ екенін де ескертеді. Қаншама қаламгерлер кітап шығару ісінде үлкен қиындыққа тап болатынын баян ете отырып, автор атағы дардай жоғарыдағы ұйымның осындай күрделі істермен заман талабына сай айналыса алмағанына өкініш білдіреді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І.2. Тұлғалар бейнесінің Асқар Егеубаев публицистикасындағы    көрінісі

 

         Әдебиет айдынына  сыншы әрі ақындық деген қос ескекті қатар ұстап, еркін жүзіп келген А.Егеубаев біртіндеп тереңдей малтып ғалымдық ауылына да атшалдырады. Еңбек нәтижесіз болған жоқ.  Бұл саладағы ғылыми еңбектері рухани қазынамыздың кемтігін толтырып, кеткенін келтіруге әжептәуір елеулі үлес қосты. Ғылыми тақырып жөнінде сәл кейінірек әңгімелейміз.

Егеубаев публицистикасының елеулі бір саласы – тұлғалар портретін сомдауы. Мұнда тек сыншылық бағыттағы әдеби дүниелерге ғана баға берумен шектелмей ұлт үшін жұмыс жасаған  ұлы тұлғалардың адами бейнесін ашуға да мән береді. Әдебиет пен мәдениетте өзіндік ізін қалдырған халық қалаулыларының өмірдегі шынайы бейнесін суреттесе, Абайдай ұлы кемеңгер еңбегіне тәуелсіз қазақ көзқарасымен қарап тереңдей үңіліп жаңаша баға береді.

          Хакім Абай жайында қазақтың қалам ұстаған талай майталмандары мен әлемдік деңгейдегі өзге ел өкілдері де өзіндік ой-пікірлерін жазып қалдырған. Ал біздің авторымыз бұл тақырыпқа тағы бір қырынан келіп, жаңаша тұжырым жасайды. Біздегі ұлттық рухани көсемдердің еңбегін бағалауда әділ таразыламай, «бұл мұндай ойды батыстан үйренді, шығыстан алды, бәленшеден көшірді» деп жасанды, жалған тұжырым жасаушылар болғанын атайды. Яғни бұл ұлттан мұндай даналық қайдан шықсын деген мекерлік болды дей келе «Абайға келгенде бұл мекерлік қисыны жүре қоймайды. Абайдың қара сөздері Қазақ даласындағы өз тұсындағы хал-күйін жетесімен жете танып, нақты тарихи ахуалды саралап, өткен-кеткенді барлап білуден туған әлеуметті шығарма. Қазақ халқының ұлттық санасын жаңа сатыға көтерген, қайта бір жаңғырта қалыптастырған таным мектебі» деп кемеңгер тұлғамыздың ақыл-ой еңбектері туған топырағынан нәр алып, көктеп жеміс бергенін дәлелді түрде баян етеді [15].  Асқар Егеубаев ғылыми әрі публицистикалық еңбектерінің бір саласын Абайтану бағытына арнағандықтан, данышпан ақын жайында жаңаша көзқараспен соны пікір ұсынуға әбден лайық. Тумысынан еңбекқор әрі талантты қаламгеріміз бұл сала бойынша көптеген мақалалар мен ғылыми еңбектері баспасөз бетінде және жеке ғылыми кітаптарында жарияланған. Абай жөнінде айтқанда оның шығармаларының халықшыл, мемлекетшіл қырларын ұлттың рухани мектебінің бастауы екенін әлемдік деңгейдегі даналар қатарындағы дара құбылыс екенін жан-жақты дәлелдеп түсіндіреді. Сонымен қатар тәуелсіз қазақ елінің оқырмандары Абайды жаңаша қырынан танып, ерекше түйсіну қажеттігі уақыт талабынан туып отырған әңгіме екенін айтқан. «Ұлттық сананың ұлан асу, ұлы құбылыстары» деген мақаласында ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың жаңаша қоғамға көшу алдындағы дүрбелең сәттегі Абай тұлғасы мен одан бес ғасыр бұрын өмір сүрген, қазақ хандығының іргетасы құралған дәуірдің шайыры Асанқайғы екеуін салғастыра зерттеп, даналардың сөзіндегі үндестік пен тұтастықты саралап, жазған. Асанқайғы дәуірінде де қазақтың негізгі мұңы мен жыры Ел мен Жер болса, Абай даналығындағы сөз өрнегінде де осы тақырып негізгі міндет атқарады. Аңызға пара-пар Асанқайғы бейнесі желмаяға мініп жерұйықты іздеп, мәңгілік халқына құтты қонысты іздеуімен қалыптасады.  «Қазақ елінің аңсарлы  арманының бүтін де бірегей бітіміне айналған  Асанғайғы тұлғасының қыр-сыры мен ойшылдығы әлі де тереңнен талданып, тарихи сараптаудан өтетіні күмәнсіз. Қазақ халқының тарихи  ұлттық санасының бір айтулы белесі осы Асанғайғы танымы мен даналығы. Дала философы,  қазақ жұртының көсегелі көсем сөзін  ұстаған рухани басшысы» деп әлі де болса Асанқайғы еңбегінің түбегейлі зерттелмей келе жатқанын баян етеді [16].  Бұл – тәуелсіз қазақ өкілінің жаңаша көзқараспен, бүкпесіз түйіндеген пікірі. Дала философының қалдырған азғантай тым бағалы әдеби әрі ақыл ой-мұрасы бүгінгі буынның және де болашақта рухани темірқазық болатыны айдан анық. Автор Абай мен Асанқайғы арасындағы бес ғасыр алшақтық жатқанына қарамастан рухани тіннің үзілмей келгенін былай: «Бес ғасыр ұлан асу. Даму шартымен қарағанда Асанқайғы мен Абай ойшылдығы арасында ұлы көш керуен, ақыл аса алмас асу жатыр. Ол ұлы асудың ең биік ұшар биігі қазақтың қос данасының дара-дара бітімі» деген ой түйеді      Ұлттың, қара орман халықтың қамын ойлар даналар мен дара тұлғалардың әр ғасырда болғанын біздің авторымыз ескере отырып, сол данышпан кемеңгер ақыл ой асуларының ең басында Асанқайғы мен Абай сияқты ұлылар тұрғанын ерекше атайды. Қазақ хандығының  іргетасы енді ғана қаланып жатқан тұста өмір сүрген Асанқайғы желмая мініп жер шалса, хандық биліктен айрылып, басқару жүйесі ыдырап, рухани аласапыранға түскен сын сағатта Абай тығырықтан шығар жол іздейді. Бұл мақалада автор,  Абай даналығын Шығыс пен Батыстың  біраз ұлыларымен қатар қоя отырып былай деп түйіндейді. «Абайдың қырық бес ауыз сөзі он сегіз мың ғаламның бір уыс түйіні. Дала данасының миы ғана сиғыза алар соншалық ғалам кеңістігін» [17].        Қазақ мәдениетінің көшін ілгері бастаған ерекше тұлғалардың бірі — Өзбекәлі Жәнібеков. Ұлт үшін қаншама жұмыс тындырған осынау асыл азаматтың еңбегі мен адами болмысы жөнінде Асқар Егеубаев бірнеше мақала жазды. Бұл материалдарында Жәнібековтің халық мәдениетін әрі тарихын зерттеп жүйелеуде қаншама шаруа тындырғанын әрі ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігін баян етеді. «Қазақ елінің рухын асқақтатқан Түркістан туралы еңбектер де, мақала зерттеулер де көп. Аңыз, хикаяттар да жетерлік. Сол топырақта жаралып, сол ұлағатты дәстүрді таланттылықпен бұлжытпай ұстанып өткен азаматтар сирек. Сол сирек те дара тұлға — Өзбекәлі Жәнібеков ел көңілінде нақ осындай қасиеттерімен қалатын болар» [18].          Қасиетті Түркістан топырағында туған даналар мен даңқты перзенттердің ел тарихындағы орнын әйгілеуде әрі тарихи Түркістан шаһарының өзіндік дәрежесін белгілеуде Өзбекәлі еңбегінің орасан зор екенін автор баса айтқан. Киелі Түркістандағы Яссауи мазарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде, оның байырғы түсі мен ою-өрнек бейнесін сақтап қалудағы технологияны анықтау сияқты маңызды шаруаларда Жәнібеков тікелей қолғабыс тигізгенін жазады. Өзбекәлі Жәнібековтың азаматтық болмысын әр қырынан бейнелей келіп, оның өзінен бұрынғы ұлт үшін қыруар еңбек еткен аға буын өкілдерін ерекше ілтипатпен құрметтейтінін де ескертеді. Жарық жұлдыздай жарқ етіп ерте өшкен Ғани Мұратбаевтың артында қалдырған еңбегі жөнінде әділ баға беріп, Жәнібековтың басшылығымен оған ескерткіш қойылғанын автор мақаласында баян етеді. «Ұлттық өнердің тұтас бір әлемі айтысты жаңғырту мәдениет министрінің орынбасары болып жүрген Өзбекәлі Жәнібековтің жанашырлығымен басталды, қазақтың бірқатар мәдениет қайраткерлерінің араласуымен ұлт сахнасына көтерілді» деп мәдениеттің әр саласына қамқор болған Жәнібековтің қазіргі телешоу деңгейіне дейін көтерілген айтысқа да ақсап жатқан тұсында бастамашы болғанын атап өтеді [19].   Сонымен қатар ұлт мәдениетіне ерекше еңбегі сіңген Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен «Алтынай» би ансамблінің құрылуы әрі «Арқас» сериясымен этнология және тарихи мұраларды жинап бірнеше кітап етіп бастырғанын автор халық үшін жасалған құнды шаруа деп бағалайды.

          Қаламгерлер ортасында әуелде сыншылығымен танылып, өсіп, қалыптасқан Асқар Егеубаев тәуелсіздіктен кейінгі жылдары таза әдеби сын саласында еңбек жазбағанымен, қаламдас қайраткерлер мен аға буын өкілдеріне қатысты естелік түріндегі публицистикалық еңбектерін мерзімді баспасөз бетінде жариялап тұрды. Бұл саладағы жазбалар – бірыңғай бағыттағы насихаттық немесе жарнамалық дүниелер емес, өзіндік парасат-пайымнан өткен әділ бағалаулар. Өзінен бұрынғы аға буын өкілдерінің бейнесін ашып, әдеби әрі рухани сахнадағы орнын анықтауда, өзіндік мінезін сомдауда автор мүлт кетпейді. Егер әрбір қаламгердің жеке дара өзіндік тілі мен стилі бар десек, Егеубаев публицистикасындағы осынау ерекшелікті атап өтуге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін төменде бірнеше мысал келтірдік. Мәселен, Ғабит Мүсіреповтің қазақ әдебиетіндегі еңбегін жан-жақты бағалай келіп, былай деп бір ауыз сөзбен даралап, бейнелейді: «Мүсірепов мектебі – қазақтың даналық, мінез-парасат мектебі» [20].   Міне, осы сөзден-ақ автордың ойын дәл әрі нақ айта алатынын көруге болады. Бұл берілген баға – қазақ әдебиеті тарихындағы Мүсірепов орнын тап басып, дәл көрсеткен дуалы ауыздан шыққан дәлелді тұжырым. Сөз зергері Мүсірепов жайында төрт-бес беттік мақала жазғанымен, осы бір «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» жазушы бейнесін анық көрсетіп тұр. Мұндай түйіндеулер мен мінездеме әрбір тарихи тұлғаға қатысты жазылған публицистік мақалаларында жиі ұшырасып тұрады. «Бір жылдары ағамыз «Садақтан» басқа әңгіме айтпайтын болып алды. Телефон шалсаң – «Садақ…» Жолға шықса «Садақ…» Тіпті, «Садақ» атты қызғылықты кітабы шыққаннан кейін де біразға дейін аузынан тастамады» [21].    Бұл – «Мұрағат ақтарғанның аруағы үстем» деп аталатын мақаладан келтірілген үзінді. Мақала талай мұрағаттың шаңын сілкіп, батыс пен шығыстың біраз жерлерін аралаған әдебиет зерттеушісі, профессор Тұрсынбек Кәкішевке арналған. Автор бұл материалында Тұрсынбек ағамыздың әдебиет тарихын түгендеуде, ақтаңдақ құрбандарын ақтауда тағы-тағы әдебиет пен мәдениет  олқылығын толтыруға қыруар еңбек еткенін атай келіп, өз саласын ерекше сүйетін ғалым бейнесін осылай көрсеткен. Бұл –  ұлт үшін талай еңбек етіп, ұлылықтың құнын білген данамыздың бала мінезі. Өз еңбегіне, өз ұлтына деген сүйіспеншілік.   

          2006 жылы 6-сәуірде «Әдебиет айдыны» газетінде «Тағлым айдарымен» «Аңыздан туған ұстаз» атты Асқар Егеубаевтың мақаласы жарық көрді. Мақала тақырыбына Совет одағының батыры, ғалым, ұстаз Мәлік Ғабдуллиннің еңбегі, өмірі, сонау сұрапыл соғыс жылдарында көрсеткен ерен ерлігі арқау болған. Бұл жарияланымнан біз Асқар Егеубаевтың қазақтың маңдайына біткен батыр ұлы Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті болғанын білдік. Асқар Мәлік Ғабдуллиндей қазақтың біртуар азаматының шәкірті болғанын мақтан тұта отырып, ұстазын былай: «Аңыздан туған ұстаздың ажары соншалықты жылы. Сөзі соншалықты ұғынықты, әсерлі. Студенттерге соншалықты жақын келе алатын қарапайым. Өзі батыр. Батыр болғанда Мәскеудің түбінде жауды жапырып, Отан қорғаған, қазақтан қара үзіп дара шыққан алғашқы Совет Одағының батыры. Өзі ғалым. Советтер Одағы Педагогикалық академиясының академигі. Профессор. Доктор. Дүниеде көрмеген елі, болмаған жері, қатыспаған мәртебелі, беделді жиыны жоқ, білмейтіні тағы жоқ. Қазақ фольклорының тұғырын қаласып, іргесін бекіткен ғалым, майталман әдебиетші! Ұстазымыз биік еді. Алатаудай асқақ көрінетін, күндей шуақты сезілетін» деп тебірене еске алады. [22]     Сонымен қатар тарихта аты мен хаты қалған батырдың өмір жолын екі кезеңге бөліп қарастырады. Атап айтсақ, соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі ғұмыры. Міне, осы екі кезеңде де Мәліктің талмай еңбек етіп, қазақтың бай рухани қазынасын зерттеп, зерделеп, халқымен қайта қауыштырғанын тілге тиек етеді.

Біздің сыншы, жазушы, қаламгер дейміз бе қалам ұстаған кейбір ағайындарымыз тарихи тұлғалар жайында еңбек жазғанда оған барлық даңқ пен атақты үйіп, төгетіні бар. Кейбір тұлғалардың атағынан ат үркеді. Ұлы, дана, парасатты, кемеңгер т.б. тізбелей береміз. Ал Асқар Егеубаев пайымында сәл өзгешелеу. Кім туралы, нені жазсада қоғамдағы, тарихтағы өз орнын дәл тауып, тиісті атақ-дәрежесімен нақты баламасымен дәлелдейді. Әрбір тұлғаның тек өзіне ғана сай мінезі, еңбегіне сәйкестіріп баға береді. Барлық атақ-даңқты бір тұлғаның басына үйіп-төге бермей, өзінше, жеке-жеке даралап, бағасын берген. Мәселен, біреуін – дана, кемеңгер, біреуін –  парасатты, біріне «қайтпас қара нар», енді біріне – қайсар рухты деп көптен ерекшелеп, көзге түртіп көрсетеді. Мысалы: Мұхтар Мағауин жайында жан-жақты айтып, түсіндіре келіп: «Мұхтар Мағауин да жазушылық қаламды емес, ұлттың рухы, жан жүйесі түйдектелген рухани психологиялық ғаламды баққан сол үркердей топтың өкілі» [23]     деп тек көркемдік пен эстетикалық талғамды ұстанған жазушы емес, ұлттың рухын қайраушы жан екенін атайды. Мағауин жайында жазған еңбегінде оның халқының сүйікті жазушысы екендігін, көптеген сыйлықтар мен марапаттың иесі болғандығын атап көрсету бос мақтауды сүймейтін жазушы үшін артық болатындығын түсіндіріп: «Бірақ соның бәрін тізіп-түстеу Мұхтар Мағауин сынды жазушының мінез құлық, табиғатына жараса да бермейді-ау… Ондай дәстүрлі марапат жігерлі, мінезді қаламгер бітіміне, мінезіне де үйлеспейтіндей» деп рухты қаламгердің ұлт тарихындағы болмыс-бітімін ашып көрсетеді [24]. Осынау үзінділерден біз Егеубаев публицистикасындағы тұлғалар бейнесін дәлдікпен көрсеткендігін тағы да бір аңғарамыз. Мұхтар Мағауинге қатысты жазған мақаласының тақырыбы да өзгеше – «Ұлттық рух».

2006 жылдың 29-маусымында «Әдебиет айдыны» газетінде Асқар Егеубаевтың «Ұлттық тарихи сана әліппесі» атты баяндамасы жарық көрді. Баяндамаға Мемлекеттік және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, қазақтың аса көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың өмірі мен шығармашылығы арқау болған. Баяндамада жазушының қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі атап өтіліп, роман деген күрделі жанрды Қабдеш Жұмаділовтың асқан шеберлікпен меңгергені баса айтылады. Мақалада қаламгердің «Көкейкесті», «Сарыжайлау», «Дарабоз», «Соңғы көш», «Тағдыр», «Прометей алауы», «Атамекен», «Таңғажайып дүние» романдары, қазақ тарихының қым-қуыт кезеңдерін сомдаған хикаяттары мен әңгімелерінің әдебиет айдынынан алар орны ерен екенін атап көрсетеді. Жазушының жастық шағында жазған еңбектері мен жасамыс шағында жазған шығармаларын салыстырып, бір-біріндегі ұқсастықтар мен сабақтастықты талдайды. Әсіресе, «Тағдыр», «Көкейкесті» романдарына, «Соңғы көш» диологиясына, «Бұқарбайдың Бұқасы» секілді әзіл-оспақ әңгімесіне барынша талдау жасап, өткен ғасыр мен осы ғасыр арасындағы ұқсастықтарға мән береді. Асқар Егеубаев «Көкейкесті» романы мен «Тағдыр» романы арасындағы ұқсастық туралы: «Көкейкесті» романынан басталған эпикалық тыныс «Тағдыр» романында ұлттық асқақ тұлға табиғатымен кемелдік танытты. «Көкейкестідегі» Жәнібек пен «Тағдырдағы» Демежанның арасында аттай ғасыр, аражігі алшақ тарихи шындықтар мен қоғамдық формациялар жатса да, кейіпкер табиғатының әлдебір ішкі сабақтастығы бар. Екі түрлі қоғам, екі түрлі өмір өкілдерінің кісілік келбетіндегі астасып жатқан жарқын мінез өрнектері мен жігер кестелері еріксіз ойға қалдырады. Ол ұлттық таным, қазақтық психология көріністері. Ал, шындығында, екі романның арасында көркемдік ізденістің ұлан асу ұлы көші жатыр. «Көкейкесті» роман жанрындағы алғашқы қадам. «Тағдыр» қаламгердің ер жасындағы кемелді биігі» дейді [25]. Осы шығармаларынан-ақ Қабдеш Жұмаділовтың үнемі ізденіс үстінде болатынын білуге болады. Жазушының қысқа да нұсқа әңгімелері оқырманды өзінше жаңа бір ізденіске, толғанысқа жетелейтінін жеткізеді. Жазушының хикаят, әңгімелерінде, яғни көркем шығармаларының өзінде де әлеуметтік зерттеу сарыны барын аңғартады. Әрине, бұл да жазушының өзіндік бір қыры, шеберлігі екені белгілі.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІ тарау.

ІІ.1. Егеубаев ғылыми публицистикасындағы тарихи мұралардың зерделенуі

 

Тәуелсіздіктің бізге әкелген көптеген жетістіктері мен жемістерінің нәтижесінде рухани, мәдени, тарихи мұраларымызды қайта зерделеп, уақыт талабына сай таныммен пайдалануға мүмкіндік туды. Кешегі кеңестік кер заманда руханият пен мәдениетімізді тереңінен қарпып, пайымдауға кедергілер көп болды. Қазақ әдебиеті тамырсыз күйінде бұтақтарын жайып, бүршігін атты. Осыдан сәл ертерек сонау жылымық жылдары қазақтың көне әдебиетін зерттеуші ғалымдар ұлттық әдебиеттің тарихын үш ғасырға ілгерілетіп, жыраулар поэзия керуенін әдебиет баспалдақтарының негізі етіп қалап берді. Ал тамыры, тіні мен ділі бір күллі түрік әлеміне ортақ бай мұраларды зерттеп, рухани қазынамызға айналдыруға кеңестік кезеңде мүмкіндік болмады. Сондықтан қазақ рухани дүниесінде түріктану саласы кенжелеп қалды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін күллі түрік әлеміне ортақ біраз рухани еңбектер алтын қазынамызға қосылып, қоржынымызды тоғайтты.

Адамзат ақыл-ой еңбектерінің алдыңғы шебіне жататын мұралар қатарындағы біраз еңбек сонау ерте дәуірлерде көне түркі тілінде қазақ топырағында дүниеге келді. Осынау қазақтың еншісіне ортақ құнды қазыналармен өз ана тілімізде танысуға Асқар Егеубаев қатарлы ғалым, зерттеушілердің тікелей әсері болды. Түрік әлеміне ортақ екі бірдей ақыл-ой қазынасын тұңғыш рет қазақ тіліне Асқар Егеубаев аударды. Мұның біріншісі – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны, ал екіншісі – Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ит-түрік» кітабы. Бірі – философиялық-танымдық дастан, екіншісі – энциклопедиялық түсіндірме сөздік. Бұл екі әдеби жәдігер де бір дәуірде жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа өзіндік мән-маңызын жоймай жалғасып келеді. Асқар Егеубаев осынау екі ұлы мұраны аударып, әдеби әлемімізге қосу нәтижесінде рухани кеңістігіміздің бос тұрған орындарын толтырды. Сонымен қатар ұлттық әдебиет пен мәдени тамырымызды тереңдетіп, күллі әлемге әйгілі ақыл-ой еңбектерімен ұштастырды. Батыс пен Шығыстың құнды жәдігерлерінің қатарына жататын осынау еңбектерді тұңғыш рет қазақ тілінде сөйлетуі – автордың қыруар еңбегінің нәтижесі.

Жүсіп Хас Қажыбтың «Құтты білігі» секілді кең толғамды, ақыл-парасаты мол, ғылыми ойдың, ақындық өнердің үздік дара туындыларының дүниеге келуіне сол кезеңдегі өркениетті ахуалдың құнарлы топырағы, тарихи-әлеуметтік орта тынысы мен қоғамдық-саяси жағдайлардың түрткі болғаны анық. Сөзіміздің дәлелі ретінде қазақша тәржімадан әділ басшылық пен қуатты заң турасындағы ойлардан мысал келтірсем:

  • Ізгі болса, егер, елдің басшысы,

Түгел ізгі болар, атшы, қосшысы…

  • Егер бекті иектесе жамандар –

Ел үстінде жалаңдар сол арамдар!

– Біл, әділ заң – басшылықтың тұғыры,

Бегі әділ ме? Берік елдің жұлыны!

– Бек елінде тура заңды ұстаса,

Бар тілекке жетер қолы қысқасы!» [26]. Осыдан он ғасыр бұрын жазылған қанатты тіркестер бүгінгі күнге дейін еш мәнін жойған жоқ. Аса құнды, өміршең. Әділ заң, әділетті басшы ХХІ ғасыр қоғамында да уақыт талабына сай қажеттіліктің ең негізі болып отыр.

Адамзат өркениетінің баға жетпес асыл қазынасы саналатын бұл шығармадан сол кездің өзінде белгілі бір дәрежеде әдеби-мәдени дәстүрдің, көркемдік-эстетикалық, танымның қалыптасқандығын аңғаруға болады. «Бұл этико-философиялық, парасат пен ақыл-ой сұлулығын ұрпақтан ұрпаққа мұраға қалдырған еңбекте жар таңдау, бала тәрбиесі, ақыл-білім біліп, тіл ұстартудан бастап елдік құру, мемлекет түзу, ел басқаруға дейінгі өмірлік, әлеуметтік мәні аса зор мәселелер жырланған» [27].  деп Асқар Егеубаев еңбекте жырланған мәселелердің маңызды әрі белгілі бір уақыттық қана дүние емес, ғұмырлық дүние екенін жеткізеді.  

Бұл еңбектерді тәржімалап, қазақ оқырманына ұсынғанда біз не ұтамыз бүгінге, келешекке қандай пайдасы бар деген сауал туындауы да мүмкін. Бұл жөнінде ғалым: «Сол тарихи, мәдени ескерткіштер арқылы бүтін бір өркениеттің заңдылықтары, бүтін бір ұлыстың, халықтың рухани әлемі танылмақ» деп осыдан он ғасыр бұрынғы бабалардың ақыл-ой таным, түйсігін әрі рухани кеңістігін танып білуге жол ашқанымызды жазды [28].  Өткенді білу арқылы бүгінгі әлеуметтік әрі мәдени өмірімізде соны серпілістер рухани жаңарулар болатыны белгілі.   

Сол дәуірдің қоғамдық құрылысын, мәдени, рухани әлемін, кәсібі мен нәсібін танып білетінімізді түсіндіре келіп, автор бүгінгі өркениет бастауларының негізі сол ерте кезеңдерден негіз алуы мүмкін екенін де атайды. «Тарихта Қарахандар дәуірі деген атпен белгілі бұл кезең (840-1212ж.ж.) түрік даласындағы өркениаттың түйінді биігі іспетті. Дәл осы кезеңде мемлекеттік гүлденіп, өркениат шалқыды» [29].  деп автор «Құдатғұ біліг» сияқты даналық дастанда сол өркениатты мемлекеттің негізгі белгілері мен басшылығы, жалпы болмысы суреттелгендігін баяндайды.

ХІ ғасырдағы көне түрік әдебиетінің басты қасиеті адамгершілік, адалдық, ақиқатқа жол бастайды. Адамның бақытты өмір сүруі үшін білім мен ғылымның ауадай қажет екенін түсіндіреді. Әдебиетімізге, мәдениетімізге келіп қосылып жатқан осы құнды еңбекті қазақ тіліне тәржімалаған Егеубаев: «Құтты білік» дастанында түрік ойшылдарының елдік түзу, мемлекеттік құру, өркениетті, дәулетті түрік мемлекетінің құрылысын нығайту мақсаты жолбасшы жұлдыздай жарқырап көрінеді. ХХІ ғасыр табалдырығында жаңа бір даму белесіне маңдайы ашылған қырықтан астам ұлттың түп нәсілі түркі дүниесінің мемлекеттілік құрылыс түзу тәжірибесі мен ілімі әлі ғылыми жүйесін тапқан жоқ. Ондай еңбектерде, зерттеулерде болмаған. Не бізге беймәлім. Жүсіп Баласағұн дастаны әуелі тарихи санамыздағы осы ақтаңдақтың орнын толтыратын шығарма» деп тәуелсіз жас қазақ мемлекетінің алдағы жүрер жолымен, кешер керуенін де даналық дастанның тигізер пайдасы ұшан теңіз екенін түсіндіреді [30].  

«Құтты білік» дастаны – тек қана әдеби мұра емес, сонымен қатар осыдан он ғасыр бұрынғы көне түрік қоғамындағы әлеуметтік әрі саяси түзілімнің негізгі белгілерін көрсеткен көп қырлы туынды. Мұның маңызы мен қажеттілігі жөнінде сала-саласымен түсіндіре келіп, аудармашы Егеубаев былай дейді: «Қазақ халқының да мәдениеті мен әдебиетінің бұрын-соңды зерттеліп, ғылым тіліне түспеген алуан қырлы ерекшеліктерін осы ұлы мұра беттерінен табамыз» [31].  Ғасырға жуық уақыт белгіленген тар шеңберде ғана рухани  санамыздың қалыптасуы мәдени кеңістігіміздің тамыры тереңде жатқандығын ойлауға мүмкіндік бермеді. Шын мәнінде біздің жазу-сызу өнеріміздің әріден бастау алатындығына осы құнды еңбектермен танысу барысында көзіміз толық жеткендей. «Сол Х-ХІІ ғасырлардың өзінде-ақ Орта Азия Қазақ елі аумағын мекендеген халықтардың мәдени даму биіктерінің бірі болған философиялық поэманың даналық ойлары күні бүгінге дейін аса құнды, өміршең. «Құтты білік» –  ежелгі түркі тіліндегі классикалық поэзияның тұңғыш шығармасы. Философиялық толғамдарымен де, көркемдік нақыстарымен де, поэтикалық ойлау ерекшелігімен де шеберліктің үздік үлгісіндей бұл ауқымды дастан сол дәуірдегі өнер өрісін, көркемдік таным биігін қапысыз аңғартады» деп автор бүгінгі рухани қазынамыздың алтын арқауы күллі түрік әлеміне ортақ құнды дүниелерде жатқандығын жеткізеді [32].  Бұл дастанның үлгісіндегі дүниелер шығыс әдебиетінде бұрыннан болғанын, яғни араб, парсы, үнді руханиятындағы «Сиясат-нама», «Пәнд-нама» қатарлы туындыларды атайды да, «Ал, Европа қауымына «Құтты білік» дастанынан кейін бес ғасыр өткенде барып, әйгілі қайта жаңғыру дәуірінде таныс бола бастады. Сөйтіп француздарда, ағылшындарда, немістерде осындай шығармалар пайда болды» [33].   Осы үзіндіні оқи отырып, әдеби әрі мәдени қазынамызға жаңа ғасыр алдында ана тілімізде тәржімаланып қосылған бұл жәдігердің әлем мәдениетінен алар орны ерекше екенін де байқау қиын емес.

Асқар Егеубаев көп жылдық ізденістерін біліктілікпен ұштастыра, сабақтастыра отырып, қазақ халқы үшін нәтижелі, аса құнды іс тындырды. Ол қазіргі қазақ мәдениеті мен тарихын, әдебиетін сол мол қазыналарымызбен, рухани байлықтарымызбен ұштастыра білді. Сондықтан ғалымның аталмыш еңбектері ғылымымыз бен мәдениетіміздің кез-келген саласында ұзақ жылдар бойы жан-жақты қолданылып, зерттеушілер, ғалымдар тарапынан өз бағасын алары сөзсіз.

Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрк» атты ХІ ғасырдың басында жазылған сегіз кітаптан тұратын энциклопедиялық сөздігін Асқар Егеубаев толық қазақшалап, жариялады. 1997-1999 жылдар аралығында үш том болып жарық көріп, түпнұсқадағы сөздер араб әліпбиімен берілді. Ежелгі қазақ даласында 1072-1074 жылдар аралығында жазылған бұл еңбек түркі дүниесінің жер, ел аттарының, түркі сөзінің, түркі тарихының дәйекті де ақиқат шежіресі десек артық айтқандық емес. Ғалымның зерттеу еңбектері түркі дүниесі өркениетінің баға жетпес ұлы мұраларын тұтастай ұлттық ғылымымыздың игілігіне жаратуды мақсат етеді. Бұған дейін аталмыш мұралар түрік, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылып, әртүрлі деңгейде жарық көрген. Бірақ қазақ зерттеушісі қол жеткізгендей арнайы монографиялық талдауларға негіз болып үлгермеген болатын. Аталмыш мұраларға арналған монографиялық зерттеулерінде Асқар қазақ елінің қоғамдық ғылымдарымен байланыстыра пікірлер толғауымен бірге ежелгі түрк мұраларының Орта Азия мәдениетіндегі, түркі тілдес басқа да туысқан ұлттар әдебиетіндегі орнына қатысты тұжырымдар түйген. Сөйтіп, Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқари мұраларын игеруде қазақ зерттеушісі түркі елдер ғылымында ілгері қадам жасады.

          Аталмыш басылым этнологиялық, этнографиялық, этологиялық, әдеби әрі тарихи сипаттағы жан-жақты туынды екендігін аудармашы ғалым атай келіп, Махмұт Қашқаридың түркіні сипаттаған үзіндісін былайша: «…Түріктер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарпияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік тағы сондай сансыз көп қасиеттерге ие» келтіріп, ғұламаның тарихи этнологиялық көзқарасы айқын екендігін айтқан [34].   Бұл еңбектің басқа артықшылықтарын есептемегенде осы бір бейнелеу қасиетін ескеріп, білім беру бағдарламасына енгізуге болатындығын автор ескертеді. «ХІ ғасырда ұлт, нәсіл туралы мұндай дәл, толық сипаттаманы басқа ешбір әдебиеттен кездестірмейсіз… Біле білсек, бұл сөз қазақ баласын қанаттандырады, қазақ баласының рухын көтереді» деп осыдан он ғасыр бұрын өмір сүрген бабаларымыздың ғылымның әр саласынан туада хабары бар екендігін аңғартады [35].   

«Түрік сөздігінде» даңқты қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын туралы құнды әрі дәлелді мағлұмат кездесетіндігін баян ете отырып, Асқар Егеубаев мына бір қызықты дәлелді де келтіреді: «Қалың қолы жорықта арып-ашып, талып-шаршағанда, ашыққанда Ескендір Зұлқарнайын ойлап тапқан әрі нәрлі, әрі ұзақ сақталатын, ұзақ жорық жағдайында қолайлы «Тұтмаш» (мағыналық атауы: «Тұтма аш – аш ұстама» сөзінен шыққан) тағам баяны да қызғылықты» [36].   Мұндай қызғылықты әрі тарихи маңызы бар деректің кездесуі аталмыш еңбектің құнын арттыра түсері сөзсіз. 

Махмұт Қашқаридың аталмыш еңбегін қазіргі түсінікпен энциклопедиялық анықтама, тіл туралы оқулық, сөздік, тарихи оқулық деп түрлі-түрлі атауымыздың себебін аудармашы ғалым автордың өз сөзін келтіріп түсіндіреді: «Мен сол түріктердің қызыл тілге ең шешендерімен, ең жүйрік әңгімешілерімен, ең бір зеректерімен, ең бір білгірлерімен, ежелгі асыл тайпаларынан шыққан, соғыс ісіне мықты найзагерлермен бірге болдым… Олардың шаһарлары мен сахарасын бастан аяқ аралап шықтым. …Сөздерін, сөздерінің қасиет, құпияларын анықтап шықтым, оларды пайдаландым… Оларды мұқият реттеп, тәртіпке келтіріп, жүйелеп шықтым» [37]. Бұл үзіндіден ғұлама ғалым еңбек жазбас бұрын қаншама уақыт дайындалып, түркі дүниесін аралап танысып, талдамалы түрде талғамды сөз қорытқанын байқаймыз. Сонымен қатар жәдігерлік тозбас қазына болсын деп жинап, құрастырып, «Түрік сөздерінің жинағы» деп атағандығын жазып қалдырады. Тарихи құны ерекше бұл жәдігерде ел-жер атаулары, аңыздар, тарихи мағлұматтар жиі кездеседі. Тарихи тұлғалардың өмір сүрген кезеңі мен олардың біразының есімі аталады. Сол кезеңдегі түрік тектес халықтарға ортақ Тараз, Баласағұн, Ісбіжаб, Шаш, Қашқар қалаларды атап, қыстау, жайлауларын талдап, түсіндіріп жатады. Бұл әмбебап шығарманың құны жайында көптеген дәлелдер келтіре отырып, Асқар Егеубаев: «Ай, жыл, жұлдыз, аспан денелерінің атауы да Махмұт Қашқарида молынан ұшырасады. Және қазіргі кездегі кеңінен мәлім түрік атауларымен бірдей Ертіс, Іле, Еділ секілді ірі өзендер, Ыстықкөл, Абысғұн (Каспий) секілді көл, теңіздер сол күйі аталады» деп тарихи әрі әдеби мұраның қазіргі рухани әлемімізге қосылғандағы салмағын саралап, бағасын анықтайды. Осындай құнды еңбектердегі тарихи дәлелдер біздің ерте кезден бері түркі әлеміне ортақ қара шаңырақтың мұрагері екенімізді дәлелдеп көрсетеді[38]. Бұл кітапта түрік елінің қару-жарақ, құрал-саймандары, ас-ауқаты әзірлену жолдарын жайында жа жазылған. Мұндай технологияны қазіргі заманның адамдары да біле бермейтіндігін айта келіп, Асқар Егеубаев былай: «Мәселен, ыстық күндерде салқындау, шөлді басу үшін жейтін әрі балмұздақ, әрі тағам, күріштен әзірленетін ерекше дәм кім-кімді де елең еткізеді» дейді[39]. Алтайдан Балқанға дейінгі алып кеңістікті алып жатқан көшпенділер өмірінен жан-жақты мағлұмат беретұғын бұл туынды қалай атасақта біз үшін қымбат.

«Түрік сөздігіндегі» тағы да бір назар аударатын ерекше құнды жәдігер ол – Махмұт Қашқари жасаған дөңгелек карта. Бұл картада ежелгі түрік ру тайпаларының мекен еткен территориясы жер ауқымы, ру атаулары, тіл ерекшеліктері барлығы көрсетілген. Дәл қазіргі Қазақстанға қатысты дәлелдер туралы аудармашы: «Қазіргі қазақ жерлерінің атаулары сол күйі жүр: Тараз, Маңқышлақ, Ертіс, Іле, Сейхун, Жейхун т.б.» дейді [40]. «Түрік сөздігінде» даңқты қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын туралы құнды әрі дәлелді мағлұмат кездесетіндігін баян ете отырып, Асқар Егеубаев мына бір қызықты дәлелді де келтіреді: «Қалың қолы жорықта арып-ашып, талып-шаршағанда, ашыққанда Ескендір Зұлқарнайын ойлап тапқан әрі нәрлі, әрі ұзақ сақталатын, ұзақ жорық жағдайында қолайлы «Тұтмаш» (мағыналық атауы: «Тұтма аш – аш ұстама» сөзінен шыққан) тағамы баян да қызғылықты» [41]. Ежелгі дәуірлердегі түркі әдебиетінің мұраларын зерттеп, тарихи, мәдени, елдік тұрғыдан талдап, саралау қазіргі ұлттық ғылым үшін жаңа қадам. Бұл қымбат жәдігердің өз мұрамызға қосылуы қазақ әдебиетінің салмағын арттыра түседі. Ежелгі дәуірлерден бізге жеткен осы асыл қазыналар тәуелсіз Қазақстан мәдениеті мен рухани дүниесінің қазіргі ұлттық мүддесі тұрғысынан сараланып, талданған. Сондықтан да Асқар Егеубаевтың бұл аударма еңбектері ертеңгі тарихымыз үшін де, бүгінгі күн үшін де маңызды.   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІ. 2. Публицистің әдеби сын саласындағы еңбегі

Қоғамдық жүйе өзгеріп, бір кезеңнен екінші кезеңге ауысқанда адамзаттың әлеуметтік, саяси өмірімен қатар рухани, мәдени танымында да өзгерістер, жаңартулар болатыны белгілі. Кеңестік дәуірде мәдени, тарихи мұраларды сол жүйенің талабына сәйкес талдап, таразылап, ой елегінен өткізіп келді. Қалай болған күнде де бұл қоғамның өзіндік әдебиеті мен мәдени ауқымы болғаны айтпаса да түсінікті. Бұл – тарих. Тарих кезеңдері мен белестерін айналып өту тағы да мүмкін емес. Кешегі жүріп өткен жолды мансұққа шығарып, керуен қатарынан алып тастауға тарих ықпалы ырық бермейді. Кеңес әдебиетінің бір бұтағы іспетті дамып, қалыптасып жетілген сала – әдеби сын. Сын әдебиет үшін оның өсуі мен дамуы жолында сөз жоқ қажетті. «Сын шын болсын» деп ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі айтқандай бұл – әділ бағалау үшін қажетті сала. Қазақ әдебиетінің қалам ұстаған бір қатар сөз зергерлері туған әдебиеттің бүгіні мен ертеңі жөнінде ой толғап, пікір алмасты. Төл әдебиеттің жетістігін даралап, кемшілігін саралап, болашағының бұлыңғыр болмауына алаңдады. Сын мұраты – әділ бағалап, әдебиет пен сөз өнерінің осал тұстарын тап басып, көркем ойдың көрнекті болуына басшылық жасау. Бір әттеген-айы кеңестік кезеңде сөз өнері мен барлық ой өнерінің іс-әрекеттері партиялық көзқараспен тұжырымдалып, бағытталып отырды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ескі тоталитарлық жүйе өзгеріп, барлық сөз өнеріне қатысты цензура жойылды. Отандық мерзімді баспасөз бен бей мерзімді баспасөз беттерінде қаламгерлер, авторлар, қарапайым бұқара өз ойымен сөз жарыстыруға мүмкіндік туды. Қоғамның әр саласындағы іс-шаралар ретке келмей, сансырап жатқан ана бір өтпелі кезеңде қаламгерлердің не жазып жатқанын қалың оқырман қауымы білмей де қалды. Сөз бен ой еркіндігіне кепілдік берген ашық қоғамда партиялық идея мен қатал цензура өмір сүре алмайтыны белгілі. Осы бір жүйенің осалдау тұсы сол әдеби, мәдени сахнада эстетикалық талғамға сай келе бермейтін құнсыз туындылар да пайда болады. Әрине сонымен қатар ой еркіндігіне ие болған тәуелсіз саналы буынның әлемдік деңгейдегі озық үлгідегі сөз зергерлері туып, қалыптасуы да ғажап емес. Бұл – уақыт еншісіндегі мәселе. Қалай болған күнде де кеңестік кезеңдегі әдеби сын төл әдебиетіміз бен сөз өнеріміздің өсіп, өркендеуіне септігін тигізгені рас. Қазақ әдебиетінің сыншылары деген бір топ шоғыр туып қалыптасты. Мүмкін уақыт талабына сай болар, мүмкін қажеттілік болмаған болар кеңес дәуіріндегідей жүйелі әрі тегеурінді сын қазір бізде жоқ. Әр жыл соңында Жазушылар одағының жыл қорытындысында әдебиеттегі жаңартулар мен жетістіктер, өзгерістер жөнінде шағын ой алмасу, пікір, тұжырым болады. Сонымен қатар жаңа басылып шыққан кітаптарға рецензия мен аннотация ретінде мерзімді баспасөз бетінде жарияланымдар беріледі. Қазіргі біздің сын саласындағы айтармыз осының ары жақ, бері жағы ғана. Асқар Егеубаев сөз еңбегінің негізгі саласының бірі – әдеби сын болды. Бір ескеретіні осы салаға қатысты автор еңбектерінің көбісі кеңестік қоғамда жазылды. Ал тәуелсіз Қазақстан баспасөзінде бірлі-жарым туындыларға пікір білдіріп, рецензия берумен шектелді. 80-жылдары әдеби сынға қатысты бірнеше кітабы жарық көрген автордың осы сала бойынша жазған еңбектеріне назар аударып, бітіру жұмысының бір тармақшасына енгізуді жөн санадым. Егеубаевтың сын саласындағы еңбектері – төл әдебиетіміздің бүгіні мен ертеңін саралаған қазақ сөз өнерінің мінсіз болуын көздеген мақсаттан туған ой-толғамдар. Асқардың қаламдас серігі Жүрсін Ерман оның сыншылығы жайында былай: «Сексенінші жылдар – ұлттық әдеби сында Асқардың дәурені туған жылдар болды. Поэзияның, прозаның, сынның сынына ден қойған ол ұлттық көркем ойдың дамуын жүйелеп, зерделеуге құлаш ұрды» дейді. [42].  Бұл қатарлас қаламгердің өз тұстасы жайында берген бағасы. Кеңестік қоғамда өмір сүре отырып, автор қазақ сөз өнерінің болашағы жарқын болуының түрлі жолын қарастырды. Сын не үшін қажет, сын бізге не береді, сыншы қандай болмақ деген көкейдегі көп сауалдарға өзінше жауап іздейді. Сынның қандай болмақ керектігі жөнінде қазақ көркем әдеби сынының негізін салушы Мұқаметжан Қаратаев былай дейді: «Сын жалпақ шешей де, ұрдажық сойыл соғар да, жарамсақ та болмау керек» [43].  Дәл осындай бағытты ұстанған Асқар Егеубаев сыни еңбектері «Сыр мен сымбат» және «Сөз жүйесі» деген екі кітапқа топтастырылған. Бұл еңбектерінде қазақ әдебиетінің кешегісі мен бүгінгісін саралай отырып, ертеңгі асар асулардағы бұралаң жолдардың сорабын анықтайды. «Сыр мен сымбат» тек қана поэзия саласына арналған ой-толғамдары мен тұжырымдар жиынтығы. Сөз асылы өлең жайында «Поэзия ережеге табынбайды. Ол азаматтың алдына тартар дайын қағида да емес. Өз заңдылығы, өз табиғаты бар, бітімі бөлек дүние» деп ұлы Абай ерекше қастерлеген сөз жақсысын осылай бағамдайды[44].   Асқар Егеубаев ең әуелі ақын сондықтан да оның поэзия жайында өзіндік таным, түсінігі бар. Ал сыни көзқарас пен өлең өресіне осылай биіктен баға береді.

«Сыр мен сымбат» сын кітабында жетпісінші, сексенінші жылдардағы қазақ поэзиясының өркені мен кемшілігі сараланып, талданған. Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов қатарлы заманының жұлдызды ақындарының жыр, шумақтарындағы өзгешеліктер мен өзіндік бейне бітімін салыстырып талдайды. Қадыр Мырзалиевтің «Дала дидары», «Жерұйық», «Домбыра» қатарлы жыр жинақтарына өзіндік бағасын береді. Бір дәуірдің тынысымен қаруланған Қадыр мен Тұманбайды салыстыра келіп, былай деп ой түйеді: «Тұманбай Молдағалиев әу бастан-ақ сыршылдығымен, еркін, бүкпесіз жанымен иландырған ақын. Өз айтары даусы бар. Қадыр поэзиясынан мүлде бөлек». [45].    Әрі қарай сыншы Қадырдің оқырманын тапқан суреткер, ойдың ақыны екендігін жан-жақты дәлелдеп, бейнелеп көрсетеді. Қадыр өлеңдерінің ауқымы кең, өмір суреттерінің түрлі бейнелерін берудің шебері екендігін атай келіп, жастық мінезді, жастық жігерді бейнелеген мына бір өлеңін келтіреді:            

«Құрбы қыздың соңына түсті міні,

Қалай ғана балқытпас ыстық үні!

Жігіт деген жалын ғой,

Басқан жері,

Көл боп еріп жатады қысты күні!

Көзге елестетерлік сурет жасалған. Сурет арқылы жас жігерін, мінезін де бейнелі бере алған» [46].     Бұл Мырзалиев поэзиясының күнгей беті мен суреткерлік қырын көрсеткен үзіндісі болса, оның поэзиясындағы осал тұстарын да тап басып, ақынға ескертпе жасайды. Сөзімнің дәлелі ретінде сыншының мына бір ойын келтірсем: «Тектен текке келгенмен күле бергің, айқайлағың келгенмен тектен-текке» болмаса: «Ыңылдайсың бірдеңе істеп жүріп, Іздеп жүріп бірдеңе ыңылдайсың», – деген жолдарды ақынның өзі шебер, алымды жолдарының қатарына қоспас деп ойлаймыз». [47].      Бұл үзінділерден Егеубаев сынының тек қана бір бағытқа қаратылған бір жақты бағалаулар емес екенін байқауға болады. Ақын поэзиясындағы сәтті тіркестер мен көркем ойларды сүйсіне үлгі ете отырып, оның кейбір қисынсыз қайталаулар мен үйлесімсіз тіркестерінің поэзия талабына сай еместігін айтады. 

Әдебиетте лирикалық туындылар мен өз оқырманын жаулаған сыршыл әрі нәзік жүректі Молдағалиев поэзиясына Асқар сыншы өзінше баға береді. «Тұманбай көтеріңкі дауыс, лепірме көңілден гөрі, нәзіктікті, сыршыл әуенді артық бағалайды. Кәдімгі өміршең тақырыптарды (бөбек, ана, әке, өмір, махаббат жайлы) қозғап отырып-ақ, жүректі шым еткізер қылын басып қалады:

Айғайласын бар даусымен, айғайласын жас үміт,

Оған, жеңге, әуре болма, қабақ түйме ашынып,

Өз даусын ол естіртуге жатқан шығар асығып» [48].      деп қарапайым, ұғынықты жолдармен, жүрекке әсер ететін нәзіктігін табады.

«Сыр мен сымбат» сын жинағында қазақ поэзиясының сол кезеңге дейінгі жеткен жетістігін жан-жақты саралап, өткен мен бүгінді салғастыра талдайды. Қазақ ақындарының суреткерлік бітім болмысын танып, біле отырып, олқы тұстарын да түзетуге жол нұсқайды. Ақыр соңында қазақ өлеңінің рухы өшпейтіндігін былайша: «Өлең – дәуірмен біте қайнап, бірге өсіп келе жатқан халық рухы. Қазіргі қазақ поэзиясының жаңғырығы, даусы ғасырларға барады. Оған өнердің өткен тарихы куә» түйіндейді [49].      Иә, тәуелсіздік жылдардан кейінгі өтпелі кезеңде де қазақ әдебиетінің аз уақыт тоқырауға ұшыраған сәтінде поэзия елгезектік танытып, өз үрдісін жалғап келді. Сыншы Егеубаев айтқандай өлең рухы уақытпен бірге жасап, болашаққа жол тартады.

Асқар Егеубаевтың «Сөз жүйесі» еңбегі сын мақалалар мен портреттерден құралған. Мұнда қазақ прозасының даму бағдары мен жанрлық ерекшеліктері қазақ өлеңі туралы толғаныстар сонымен қатар Ә. Тәжібаев, О. Сүлейменов, М. Мақатаев секілді көрнекті ақындардың суреткерлік келбеті, шеберлігі жайында жазылған мақалалар топтастырылған. Бұл еңбегінде қазақ әдебиетінің көптеген проблемаларын жан-жақты талдап, жаттанды кітаби дәстүрден шығудың жолдарын қарастырады. Сонымен қатар әдебиет үшін сынның қаншалықты қажет екендігін де түсіндірген. «Әдеби сын мұраты әлденені мадақтау, не мінеумен ғана шектеледі десек, сыңарезулікке саяр еді» деп сынның ұстанымын айқындап, әдебиет үшін оның маңызды екендігін айтады [50].      Сол дәуірдегі қаламгер ағайындардың жаппай роман эпопея жазуға әуес екендігін сынға алады. Қаншама басылып жатқан кітаптардың барлығы бірдей көркемдік жетістікке ие еместігін түсіндіре келіп, әрбір жазушының қарымы жетсін, жетпесін роман жазуға даяр тұратындығын қынжыла баяндайды. «Бірер әңгіме, одан кейін повесть, роман, одан кейін екі, не үш томды «эпопеяға» құрық саламыз. Неге? Әйгілі қаламгерлерге еліктеу ме?» деп сол кезеңдегі жаппай жазарман болып кеткен ағайындарға сыни көзбен қарайды [51].      Расымен-ақ, сыншының осы пікірі бүгінгі күнге де дөп келетін сияқты. Кеңестік кезеңде жазылған біраз көп томдықтар архив сөресінде шаңға көміліп қалды. Бірақ асылдан жасықты айыра білетін оқырман талдап, талғап өзіне қажетті туындыларды тауып оқыды. Сол кездегі роман жазғыш ағайындардың әңгімені «шағын жанр» деп тоқмейілсіп, оны елемеуін сынайды да, шеберліктің бастауы әңгімеге былайша балама береді. «Әңгіменің жанрлық құқы, әдебиеттегі әлемге әйгілі әсем, әрлі, сымбат-бітімі эпопеяға да, романға да бергісіз» деп шеберлікті талап ететін қысқа әрі нұсқа әңгіме жазу әдебиет үшін ұтымды екендігін түсіндіреді. «Сөз жүйесі» сын кітабында сол кезеңнің қарымды қаламгерлерінің туындыларындағы өзгелерден ерекше болмыс, бітімдерін айқындап, кейбір әттеген-ай тұстарын да саралайды. Бұл еңбекте төл әдебиетіміздің көркем де сымбатты талғам, танымға лайық үрдіспен қалыптасуына не қажет екендігі жайында ой тербейді. Сыншы көздегені көркем ойдың көркем сөзбен кестеленіп, оқырманын табуына тілектестік. Рухани қазынамыздың болашағы зор болса, елдіктің де тұғыры нық болатындығын сөз зергерлеріне ескертеді. Қалың оқырман қауым үшін де Егеубаевтың бұл сыни еңбектері эстетикалық талғамды өрістетуге игі ықпал етпек.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

Сөз өнері – қатпары мен қалтарысы көп сырлы да, сиқырлы өнер. Сөзбен күлдіріп немесе мұңайтып, көңіл толқынын тербеп өтуге болады. Қазіргі біздің зерттеушілер мен ғалымдардың пікіріне, түйініне қарағанда, публицистика тамыры тым тереңдерден бастау алады. Тілдің жазу-сызудың, сонан соң барып мерзімді баспасөздің пайда болуы – публицистика жолының жүріп өткен кедір, бұдыр сорабы. Осынау түрлі-түрлі кезеңдерде публицистер дәлел мен дәйек келтіріп, ой қорытып, сөз кестелеп, көсем сөз керуенін бүгінгі біздің дәуірімізге жеткізді. ХХІ ғасырда электрондық құралдарды пайдалана отырып, адамзат баласы публицистиканың одан әрмен құлаш ұруына мүмкіндіқ туғызды. Бұл дегеніңіз – әлем жұртшылығының бір-бірімен ақпарат алмасып, ой бөлісуі. Әлемдік ақпарат тасқынының жан жағымыздан жөңкілуі – жаһандану деген жойқын күштің негізгі белгілерінің бірі. Осы жаһандану тасқынында суға кетіп қалмас үшін не істеу керек екендігін біздің публицистеріміз әрқашан еске салып, ескертіп келеді. Өз заманының белді де белгілі публицисі Асқар Егеубаев «Қауіп-қатерге қазақтың дауасы – ұлттық рух» деп дабыл қағады [52].     

Ұлтының рухын қайрап, ертеңін ойлап, елеңдеген Асқар публицистикасын негізге ала отырып, бітіру жұмысын жаздық. Жұмыста бұрын-соңды публицистикаға қатысты ой-толғамдары мен тұжырымдарын жазып қағаз бетіне түсірген зерттеуші ғалымдардың дәйектері ғылыми таяныш ретінде пайдаланылды. Көп қырлы әмбебап сөз зергерінің артында қалдырған мұралары тым қомақты. Біз бітіру жұмысын жазу барысында негізінен Егеубаевтың публицистикалық туындыларын нысанға алдық. Мұнда ең әуелі Асқар Егеубаевтың Қазақстан тәуелсіздігінен кейінгі жылдары баспа жүзін көрген тәуелсіз қазақ мемлекетінің бүгіні мен ертеңіне байланысты ой-толғамдары мен сөз түйіндері сараланды. Публицистің публицистикалық туындыларының қырлары ашылып, көсем сөз зергерлеріне тән қасиеттері зерделенді. Публицистикаға әр сала мамандары ат салысатындығын ескере отырып, қаламгер ғалымның публицистикалық қырын ашудағы мақсатымызды атай кетсек. Егеубаев ғалым, қаламгер ғана емес белгілі публицист екендігін дәлелдедік. Ақындар мен қаламгерлердің публицист болуы біздің қазақ халқында ғана емес өзгелерде де бар мысал. Сөзіміз дәлелді болу үшін Т. Бекниязовтың «Журналистің шығармашылық шеберлігі» деген оқу құралынан үзінді келтірсем: «Қай кезде де ірі қаламгер жазушылар публицистика саласында да жетекші рол атқарып отырған. Бұл – тіпті, басқа елдер жазушылар тәжірибесінен де белгілі. Орыс халқында Пушкин классик ақын ғана емес, сонымен бірге құнды публицистикалық туындылар берген қаламгер ретінде бағаланады… Мәселен, «Пушкин — публицист», «Белинский – журналист», «Горький – журналист» деген кітаптардың шығуы да соның дәлелі» [53] Асқар публицистикасында адамгершілік, мемлекеттілік, ұлттық рух сияқты біздің қазіргі қоғамға аса қажетті ұғымдар қамшының мінсіз өріміндей ұштасып, өріліп жатыр. Бұл тақырыптар біз үшін мәңгілік әрі аса құнды, маңызды болмақ. Ақындық, ғалымдық әрі сыншылық Егеубаев творчествосының аса бай тармақтары әлеуметтік, мәдени тағы басқа салалардан тысқары таза ғылыми тақырыптағы публицистикасы ұлттық рухани қазынамызға қосылған теңдессіз құнды еңбектер санатында. Әлем әдебиетінің қатарына қосылған көне түрік жазба ескерткіштері жайында жазылған талдамалық мақалалары болмысы бөлек дана ойдың жиынтығы іспетті. Егеубаевтың ерлікке пара-пар осынау күрделі еңбегі жайында көптеген қаламгерлер мен зерттеушілер пікір білдірді. Мәселен, Жүрсін Ерман: «Бұл айтуға ғана оңай болғанмен, аудармашыдан, ғалымнан асқан еңбекқорлық пен ғылыми алымдылықты тілейтін рухани өміріміздегі орнын біз әлі саралап үлгермеген күрделі еңбек!» дейді[54]  Осы бағалау шындыққа жақын келеді. Бұл еңбек табандылықпен қатар парасаттылықты талап ететін өресі биік туынды екені сөзсіз. Мұндай салмағы басым сүйекті еңбекпен айналысу Асқар Егеубаев сияқты тума талантты тұлғалардың маңдайына жазылған сый болмақ. Көне түрік мұраларын аударудағы Егеубаев еңбегінің шексіз көп екендігін осы сала мамандары мойындап, оны ерекше жоғары бағалады. Мәселен, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының бірінші вице-президенті Өмірзақ Айтбай «Ұлттық танымның күретамыры» деген мақаласында былай: «Бұл күрделі мұраны игеру үшін әрі ақындық-жазушылық, әрі ғалымдық тәжірибе, қабілет қажет екендігі сөзсіз. Оның үстіне бірнеше әліпбиді де білетін сол замандар заңдылығын бағдарлай алатын маман болуы да шарт еді» дейді [55]   Тіл жанашыры ағамыз айтқандай бұл бай мұраны ана тілімізге тәржімалап, ел игілігіне жарату үшін көптеген талап болатыны шындық. Ұзақ жылғы тәжірибе нәтижесінде табандылық пен ғалым Егеубаев ұлт игілігіне ұсынды. Рухани олқылығымыздың біраз кемістігін толтырған бұл мұра қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін қымбат қазыналар қатарында.  

Қазақтың маңдайна біткен қайраткер азаматтарының бейнесі Егеубаев қаламымен бейнеленіп өзінше бір биігін тапқан. Абайдай кемеңгер ақынды тәуелсіз қазақ көзқарасымен бағалап, ұлы тұлғаны әлем ойшылдарының қатарынан орын береді. Бұл тақырып бойынша жазған туындыларының біразы талдау мақала болса Өзбекәлі Жәнібеков, Мәлік Ғабдулинге қатысты жазбалары портреттік очеркке келеді. Сөзіміз дәлелді болу ғалым пікіріне тоқтала кетейін. Портреттік очерк жайында профессор Тауман Амандосов былай« Онда автор өз кейіпкерлерінің өмір еркшеліктерін, оның өмірінің қалың оқушы бұқара  үшін үлгі боларлық жайларын суреттейді. Адамды типтік дәрежеде көрсетумен біре, ол туралы баяндалған жайлар оған ғана тән болумен бірге, кейіпкер көпшіліктен оқшау тұрады » дейді. [56]  Жоғарыдағы аты аталған екі тұлға жайндағы очерктерде олардың қайраткерлік, азаматтық, білімпаз бейелері елден ерекше бейнеленіп, тұлғалық тұрпаттары халыққа үлгі ретінде беріледі.   

Ғаламдану үрдісі күн сайын тасқындап келе жатқан ақпарат ғасырында елдік пен ұлттық болмысты сақтап қалудың бірден бір жолы ұлттық руқ, ұлттық мәдениет. Ұлт әдебиеті халықтың қан жүгірген тамырындай негізгі тіні. «Алтайдың шаңын балқанға қосқан» ұлы сахара жұрты болмысынан тәуелсіз жаратылған тәлейі бөлек бұла халық. Адамгершілік, кішіпейілдік, қайсарлық руқты қазақтың қанында бар қасиет. Міне мұның бәрі Егеубаев публицистикасының негізгі  алтын арқауы, адамдық ұстанымы .Публицистің осынау көсем ойлары мен көреген пікірлері жұмыс барысында талданып, таразыланды. Игі ниетпен ізгі ойлардың іске асуы ертеңгі күннің еншісіндегі іс. Бүгінгі және кешегі журналист еңбегі келешек ел тарихы.   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сілтемелер көрсеткіші

1.Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы; Жазушы, 1989. – 320 б.

2.Амандосов Т. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. – Алматы; Мектеп, 1978. – 273 б.

3.Қожакеев Т. Жас тілшілер серігі. – Алматы; Рауан, 1961. – 224 б.

  1. Ерман Ж. Асқар асқан асу // Алматы ақшамы. – 2000. – 29-наурыз.
  2. 5. Егеубаев А. Тәуелсіздік – тұғырың, біліктілік – жұлының…// Егемен Қазақстан. 12 желтоқсан 2000 ж .
  3. Егеубаев А. Тәуелсіздік – тұғырың, біліктілік – жұлының…// Егемен Қазақстан. 12 желтоқсан 2000 ж.
  4. Егеубаев А. Қауіп-қатерге қазақтың дауасы – ұлттық рух немесе Абылай ханның қазаққа әкелген жеңісінің қызығын ұзақ көре алмадық, бүгінгі жеңісіміз баянды болар ма екен? // Егемен Қазақстан» газетінің 1999 жылы 20-желтоқсан/.
  5. Егеубаев А. Қауіп-қатерге қазақтың дауасы – ұлттық рух немесе Абылай ханның қазаққа әкелген жеңісінің қызығын ұзақ көре алмадық, бүгінгі жеңісіміз баянды болар ма екен? // Егемен Қазақстан» газетінің 1999 жылы 20-желтоқсан.
  6. Ыдырысов Т. Шеберлік бастауы. – Алматы; Мектеп, 1984. – 191 б. 71!
  7. Егеубаев А. Қауіп-қатерге қазақтың дауасы – ұлттық рух немесе Абылай ханның қазаққа әкелген жеңісінің қызығын ұзақ көре алмадық, бүгінгі жеңісіміз баянды болар ма екен? // Егемен Қазақстан» газетінің 1999 жылы 20-желтоқсан.
  8. Егеубаев А. Ұлттық сананың ұйтқысы // Егемен Қазақстан. 28.05.2005.
  9. Егеубаев А. Ұлттық сананың ұйтқысы // Егемен Қазақстан. 28.05.2005.
  10. Егеубаев А. Мәселе атында емес, затында // Егемен Қазақстан. 5 сәуір 2002 ж.
  11. Егеубаев А. Мәселе атында емес, затында // Егемен Қазақстан. 5 сәуір 2002 ж.
  12. Егеубаев А. Ұлттық сананың ұлан асу, ұлы құбылыстары // Қазақ әдебиеті. 03.06.2005 ж.
  13. Егеубаев А. Ұлттық сананың ұлан асу, ұлы құбылыстары // Қазақ әдебиеті. 03.06.2005 ж.
  14. Егеубаев А. Ұлттық сананың ұлан асу, ұлы құбылыстары // Қазақ әдебиеті. 03.06.2005 ж.
  15. Егеубаев А. Текті тұлға // Қазақ әдебиеті. 26 маусым 2002.
  16. Егеубаев А. Қажымас қара нар еді // Егемен Қазақстан. 30 желтоқсан 1998.
  17. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 292 б.
  18. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 295 б.
  19. Егеубаев А. Аңыздан туған ұстаз — әдебиет айдыны. 06 сәуір 2006
  20. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 316.
  21. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 313 б.
  22. Егеубаев А. Ұлттық тарихи сана әліппесі // Әдебиет айдыны. 2006 жылдың 29-маусым.
  23. Егеубаев А. Түркі әлемінің ұлы мұрасы. Әдебиет айдыны. 9-қаңтар 2006.
  24. Егеубаев А. Түркі әлемінің ұлы мұрасы. Әдебиет айдыны. 9-қаңтар 2006..
  25. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 7 б.
  26. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 8 б.
  27. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 12 б.
  28. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 31 б.
  29. Егеубаев А. Түркі әлемінің ұлы мұрасы. Әдебиет айдыны. 9-қаңтар 2006.
  30. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 31 б.
  31. Егеубаев А. Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігін» қазақша сөйлеттім // Қазақ әдебиеті. – 2000. – 24-наурыз.
  32. Егеубаев А. Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігін» қазақша сөйлеттім // Қазақ әдебиеті. – 2000. – 24-наурыз.
  33. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 192 б
  34. Егеубаев А. Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігін» қазақша сөйлеттім // Қазақ әдебиеті. – 2000. – 24-наурыз.
  35. Егеубаев А. Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігін» қазақша сөйлеттім // Қазақ әдебиеті. – 2000. – 24-наурыз.
  36. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 12 б.
  37. Егеубаев А. Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігін» қазақша сөйлеттім // Қазақ әдебиеті. – 2000. – 24-наурыз.
  38. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы, Ана тілі, 1998. – 192 б.
  39. Ерман Ж. Асқар асқан асу // Алматы ақшамы. – 2000. – 29-наурыз.
  40. Егеубаев А. Сөз жүйесі. Сын кітабы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 272 бет. 275 б.
  41. Егеубаев А. Сыр мен сымбат. – Алматы: Жазушы, 1981. – 224 бет. 9 б.
  42. Егеубаев А. Сыр мен сымбат. – Алматы: Жазушы, 1981. – 224 бет. 131-132 б.
  43. Егеубаев А. Сыр мен сымбат. – Алматы: Жазушы, 1981. – 224 бет. 127 б..
  44. Егеубаев А. Сыр мен сымбат. – Алматы: Жазушы, 1981. – 224 бет. 127 б..
  45. Егеубаев А. Сыр мен сымбат. – Алматы: Жазушы, 1981. – 224 бет. 131-132 б..
  46. Егеубаев А. Сыр мен сымбат. – Алматы: Жазушы, 1981. – 224 бет. 177 б.
  47. Егеубаев А. Сөз жүйесі. Сын кітабы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 272 бет. 275 б..
  48. Егеубаев А. Сөз жүйесі. Сын кітабы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 272 бет. 275 б.
  49. Егеубаев А. Қауіп-қатерге қазақтың дауасы – ұлттық рух немесе Абылай ханның қазаққа әкелген жеңісінің қызығын ұзақ көре алмадық, бүгінгі жеңісіміз баянды болар ма екен? // Егемен Қазақстан. 1999, 20-желтоқсан.
  50. Бекниязов Т. Журналистің шығармашылық шеберлігі: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 174 бет. 12.

54.Ерман Ж. Асқар асқан асу // Алматы ақшамы. – 2000. – 29-наурыз.

  1. Айтбай Ө. Ұлттық танымның күретамыры // Егемен Қазақстан. 2001. 6-мамыр.
  2. Амандосов Т. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. – Алматы; Мектеп, 1978. – 273 б.

                      Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

 

  1. Қазақстан Республикасының Конститутциясы. – Алматы. 2000 ж.
  2. Қазақстан Республикасының «БАҚ туралы» Заңы. – Алматы. 2000 ж.
  3. Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы; Жазушы, 1989. –320 б.
  4. Амандосов Т. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. – Алматы; Мектеп, 1978. – 273 б.
  5. Қожакеев Т. Жас тілшілер серігі. – Алматы; Рауан, 1961. – 224 б.
  6. Ерман Ж. Асқар асқан асу // Алматы ақшамы. – 2000. – 29-наурыз.
  7. Егеубаев А. Тәуелсіздік – тұғырың, біліктілік – жұлының…// Егемен Қазақстан. 12 желтоқсан 2000 ж.
  8. Егеубаев А. Қауіп-қатерге қазақтың дауасы – ұлттық рух немесе Абылай ханның қазаққа әкелген жеңісінің қызығын ұзақ көре алмадық, бүгінгі жеңісіміз баянды болар ма екен? // Егемен Қазақстан» газетінің 1999 жылы 20-желтоқсан.
  9. Ыдырысов Т. Шеберлік бастауы. – Алматы; Мектеп, 1984. – 191 б.
  10. Егеубаев А. Ұлттық сананың ұйтқысы // Егемен Қазақстан. – 2005. –28-мамыр.
  11. Егеубаев А. Ұлттық сананың ұлан асу, ұлы құбылыстары // Қазақ әдебиеті. – 2005. – 03-маусым.
  12. Егеубаев А. Мәселе атында емес, затында // Егемен Қазақстан. – 2002. – 5-сәуір.
  13. Егеубаев А. Қажымас қара нар еді // Егемен Қазақстан. – 1998. – 30-желтоқсан.
  14. Егеубаев А. Кісілік кітабы. – Алматы; Ана тілі, 1998. – 292 б.
  15. Егеубаев А. Ұлттық тарихи сана әліппесі // Әдебиет айдыны. – 2006. – 29-маусым.
  16. Егеубаев А. Түркі әлемінің ұлы мұрасы. Әдебиет айдыны. – –9-қаңтар.
  17. Егеубаев А. Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігін» қазақша сөйлеттім // Қазақ әдебиеті. – 2000. – 24-наурыз.
  18. Егеубаев А. Сөз жүйесі. Сын кітабы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 272 бет.
  19. Егеубаев А. Сыр мен сымбат. – Алматы: Жазушы, 1981. – 224 бет.
  20. Бекниязов Т. Журналистің шығармашылық шеберлігі: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 174 бет.
  21. Айтбай Ө. Ұлттық танымның күретамыры // Егемен Қазақстан. 2001. 6-мамыр.
  22. Баялиева Дәмегүл: «Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық мәдениет, салт- дәстүр және тіл мен стиль мәселелері». Қарағанды. 1999 ж