АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Дипломдық жұмыс. М. Байғұт шығармашылығы

Мазмұны

 

Кіріспе…………………………………………………………………………………………….

 

І тарау. М.Байғұт шағын проза шебері.

1.1. М.Байғұттың әңгіме кейіпкерлерін жасаудағы өзіндік

ерекшелігі…………………………………………………………………………………………

1.2. Автордың кейіпкерлерге көзқарасын бағдарлай отырып жазушының идеясын тану…………………………………………………………………………

1.3. М.Байғұт әңгімелеріндегі кейіпкерлердің арасындағы қарым – қатынас…………………………………………………………………………………………………….

 

ІІ тарау. М.Байғұт шығармаларындағы табиғат көрінісі мен тіршілік көзі.

2.1. Жазушы қаламынан туындаған «Интернаттың баласы»………………

2.2. М.Байғұт шығармаларындағы табиғат суреті……………………………..

 

ІІІ тарау.

 

Қорытынды…………………………………………………………………………………….

Пайдаланылған әдебиеттер………………………………………………………………

 

 

Кіріспе.

 

Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі қазақ әдебиетінің күрделі мәселелерінің бірі – жазушының шығармашылық лабораториясын зерттеу болып табылады. Ұлттық әдебиетімізде бұл сала ХХ ғасырдың 30 – 40 жылдарынан бастап қолға алынды.

Ақын — жазушылардың шығармаларында ел өмірі, оның қоғамдық құрылымдағы болмысын суреттеуі әрі қарызы, әрі парызы саналады. Көркем әдебиетте халықтың озық дәстүрінің ұлттық қасиетінің, мәдениетінің сипатталуы – қалың оқырман үшін рухани азық. Бұған көңіл бөліп отыру қаламгерлердің басты мұраты. Сондықтан да елбасымыз Н.Ә.назарбаев биылғы жылғы жолдауында: «Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз», — [1: 3] деп, азаматтық борышымызды нақтылап көрсетіп берді.

Ширек ғасыр ішінде, тап осы мәселені зерттеген іргелі еңбектер өмірге келді. Осындай еңбектерді өмірге әкелген: М.Әуезов, С.Мұқановтар соны соқпақ салған, бұл дәстүр  қазіргі әдебиетімізде де, жан – жақты жанданып, аз ғана уақыт ішінде сыншылардың қатары бой көтерді. Бұған дәлел ретінде, Ш.Елеукенов, З.Серікқалиев, Б.Майтанов, С.Жұмабеков, Ж.Дәдебаевтың т.с.с. ақын – жазушылардың еңбектерін атауға болады. Әлі де, әдебиетімізде зерттеуді қажет ететін, өзіндік айтары бар ғылыми жүйеге объекті болатындай талантты жазушылардың бірі – М.Байғұт шығармашылығы  болып табылады.

М.Байғұт қысқа жазудың шебері дейміз. Ал, «Шеберлік» дегеніміздің өзі – тар шеңберде алғанда, адам бейнесі, табиғат көрінісі, қимыл, іс — әрекет сияқты әдебиеттік түрлі образдар жасау үшін қажетті сөздерді талғап, ұқыптылықпен қолдана білу [2: 36].

Жазушы шеберлігі сол, екі бетке жүк болатын оқиғаны екі ауыз сөзбен көз алдыңа алып келеді. Оның әңгімесі болсын, повестері болсын оқыған сайын, оқығың келе береді. Қаламгеріміздің идеясы мен эстетикалық тұғыры ересектер мен балалар әлемінің бір тұтастығы мен өзара қатынасы, бірі – бірінсіз өз бетінше өмір сүруінің мүмкін еместігін айтады. Жазушының қай шығармасын алсақ та, көркемдік жағынан өзіндік бір мінезі, тақырыбы бар. Біз бұл тұжырымды оның «Доланай шахтасы», «Интернаттың баласы», «Жанымайдың жотасы»,  «Ақ орамалды қыз», «Жемелек» әңгімелерінен айқын сезінеміз.

Қаламгеріміздің өзге жазушылардан ерекшелігі өзіндік өрнегі – қосымша ат қою шеберлігі. Кез – келген шығармасын оқи қалсаңсыз, кейіпкерлердің қазіргі тілмен айтқанда, «кличкасына» кездесесіз. Өмірдегі әзілқой жазушының бұл да бір өзіне тән мінезі болса керек. Мәселен, қатын – дұшпан, Жезбалақ – Тілеміс, Светлана – Сәуле, Штирлиц – Кеуіртбек,  Миссис Майра, Мистер Мамыр т.с.с.

Тәуелсіз елдің жаңа адамын, жаңа күрескерін, жаңа қайраткерін, жиырма сегіз жастағы жас мұғалімнің ұстаздық еңбегіндегі бәйшешек жаңалықты, елдік мақсаттағы бүршік атқан бәйшешек тіршіліктің трагедиясын, барша сырымен, барша арманымен, барша мұратымен, барша өкінішімен суреттеп шыққан.

Қазақ халқының мақтанышы мен ыстық махаббатына бөленіп жүрген қаламгеріміз, екі дүркін республикалық «Жалын» баспасының сыйлығына ие болды. 1996 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталған.

Қоғам қайраткеріміз, Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінде, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде көп жылдар бойы әдеби қызметкер, мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болды, облыстық партия комитетінде қызметтер атқарды. Қазіргі таңда, 2005 жылдан бері тілді дамыту басқармасының бастығы қызметін атқарып келеді. «Тіл төңірегіндегі таза тіршіліктің түйесі мен биесі, ығай – сығай иесі болмаса да, киесі бар. Тіл бастыққанды емес, бас тіккенді тілейді» деп суреткердің өзі айтқандай, тілге табынып, елге жағынып еңбек еткенге не жетсін [3: 2].

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазіргі қазақ әдебиетінде М.Әуезов, Ж.Дәдебаев, Ш.Мұртаза, З.Серікқалиев, Б.Майтанов, Ш.Елеукенов сынды жазушылардың жолын жалғастырушы қазіргі таңда көптеген әңгімелермен баспа, бетінен жарық көрген, дара талантымен танылған шебер иесі — М.Байғұт. Жазушының мерейтойына байланысты жарық көргені, сондай – ақ кейбір ғалымдардың  еңбектерінде қысқаша сөз болғаны болмаса, жазушының шығармашылығын арнайы зерттеген еңбек жоққа тән. Жазушы туралы үлкен сыншымыз Тәкен Әлімқұлов «Мархабат Байғұт – тұңғыш әңгімелер жинағымен – ақ танылып үлгерген жазушы… «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істей жүріп, неғұрлым, нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді,» — дейді [4:2].

М.Байғұттың шығармашылығының көркемдігі, мәні С.Жұмабеков «Менің Мархабатым», Т.Әжібектің «Шындықтың шынайы шымылдығы» (1996), А.Байғұлов «Аққұзардың азаматы» (1995), Ж.Боранбаев «Мархабаттың мәртебесі» (1995), З.Қыстаубайұлы «Жеті жарғы» (1998) т.б. еңбектерінде шолу жасалынды.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеті. Зерттеу жұмыстың басты мақсаты – М.Байғұт шығармашылығының негізі, жазушының кейіпкерлер образын жасаудағы өзіндік ерекшелігін, оның суреткерлік шеберлігін, қосымша ат қою өрнегі, қысқа да нұсқа жазу шеберлігін бағдарлай отырып, жазушының қазіргі қазақ әдебиетіндегі алар орны мен қосатын үлесін анықтай отырып төмендегі міндеттер қойылды:

  • жазушының әңгіме кейіпкерін жасаудағы өзіндік ерекшелігі.
  • Қаламгер шығармашылығындағы табиғат суреті.
  • Автордың кейіпкерлерге көзқарасын бағдарлай отырып, жазушының идеясын тану.
  • Суреткердің кейіпкерлер арасындағы қарым – қатынастың әңгімелер арасында айқындалуы,

Зерттеу нысаны. Аталып отырған тақырыптың негізгі  мәнін ашу мақсатында, М.Байғұттың  «Айып», «Доланай шахтасы», «Көрпесайдың кітапханасы», «Ақ орамалды қыз», «Жанымайдың жотасы», «Жалбыздың жағасында», «Жемелек», «Варвараның көмбесі» әңгімелерімен «Интернаттың баласы» повестін негізгі зерттеу нысанына айналдыру.

Зерттеу әдістері. Бұл дипломдық жұмыс жинақтау, сараптау, бақылау қорыту әдістерінің негізінде жазылды.

Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспе, негізгі бөлім мен қорытыныды және пайдалынылыған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Негізгі бөлімде «М.Байғұт шағын проза шебері» мен                                       «М.Байғұт шығармашылығындағы табиғат суреті мен тіршілік көзі» деп аталатын екі тарау қарастырылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І ТАРАУ МАРХАБАТ БАЙҒҰТ ШАҒЫН ПРОЗА ШЕБЕРІ

 

1.1. Мархабат Байғұттың әңгіме кейіпкерін жасаудағы өзіндік ерекшелігі

 

         Қазақ қаламгерлерінің творчествасынан орын алған әңгімелер аз емес. Әңгіме жайын сөз еткенде Б.Майлин,  М.Әуезов,  Ғ. Мүсірепов сияқты жазушылрдың өнегелі ұлы ісін ұстаған жөн. Бірақ оның бәрін тәптіштеп жату біздің тақырыбымыз емес.

         Мархабат Байғұтов әңгімелерінен авторлық артық баяндау, геройлардың өзара сөйлесуіндегі шексіздік, кейіпкердің портретін жандандырамын деп  жаңсақ нәрселерге теңеу сияқты шұбалып жүрген артық сөздерді кездестіре бермейміз. Осындай  басы артықойлардан аулақ болуды тұтқан автор, әңгімелеріндегі кейіпкерлеріне өз тарапынан портрет жасай беруге мырзалық танытпайды. Жазушы оқушысына геройын терең танытуға, кейіпкерінің өз сөзін, кейіпкерлердің өзара сөйлесуін жиі пайдаланады.

         Әңгіме мазмұнынан осылай танылған кейіпкер, оқушының көз алдын жақын келіп, тіпті ол ауылыңдағы ескі танысыңа ұқсап кетеді. Сондықтан, Мархабат жасаған кейіпкерлердің бірінің қимылына өзіңнен-өзің күлесің, бірінің мінезінен  түңілесің, бірін аяйсың, біріне сүйсіне қарайсың.

         «Доланай  шахтасы» әңгімесіндегі қалтасында ақшасы бола тұрып, қасындағы Ермектен ақша қарыз сұраған Қасаттың сараңдығын Тілеміске теңейді. Тілеміс деген арқалының шық бермес Шығайбайы болған екен. – Сен сол Тілеміссің, оны аз десең, көмусіз қалдырған туысын Көбдікті де білеміз – депті Ермек ашуланып. Жазушы  осы кездегі  Қасат бейнесін:

         «Қасат қалшылдай жөнелді!. Басы тым үлкен еді. Қара есектің шылбырын долананың бұтағынан шеше алмады. Қолдары дірілдеп, шынтақтары шошаңдады. Ақырында шешті-ау шылбырды. Иегі де шошаңдап кетер ме еді, басының салмағымен омырауына тіреліп, сақалы қойтасқа жаншылған киік отындай болып көрінді» — деп суреттейді [5: 142].

         — Өз басындағы қатыгездік пен сараңдық бетіне басылған кездегі Қасаттың портреті қоспасыз, қысқа тұжырымды, дәл берілген. Қасат бойындағы ашу-ыза психологиялық өзгеру, оның барлық физиологиялық құрылысымен қоса құбылған сияқты. Жазушылық үйлесімділік, жазушылық шеберлік деп, осыны айтсақ керек.

         Жазушының «Айып» әңгімесін оқып отырып, қайта-қайта еріксіз езу тартасың. Арысбайдың жанұясындағы кемшіліктер біздің ауылдағы бірнеше жанұяға ортақ екенін ұғындым. Мархабаттың «Айыбында»  Арысбай, ал біздің ауылда аттары басқа — басқа. Аттары басқа — басқа болғанмен балаларындағы жігерсіздік, тәртіпсіздік, намысы жоқтық бір-бірінен аумайды.

         Мархабат атай жасаған кейіпкердің дара болмай, әр оқушының аулынан топ-топ болып табылуы – шығарма тақырыбының шыншылдығы, басты кейіпкерінің типтілігі. Арысбайдың сөзіне кұлақ салайық.

         «Аспандарын –Арысбай, бастауыш кластан аса алмады. Жерлерің – Жүзімкүл байғұс жетіншіні  өліп-талып бітірген, — деп күбірледі, баласының аттестатын ұстап отырған күйі. – Бірақ біз  соғыстың кесірінен оқи алмап едік. Мыналарға  не жоқ енді?!.

         Автор Арысбай өз сөзі бойынша жанұясындағы білімсіздікті, балаларының да өздерінен аса алмағанына өкіндіреді.

         Өз баласын өзі сабап, учаскелік милицияның сұрауынан директордың көмегімен құтылып, заң қызметкерлеріне айып төлеп, ауылда келіп түскен Арысбайға  көзі түскен ауыл адамдары:

  • Арысбай зауытқа ауысқан ба?

— Сырттай оқуға түскен шығар?

— Кешкі оқуға кірген шығар? – десіп мырс-мырс күліскен.

— Қамап  қойыпты деп жүр еді.

— Кеше ақша сұрап жүрген. Бірдеңе беріп құтылған екен десіп, болжам жасағандар да болған. Автор осы бір азғана диалог арқылы  ауыл адамдарының болмыс тіршілігін алдына жайып салғандай [5: 249].

«Көрпесайдың кітапханасы» әңгімесінде білімділікке қарсы білімсіздіктің, ізгілікке қарсы көрнекіліктің, салауаттылыққа қарсы маскүнемділіктің зардабын тартып жүрген кітапханашы Сейсенкүлдің жан-дүниесін тербеткен қайғысын өзіне баяндатады.

«Жапырақ кешіп жүргенді мен де ұнатамын. Жалғызсырап, жабырқаған шақтарында алыста болса да сені ойлайтын адамның жер бетінде бар екендігіне сену де бір бақыт білем. Бірақ ондай жұбаныш та менің маңдайыма жазылмаған шығар. Менің бақытыма кітап деген нәрсе ойлап шығарылыпты. Кітаптарға рахмет. Жалғызсыраған кездерімде маған кітаптарым көмекке келеді. Ал күйеуім кіт апты  жек көреді. Кітап атаулыны көргісі  келмейді. Мені  кітаптың кейіпкерлерінен  қызғанып өле жаздайды. Үйімізде бірде-бір кітап жоқ. Кітап көрсе, өртейді. «Сен кітапхананы қашан тастайсың, мен  арақты сонда тастаймын», -дейді. Ал, кітапсыз, кітапханасыз мен қалай ғұмыр кешпекпін?»

Сейсенкүл тағдыры, Сейсенкүл суреті көз алдымнан кетпейді. Оқып отырғанында әңгімедегі  кейіпкер екенін ұмытып, көмектесудің жолына сапар шегетіндей қиялға кетесің, күйеуін бұл өмірден  қош айтыстыратын амал іздегің келеді. Сейсенкүл тағдырының аяныштылығын, жолдасының қатігездігін жай ғана түсінікті сөздермен дәл берген [5: 229].

«Ақ орамалды қыз»  әңгімесінде оқу жылы аяқталған соң, мектеп оқушыларының жазғы демалыста істейтін жұмыстарын белгілейтін жиын  өтеді. Осы жиында сөйлеп тұрған оқушылардың сүйікті ұстазының сол мезгілдегі бейнесін былай жасапты.

«Ақ шәйі жейдесінің жеңінен кірген жел ағайдың арқа тұсын ақ желкендей керіп жіберді. Кестелі жағасын қайта-қайта тартқылап, қос қолдап ұстаса да, болатын емес. Ағай сол ыңғайсызданғанымен, керемет келісіп тұрды. Ақ желкеннің әсерімен ағайымыз теңіз бетімен жүзіп жөнелетіндей көрінді.»

Жазғы жұмысқа кіріскенше асығып, тағат таппай су таситын бөшкелі арбаны иеленгісі келетін, еңбекқор шәкірттің баяндауында берілген ұстаз портреті сәтті суреттелген. Шәкірттің ұстазға деген ыстық ықыласы бірде ұстазын ақ желкендей деп сүйсінсе, бірде айдың теңіз бетінде сайраңдайтын кеме – дана шәкірт  идеясымен көркем таныту —  кез келген жазушының қолынан келе бермес.

Жазушы өрнектеген осы бір сурет, екінші бір жерде, жұмысқа кетіп бара жатқан еңбек адамдарының машина үстіндегі әдемі көрініспен астастырыла беріледі. «Мен машинаның ең артындамын… Қыздардың бәрі қызыл орамал, әйелдер ақ орамал тартқан. Қыздардың орамалы қызыл галстук секілді, машина селк-селк еткен сайын жел үрлеген жалындай  лап-лап жанады. Кешегі мектеп алдында өткен  жиналыста, онда сөйлеген директор ағайд ойладым. Маржанбике бастаған әйелдердің орамалдары директор ағайдың кестелі жейдесіндей аппақ-ау, аппақ. Жұмыс десе жүрегі алып ұшатын 6 – класс оқушысына бәрі жақсы. Ол үшін жұмысқа бару, жұмыс істеу, жұмыстан қайту бәрі-бәрі қуаныш. Осы сурет көз алдымыздан өткенде, біздің де кешегі ауыл шаруашылық жұмыстарына барған албырт шағымыз ойға түседі.

«Ақ орамалды қыз» әңгімесінің басты кейіпкері Қалбибінің  портретін жазушы өмірі ұмытылмастай етіп өрнектеген.

«Қалбибі біздің тұсымыздағы арықты шабуға кіріскен. Қара торы екен. Бет-жүзі дөп-дөңгелек, мұрны сәл келте біткен. Шашы беліне жетеді, қос бұрым етіп өрілген. Кемшілігі  оң жақ бетінде,  шекеге таман алақанның жартысындай қалы бар. Сол жағынан сүйкімді-ақ,  ал қалы бар жағынан басқашалау көрінеді. Әттең қалдың қалың, жалпақ болып жабыса қалғанын қарашы.» Осы портреттегідей қос бұрым етіп өрілген шашы бар, дөңгелек жүзді қара торы, бетіндегі қалы бар (үлкен кішілігіне қарамай) қыз көрсем, алдымен ойыма, содан кейін көз алдыма Қалбибі елестейді. Егер қалбибі портреті Мархабат ағай суреттегендей анық болмаса, ойға ұзақ сақталмаған болар еді [5: 350].

«Жанымайдың жотасындағы» жоғарғы оқу орнына Қанай аулынан бірінші оқуға түскен Пернеханның ауылға келгендегі бейнесі де әдемі суреттелген.

Пернехан  талмен қабаттасты. «Стиляга» болып кетіпті. Дэуталмен салыстырғанда тіпті шілбиіп, жіп-жіңішке көрінді. Шалбары санына жабысқан, ақ плащ киген, қызыл шалмасы бар, шашы қасының үстінен тегістеп қырқылған, желкесі күдірейіпті. Желкесі емес жақындағанда байқады, шашы екен.» Көз алдыңа қаладан ауылға  келген бір Пернехан емес, Пернехан сияқты бірнеше жас тізбектеліп, елес береді. Ол кейіпкердің өмір шындығынан алынғанын өмірде болған кейіпкер екендігін танытады.

Осы әңгімедегі дәл жоғарыдағыдай көркем жасалған портрет – Кендебай портреті. Жанымайдың  жотасына Қаратай шығарып салатын Кендебай. Ол Отан алдындағы әскери борышын орындап, ауылға демалысқа келіп, қайта аттанған. Кендебайдың ысылған ширақтығы, ауылдағы ағайындар мен Қаратайға деген ыстық ықыласы оқырман есінде ұзақ сақталады [6: 207].

 

Қанай ауылынан механик дайындайтын техникумға алғаш аттанған Базарбек болды. Бірақ оқуды толық аяқтай алмай, келіншек алып, ерте оралды. Әңгіме авторы біраз жағдайды Базарбектің өз аузынан баяндата отырып, ауылдық жерде шешімін таппай жатқан құпия сырдың бетін ашқандай болады.

Бұл суреттен бір жағынан Базарбектің келбетін танысақ, екінші жағынан тынысының құпиясын танимыз. Базарбек Қанай ауылы бойынша құрмет тұтар қариясы Қаратайдың әкесінің алдына келіп:

«- Қоймаймын, ашып айтыңыз?!

Бі-ле-ем, білем мен сырттай қарағанда  тып-тыныш, моп-момақан ауылсыңдар, өсек-аяңға келгенде заулап тұрған дауылсыңдар, көке. Мені, ойхой бір, лаулатып отқа жағады –ай енді, оқудан шыққанымды, орыстан келіншек әкелгенімді……. оқудан шығып қалдым, көке. Оны да айтып қалайыншы, жасырып керегі не?! Үлгермедім, көке. Қанша  тырыстым, тырбаңдадым, бәрібір болмады. Мектепте Дөңкебай ағай уызға жарытпаған екен. Қиын екен. Қанайдың маңдайына арнаулы орта білімді механикті де жазбады ғой, жазбады. Енді мынау Қаратайлар  қиналмасыншы. Осылар оқысыншы…. Келініңіз орыс тілі пәнінен сабақ беретін, тіл техникумын бітірген, білдей маман, көке.  Жақтырасыз ба, жоқ па? Батаңызды бересіз бе, жоқ па? Бұл жерде шындықтан жалтармайтын, өз бойындағы және ауылдастардың бойындағы кемшілікке төзбейтін шыншыл, турашыл Базарбекті танимыз[6: 220].

Жазушының кейіпкерге портрет жасау шеберлігі «Жемелек»  деген әңгімесінде тағы бір қырынан танылады. Соғыстың ауыртпалығын бастан кешіп, қайтіп келгеннен кейін де тынымсыз еңбекке араласқан Жаманқұл кәрия күні бүгінге дейін «келіншегім» деп келген Тазагүліне ерекше  сыйластық пейіл білдіреді. Жаманқұлдың осы сезімін жазушы жандандыра суреттейді.

«Тегінде Тазагүлге ту сыртынан қарағанды қалайды. Мұндай қылықты қай кезде, қалай тапты, жадында қалмаған. Қазір  міне, қораның селдір тартқан тұсынан сығалайды. Келіншек демей, кім дерсің. Қос бұрымы қап-қара, жемелегі ұшында,  кір жуып отыр. Жігітінің жейдесі болар, сірә, жігітінің жейдесін ақ көбікке салып шайқайды келіп шайқады. Сөйтсе, қос бұрымы біресе белінің бергі жағына аунайды, біресе арғы жағына аунайды. Қымбат  шолпы тағынбай, жіптен ескен шашбауы – жемелеге еркелеп, Балбастаудағы балағына оралар балдыр болып ойнайды. «Адам көңіліндегі ыстық сезімді, ынтызарлықты суретке айналдырған деп ойлаймын. Міне, жазушы шеберлігі деп осыны айтса болады[6: 222].

Мен жазушының портретіне тоқталып, жазушының өзіне де сөз беріп, өз тарапынан шеберлігі мен жетістіктеріне тоқталдым. Бұған қарап, жазушы Мархабат өз шығармаларында ұнамсыз кейіпкер суреттемеген деген ұғым тумаса керек. Мархабат әңгімелерінде өмірдің көлеңке жағымен бұқпантайлап, жақсылардың алдын кесетін білімсіз, тоғышар, дүние-қоңыздарды назардан тыс қалдырмаған. Жазушы мұндайларды  табиғатынан жақтырмаса керек, тіпті әңгімелерінде суреттеген бұл кейіпкерлердің біреулеріне айдар тағып ат та қоймаған. «Көрпесайдың кітапханасында» кітапханашы келіншектің күйеуі мен «Жемелек» әңгімесіндегі Жаманқұлдың үлкен баласына белгілі есім бермеген. Ондай кейіпкерлерінің бойындағы өзін танытатын портретін өзіне жасатқан.

Екі қабатты үйде тұратын, астында «Еділ» атты машинасы бар Жаманқұлдың үлкен  баласына сөз берейік.

«- Елдің  сендей шалдары өздерін де, балаларын да қарқ қылып жатыр. Солардың көбі тіпті, соғыстың шеніне жетпегендер… Ал сен ?! Сен болсаң, сау тамтығың қалмай жараланып, жарым қаныңды беріп, Берлиннің қақ ортасынан оралдың. Сонда да бастықтарға баруға бет моншағың үзіледі де тұрады.» — деп әкесінің миын шағады[6: 224].

 

1.2. Автордың кейіпкерлерге көзқарасын бағдарлай отырып жазушының идеясын тану.

 

         Әрбір көркем шығарманың тақырыбы- жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы. Ал шығарманың идеясы – жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, немесе өмір құбылысына берген бағасы. Ал жазушының идеясы – көркем образ арқылы көрінген желілі ой. Олай болса, жазушы өзі бейнелеп, суреттеп отырған өмір құбылыстары арқылы оқушы назарын неге аударса, қайда бағыттаса, соны идея дейміз.  Идеясыз шығарма болуы мүмкін емес.

         Мен бұл бөлімде Мархабат Байғұтов әңгімелерінің тақырыбы және идеясын белгілейтін, автордың шығарма кейіпкерлеріне көзқарасын бағдарламақшымын. Жазушының әңгімелерінен үзінді келтіре отырып, оның бізді неге бағдарлап, неге мегзеп, неге тәрбиелеп отырғанын ашпақпын.

         Мархабат әңгімелерінің тақырыбы — әр алуан. Жазушы әңгімелерінің тақырыбына еңбекті, адамгершілікті, ізеттілікті, егіншілікті, сауданы, махаббатты, білімді т.т. арқау еткен. Мархабат  осы тақырыптарды меңгере отырып, өзі бейнелеген кейіпкерлер арқылы бізді өмірдің ең идеялды жақсы жақтарына баулиды. Жазушының әңгімелерін оқи отырып, көп нәрседен жиренеміз. Мархабат әңгімелеріндегі адам тағдырларының тайталасы, характерлер қақтығысы – оқушысын еріксіз есейтеді.

         «Варвараның көмбесі» әңгімесінде Қаламанның шешесі Варвара кемпірмен қоңсы тұрады. Варвара бақша дақылдарының барлық түрін егіп, жаз бойы еңбек етеді, жиналған өнімін жер асты қоймасына сақтайды. Варвараның дастарханында, жылдың қай мезгілі болса да, бақша дақылдары көздің құртын алып, ауыздың сілекейін шұбыртады. Осыны жастайынан көріп өскен Қаламан егіншіліктің бақша дақылдарын егуге баса назар аударады. Алынған өнімдерін Варвара кемпірше сақтап, ауыл адамдарына үлгі көрсетеді.

         Қаламанның еңбегін, еңбектің  желісін жұртқа үлгі етеді. Жазушы Қаламанның ұйымдастыру жұмысын баяндай келіп, еңбек нәтижесін: — Шарбағы жайнап тұрады. Картоп дейсіз бе, пияз дейсіз бе, помидор, қияр мен капуста дейсіз бе, бәрі бар-ау, бәрі бар. Ауылдастары картоп іздеп, Жуалыға сандалып жүргенде, Қаламан Қасымбеков бүкіл семьясымен өзінің бақшасынан қап-қап өнім жинап жатады. Картобы  қандай тағы да! Алты айлық бұзаудың  басындай тура. Қап-қап картопты Қаламанның өзі арқалып әкеліп, үйдің алдындағы бетон алаңда төгеді. Төгеді де жайып тастайды. Белгілі  уақыты өткен соң қыздары тізіліп, тізерлесе отыра қалып сорттайды-ақ! Сорттайды да кәдуілгі ұны, жемі тағы басқалары тұратын қоймасының астынан қазып, айналасын бетондап қойған көмбесіне құяды – деп баяндайды [5: 251].

Қаламан осындай байлығын алғашқыда үйренсін, ойлансын деп Әбден деген жақын ағайындарына беріп тұрады. Бірақ, Әбдендер ойланбады да, ұялмады да.

Жалқаулық меңдеген Әбдендер тұрмысын:

— Баяғы жатыс, баяғы ұйқы. Шымкенттегі тас үйлердің бесінші қабатында жатқандай ұйықтайсың – ау, бәтшағарлар. Шарбағы тозып, малы қысы-жазы бір оңалмайды. Не союға, не сатуға жарамайды сорлы мал. Әйелі де, балалары да аурушыл-ақ. Клубтың бір бұрышындағы фельдшерлік пункттің алдын бермейді. Әрине, Қаламаншалап айтқанда, уақтылы ыстық ішіп, әсіресе аптасына бір мезгіл құс етін жеп, сорпасын ұрттап, тұздалған көкөністі қытырлата шайнамасаң ауырмағанда не істейсің… Соны түсінгісі келмейді, бекер-босқа жатыс, бекер-босқа ұйқы, — деп  түсіндіреді [5: 262].

Иә, Мархабаттың бір әңгімесінен келтірілген осы екі үзінді оқушысын неге мегзейді? Өзінен-өзі түсінікті, еңбекқорлықпен жалқаулықты бір-бірінен қарама-қарсы қойып отыр. Оқушы еңбекқорлыққа ұмтылып, жалқаулықтан шошынады. Сөз жоқ, жазушы идеясы- еңбек тәрбиесі.

«Варвараның көмбесі» әңгімесінің идеясы бір кездегі «үкімет асырайды, үкімет аман болсын» деген кезеңге  қарағанда, бүгінгі нарықтық экономикаға көшкен кезде, бұрынғыдан да жарқырап,  ашыла түскен сияқты.

Адам өмірінің негізгі арқауы болған еңбек мәселесі жазушы творчествосынан еш уақытта тыс қалған емес. Еңбекті  жастар  зейініне ұялату, оның үлгісін суреттеудің тамаша үлгілерін жасады.

«Ақ орамалды қыз» әңгімесінде бірде мектептің алтыншы класс оқушысы жазғы демалыста су таситын бөшкелі арбаны айдауды армандаса, бірде жап-жас Қалбибінің бір үйлі жанға басшылық жасап, аурулы шеше мен іні-сіңлілерін еңбегімен асырап отырғанын, бірде орта буын, жұмыстың қай түрі болса да еңсеріп тастайтын Маржанбикені суреттейді. Оларды еңбектің үлгісі етіп көрсетеді.

Енді «Жемелек» әңгімесіндегі Ұлы Отан соғысы  жылдарында елді қорғауға аттанып, жаумен  жасқанбай соғысып, бірнеше жарадар болған Жаманқұлды алайық. Ол жасының  келгеніне қарамай ертелі – кеш колхоз жұмысының өзіне тиелісін атқарады. Өз шаруасын да мұнтаздай етеді. Соғысқа қатыстым, жараландым, еңбек еттім деп міндет қылмайды. Еңбегімен тапқанын қанағат қылады. Азанбай  қарт сияқты сумаңдамайды. Көрінген есікті ашып, бастықтардан жеңілдік алуды қаламайды. Жер атауларына, тіліміздегі кейбір сөздердің тарихына ойлы көзбен қарайды. Бір ұлт пен екінші ұлттың тіліндегі кейбір сөздердің ұқсастығына назар аударады. Бұл әңгімеде, біз айтып отырғандай адамгершіліктің биік тұлғасымен көрінген еңбектен өмір бойы жиренбеген асыл азамат көрінеді. Жазушы Жаманқұлды баршаға үлгі етеді.

Жазушы  «Жанымайдың жотасына» оқушысына басқа идея ұсынады. Бұл әңгімеде оқу, жастарға тіл тарихын, ел тарихын танытудағы   шалағайлықтарымыз сөз болады. Жоғары оқу орнында тіл мамандығын оқып жүрген Пернехан өзі Жанымайдың жотасына дейін шығарып салуға кетіп бара жатқан Қаратайға:

— Тарихтан не білесің, не сезесің сен? Түк те сезбейсің десем, ренжисің. Көп білесің, рас. «Ең Ежелгі Грецияны» өттіңдер ме? Өттіңдер. Жілік-жілігіне дейін шағып, құдайларына дейін қоймай кемірдіңдер, ә? Ал енді Қанайдың тарихын білесің бе? Білмейсің, сезбейсің, Қанайдың да, Қазақстанның да тарихын ең Ежелгі Греция мен ең Ежелгі Египеттен жүз, тіпті мың есе кем білесің. Сезбейсің. Рас па? Жарайды, жарайды жолға шығайық, — деген ой тастайды [5: 359].

Біздің Одақ кезіміздегі білім беру жүйеміздің осал тұстарын айтып отыр. Мархабат Ежелгі Греция, Ежелгі Египет деген сөздерден кейін орыс тарихы, орыс географиясы деп жалғастыруға коммунистік партиядан қаймыққан болуы керек. Мархабат сол кездің өзінде уақытты өз тілімізді оқытудан, орыс тілін оқытуға көп жұмсап, әуреленіп жүргенімізді көре білген. «Жанымайдың жотасы» әңгімесінің идеясы – осы идея. Жазушы жастарымызға білім берудегі осы кемшілігімізді байқата келіп, Пернехан сөзімен Қаратайға Түлкібас, Жанымайдың жотасы деген сөздердің тарихын, шығу төркінін түсіндіреді. Авторға сөз берейік.

— Айналайын – ау, Түлкібас болып кеткен төбе мынау тұр ғой. Жанымайдың түбінде тұр ғой. Оның қай жері түлкіге ұқсайды? Айтшы, кәне. Оның шын аты Түлкібасы. Біз әлі дәлелдеп шығамыз. Мен өткен ғасырдағы екі жазбадан, он тоғызыншы ғасырдың үшінші ширегінде шыққан екі кітаптан мына тарихи төбенің атын кездестірдім. Жанымайды айтпаймын, Түлкібасы төбесін айтамын. Сен сол төбеге көтерілдің бе?

Көтерілген жоқсың. Жанымайға  жетіп, шықпа жаным, шықпа деп қайтып кеткеніңе мәзсің. Туған өлке  тарихы мен тіліне осы бастан қызыға білу керек. Кезінде біз байғұсқа сөйтіп ақыл айтатын да адам болмашы. Сен мына төбеге шығып көрші?

Анау  Алатаудың аяғы да,  Қаратаудың басы да бәрі төменде қалады.

Сондай бір сиқыры бар. Қазығұртқа ұқсайды. Бұл төбемізді «Түлкібасы» деп атаған. Түркістан деген секілді….. Бір кезде бұл төбе түркі елінің кіндік ортасы болған деседі. Ел қорғауға арналған атақты шайқаста түркі әскерінің қолбасы қаза тауып, осы төбе басына жерленіп, «қолбасы», «түркібасы» төбесі атанған деседі. Әлгі әскер  басы басқыншыларды қуып тастап, ауыр жарасын осы біз екеуміз тұрған төбеде ғана байқап: «Жаным-ай!» деген. Жанымайдың жотасы содан қалған…. Колхозымыздың, ауданымыздың отызыншы жылдарындағы документтерінде: «Түркібасы ауданы» деп жазылған. Оны іздеп тапқан кім? Мына мені Жалқаумыз. Жай қимылдаймыз. Ұйықтап жата береміз. Қалғып-мүлгіп отыра береміз. Өзіміз ғана емес, сүйегі жоқ тіліміз де марғау «р» деуге ерініп «л» деп жібергенбіз,  — деген түсінік берді.

Иә, ой аяқталғанда өзіміз де ойға шомдық. Қисынға келетін сияқты. Жазушы тіліміздегі  сөздердің тарихи мәніне назар аудармаудың, оған қалай болса солай қараудың қыр-сырын айқындап отыр. Мархабат қолданыс аясы тарылып кеткен ана тілімізге жанашырлықпен қарау идеясын алға тартып отыр.

Байқап қарасақ, біздің егеменді ел болғаннан кейінгі байқаған ағаттықтарымызды Мархабат күні ілгері білген. Қазақтың тілге деген жауапкершілігінің төмендігін өз шығармасына арқау еткен

Жазушының «Айып» әңгімесінің идеясы – тәрбие мәселесі. Жазушы Арысбайдың  не білім алуға, не еңбек етуге зауқы жоқ қос ұлының тоғышарлығын бейнелеген. Қолы бос тоғышарлар әке мен шешенің, жанұяның жағдайларына қарамайды. Ертелі – кеш ойын-сауықтан қалмайды. Жалған  намысты сылтауратып, ұрыс – төбелестің бел ортасында болады. Ауыл адамдарының сыбыр-сыбыр әңгімесіне айналады. Әңгімені оқыған адам  Арысбайдан да оның балаларынан да түңіледі. Қылықтарына бірде налисың, бірде күлесің. Мархабат кейіпкерін жетесіз күйінде қалдырмай, совхоз директорының учаскелік инспектордың араласуынан кейін, қателігін мойындатып,  бір отар мал бағуға жібереді. Жазушы бұл жерде баланың  мектепте,  жанұяда қабылдамаған тәрбиесіне заң орны, қоғамдық ұйым, мекеме басшысы ықпал жасады деген идея туындатады.

Осы сияқты «Доланай шахтасында» Қасат бейнесі арқылы қатыгездікті әшекерелесе, «Көрпесайдың кітапханасы» әңгімесінде Сейсенкүл мен Гүлзира арқылы сұлулықты, білімдарлықты алға тартады.

Мархабат әңгімесіндегі кейіпкерлер образы дара, бір мезгілге тән кесек шындықты жинақы жеткізе біледі. Таңдап алған өмірлік құбылысқа автордың білдірейін деген идеясы анық, дәл берілген. Жазушының барлық әңгімелеріндегі кейіпкерлердің мінезіне бір көрініп танылған жай тағы бір жерде қайталанбай, басқа тың сипат қосылып, герой мінезі тереңдей түседі.

Сайып келгенде, Мархабатты проза жанрының әңгіме түрінде тақырып таңдай білетін, айтайын деген идеясын кейіпкерінің іс-әрекеті арқылы көркемдеп жеткізе білетін жазушы, деп білемін. Әңгімелерінің композициялық құрылысы жинақы, кейіпкер бейнесін анықтайтын жеке сюжеттер бір-бірінен ұйқасымсыз алшақтыққа бармайды, үйлесімді бірлікте баяндалады.

Жазушының маған ұнайтын бір ерекшелігі – тілінің жеңілдігі. Сөздері анық, ойы көбіне жай сөйлемдер арқылы беріледі. Сөзіміз жалаң болмас үшін авторға жүгінейік.

«Ақ орамалды қыз» әңгімесінде оқу аяқтала салысымен бригадирден су таситын бөшкелі арбаны сұрап барған балаға бригадирдің берген жауабына назар аударайық.

— Ақылың да кірейін депті, қалай сөйлеуді үйреніпсің. Жарайды бөшкелі арбаның бірін берейік. Қазір екеуі де суда жатыр. Оның күні туғанша он бес – жиырма күн бар. Егер осы уақыттың ішінде жүгері  жегенелеуге белсене қатыссаң, арбаны конкурстан тыс аласың. Қалай, келісесің бе? [5: 335].

Болмаса «Жемелектегі» Жаманқұлдың дүниеқоңыз, жетесіз үлкен ұлын сөйлеткен жерінде:

— Жыламаған балаға емшек қайда, бүгәнде? Сені қанағатшыл екен деп, қарапайым екен деп, Берлиннің қақ ортасынан қайтқан батырымыз екен деп, есіркей ме? Ондай адам қайда – а  — а?   Көрсем көзім шықсын [5: 373].

Байғұтов қазақ өмірінің бүгінгі тынысына үңілген кезде, жаңаша   өзгерістерді  көргіш,   Оның   кейіпкерлері  — Дон   Кихоттың әпенділігінен арыла алмаған,  сөйтсе де барға қанағат, жоққа салауат қылатын біртоға жандар. Бұл жағынан ол  Бейімбет Майлиннің  тікелей  мұрагерлік жора-сына жүре алады. Қулығына құрық бойламас кейбір зымияндықтарды суреттеуді ол нақты объектіге алып, сол алаңды шиырлап әуреге түсіп жатпайды. Көзге көрінбейтін, бірақ ылғи мысы басып тұратын әлгіндей күштің ырқынан шыға алмай жанталасқан «кішкентай» адамдардың арпалыс-әрекеті Байғұтовтың қаламынан шыққан уақытта траги-комедиялық жағдайға тұшындыра түседі. Бұл қырынан алғанда Байғұтов көне грек дүниесінің Антейі тәрізді, жерге табан тіреп тұрған кезде, ой-қиял өрісінен ешқандай селкеулік сезілмейді. Әдеби ортаға кеңінен мойындалған оның «Жемелек» әңгімесінің орындалу ерекшелігінен бірталай жаңалықты аңғаруға болады. Әңгімелеудің қазақы жолын тапқан бұл шағын шығарманың өн бойында шығыстық үлгінің жүлгесі анық байқалады. Бүкіл әлем мойындаған арабтық Нағиб Махфуздың тапқан өрнегіне келетіндей жаңалықты бірен-саран сыншылар да дер уағында байқап, атап өткен де болатын. Уақыт, кеңістік, әрекет сынды үш тағанды қазақы қалыпқа сала білген Байғұтовтың бұл әңгімесіне арқау еткен оқиғаны өрбіту жөнінен әдебиеттің ерқашты моралистік әдісіне салынбаған. Кейіпкерлер автордың еркіне бағынбай, өз бетінше әрекет етеді. Мұндағы нәзік юмор оқиғаға соншалықты жымдасып, нысандар арқылы ары қарай дамитын жағдаяттың әлеуметтік астарында ата-ана мен балалардың өзара қарым-қатынасы шынайылығымен  баурайды.  Чехов  бір  кейіпкерінің аузына: «Адамдар өмір сүруде неге бір-біріне кедергі жасайды?» деп сөз салатыны бар емес пе еді? Міне, «Жемелек» әңгімесінде бір-бірін жігіт пен қыз атайтын кемпір-шал өз отбасындағы осы бір түсіністікті қанағат тұтса, балалары оны қамсыздық деп біледі. Сол себепті де олар кемпір пен шалдың  сүттей   ұйып   отырған   тату-тәтті   тіршіліктерінің мазасын алуға тырысып бағады. Мұның бәріне және оқырмандық ниеттестікпен қарайсың. Бұл бір алаңсыздық немесе кержалқау қырсыздықтың көрінісіне саятын белгілі жағдаяттарды шиырлау емес. Сонау сексенінші жылдардың   бас   шенінде   жазылған   бұл   әңгімеден   қазір   көп айтылатын демократиялық ізгіліктерді аңдаған болар едік. Біздің ұлттық ата салтымыздан тамыр үзбеген әкелердің болмыстарынан жақсы нышандарды көре тұрып, тоталитарлық жүйеде тәрбиеленген балалардың кейбір өктемдеу қылықтарына түсіністікпен қарағың келеді. Осы бір ойға Байғұтовтың шығармашылық әдісінің өзі итермелейтін сияқты. Аға ұрпақ пен кейінгі толқынның арасындағы айырмашылықты ашқанда біріндегі биязылықта уақыттың үлесінен жүрексінбейтін адамзат жанының жастығын аңдайсың. Биологиялық мөлшері жағынан әлдеқайда жас, ал балалардың жанталасында өзімшілдік мол. Бүгінгідей әлеуметтік шетін жағдайларға байланысты туындап жатқан әр түрлі қиындықтарға қарап, кейде бір түрлі боп, » баз кешіп кеткен уақытта Байғұтовтың осы «Жемелек» әңгімесіндегі кейіпкерлердің қылықтарын есіңе түсірсең, әжептәуір жадырай бастайсың.

Шығармашылық ізденісінің жұлдызды сәтіне сәйкес туындаған бұл дүниенің көркемдік олжасы әлі талай зердеге салынып, безбенге түсер. Әйтсе де, Байғұтовтан дәл «Жемелек» сынды төрт құбыласы түгел, тұтас шығармалық бірегей дережеге көтерілген әңгімелерді көптеп күтетінің де рас. Баяғыда бір ғалым ағамыз аса сәтті дүниені оқыған кезде: «Осындай оншақты әңгіме жазсаң, әдебиет тарихында қаласың», — деп тілеулестік білдіргені еріксіз жадыңа оралады екен. Демек, өнердің орасан қысымына қажымас төзімділікке қоса, мойымас адамгершілік те керек-ау. Бұл тұрғыдан алғанда Байғұтов жақсы бастап, жаман аяқтайтын жазушының санатына жатпайтын сияқты. Сыпайы да сырбаз болмысынан, кішіпейіл де кісілікті қалпынан айнымайтын оның дер шағы қазір. Алпыс жас өмірдегі ақсақалдықтың қақпасы саналғанымен, шығармашылықтың екінді мезгілі емес қой. Ізденістің тұғырнамалық бағытын біржола белгілеп, қаламгерлік келбетін айқындай түсетін жауапты мезгілдей көрінеді.

Қазақтың жалпы әдеби ахуалынан ауылдық леп әлі де еркін есе беретін сияқты. Сондықтан да біздің ұлттық тіліміз жаңалық атаулыны қабылдау жағынан әлеуметтік құрылымымыздың кілтипанды тұстарына үңілуден бастайды. Ал, өмірлік материал ыңғай ауыл болып келе жатыр. Бұл, бәлкім, ұлттық сорымыз да болар, тіпті ұлттық құнардың ырысының өзі осында жатқан шығар. Әдебиетке әркім өз тақырыбымен тағдырын алып келген сайын ойлау жүйесінің ерекшелігі де біртіндеп керіне беретінге ұқсайды. Бірақ, әлгі Антейдің жерден табаны ажырамаған кезде халі мүшкіл болатынына қарағанда, Байғұтов  жұмыр басты пенде емес пе? Ол өзінің жеңіл жазу машығы арқылы қаламгерлік салмағын арттыратын әдісінің текірегінен жаңылып қалған сайын оңай шешімге қарай ұрына береді. Сонан кейін оның жанрлық стихиясы — әңгіме. Сәл көлемді дүниеге бара қалса, оқиғаны дамытудың арқау жібін босатып, динамикасын әлсіретіп алады. Қазақтық бірыңғай мадақтау үрдісіне салынғандық емес, Байғұтов, сөз жоқ, суреткер. Кейде бір күтпеген қорытындыға барып, жазушылық сергектік танытатынына таңырқап, қызығасың да. Әйтсе де, орыстың үлкен жазушысы В. Астафьев: «жазудың провинциалдығымен қатты арпалысып, ақыры жеңіп, шықтым», — деп бірде ағынан жарылғаны бар еді. Неге  екенін кім білсін, бізде осылай мойындау жағы жетіспей жатады. Өз мінін мойындай алмаған жерде бағалау жағының әділеттілігі де түпкілікті орнықпайтынға ұқсайды. Жақсы жазылған дүниеге ұлттық тұрғыдан қуану салты бізде осы  күнге  дейін   қалыптаспаған.  Яғни,   шынайы   шығармашылық іске деген ұлттық ынталандырудың кәде-жоралғыларынан біртіндеп ажырап барамыз. Ұрпақ алмасудың бүгінгідей үрдісіне құбылыстарды сараптаудың сыншылық қазылығы  да  кемшін  соғып жатқан  уақыт.  Жазушылық еңбектің ерліктен ғана тұратынын ескеруден қалып бара жатқан сыңайымыз да жоқ емес. Міне, осынау әлеуметтік оралымсыздықтарға қасақана қарсы тұрып, еңбек ететін-дерді ердің ері, егеудің сынығына баласа да болар. Осы бір бағалауда көлгір жасандылықтың жарықшақ сызаты сезілмесе  екен  дейсің.  Бір  ғана  Мархабат  Байғұтовтан өрістеген әңгіме мұншалықты мәселеге ұлғаюының аржағында нағыз жазушылыққа лайық азаматтық мұң-сыры да жататын шығар. Ендеше, Мархабаттың жазушылық мәртебені бір мысқал да төмен түсірмейтін кісілігі мол. Жан дүниесінің тазалығына қоса, шығармашылыққа деген ынтызарлығы адуынды, бұлақ  көзі  мөлдір,  ол  ешқашан бітелмейді.

 

1.3. М.Байғұт әңгімелеріндегі кейіпкерлердің арасындағы қарым-қатынас.

 

Мархабат әңгімелерінде суреттелетін басты кейіпкердің қадір-қасиеті оның әңгімеде суреттелетін басқа кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасында айқындала түседі. «Ақ орамалды қыз» атты әңгімесінде еңбекті жанындай сүйетін, сол еңбегінің арқасында халық қалаулысына айналған, кішкентай сіңілісі мен інісін, аурулы болып отырып қалған анасын бағып – қағып отырған Қалбибінің басындағы жұмысқа тартып жүрген ақ орамалын ерсі көрген Маржанбике арасындағы сұрақ-жауапқа назар аударайық.

  • Әй, қарағым, күйеуің не жұмыс істейді?
  • Ой, апай, күйеуге шығуға қол тимей жүр.
  • Онда басыңдағы орамалың неге аппақ? [6: 181].

Ойында ештеңе жоқ, аңқылдаған Маржанбике Қалбибінің басындағы орамалдың ақтығына қарап, тұрмысқа шыққан келіншек екен деп қалады.

         Қанша аңқылдақ болса да, Маржанбике аузынан шыққан сауалдан тұрпайылығына қарамастан Қалбибі қандай сыпайы жауап қайтарған? Маржанбикенің екінші сұрағына жауап қайтарып жатуды орынсыз деп білген сыпайы қыз, орамалын шешіп алып, бұрын көрмей жүргендей қарапты да қалыпты. Қарап-қарап тұрды-тұрды, үн-түнсіз кете барды. Әңгімедегі екі кейіпкердің қысқа ғана сөйлесуінен Қалбибі  бойындағы сыпайылық, әдептілік, ізгілікті жазушы әдемі танытқан. Кейіпкер бойындағы жақсы қасиеттерді жазушы өз тарапынан тәптіштеп жатпай, кейіпкердің өз сөзі, өз қимылы арқылы шебер көрсете білген.

 

«Жалбыздың жағасында» әңгімесіндегі даладан қалаға келе жатқан Тұрсынбек пен бесінші қабатта балконнан қарап тұрған қала адамының жағдайларын қысқа ғана автор мен Тұрсынбек тарапынан баяндап, екеуінің де тұрмыс – тіршілігін ойнақы әзіл ретінде жеңіл суреттеген. Түсінікті болу үшін Мархабатқа сөз беерйік.

«Қарсы үйдің бесінші қабатында, балконда белуарына дейін жалаңаш семіз адам тұр екен. Бұған қарап миығынан күлді. Қапшық арқалап, аптапта ақжемденген фуражка, қара костюм киген, шып-шып терге түскен Тұрсынбекке күліп тұр, әрине Е, күле берсін. Кім-кімге күлмейді бүгінде. Тас үйде сан қабатта Құдықсайдың теректеріндегі ұяда салықтаған шымшық құсап көрген күндерің бар болсын. Сен маған күлдің ғой, мен саған күлем. Ал, әйтпесе. Шымшық құсап, айнала алмайтын балконында аузыңды ашып, тамағыңды бүлкілдетіп, неменеге мәз боласың?!

Ыстық күнде қара костюм киген, терден ақжемделген бас киім, арқалаған қапшық даладан қалаға барған бір Тұрсынбек емес, бірнеше Тұрсынбектерді көз алдыңнан өткізеді, Бесінші қабаттағы балконда тұрған жалаңаш семіз адамның мүшкіл ахуалы да теректе қылқиған шымшыққа ұқсастырылып, ыстық күнгі мыңдаған  қала адамдарын көз алдыңа елестетеді.

«Ақ орамалды қыз» әңгімесінде орыс ұлтының өкілі Федерченко мен Маржанбике арасындағы сыпайы қарым-қатынасқа назар аударып көрейік.

  • Таулы ауылдың қыз-келіншектеріне сәлем! — деді Федерченко.
  • Абайлап сөйле, арамызда еркек бар, — деді Маржанбике.
  • Өте оңды болыпты. Бізге де бүгін бірнеше оқушы көмекке келді. Садағаң кетейіндер, болашақ осылардікі. Үйренгені өздеріне жақсы. Істегені бізге жақсы.

Осы кезде алысырақта жүрген ақ орамалды қыз жақындап келген.

 

— Қалай, айналайын Қалбибі, шаршамай жүрсің бе? – деп Федерченко оның көңілін де аулап жатыр [6: 182].

 

Таза қазақ тілінде сөйлеп, бірде еңбек адамымен қалжыңдаса сөйлесе, бірде көмекке келген оқушы жастардың ішіне кіріп кете жаздайтын, оларға алғысын ғана жаудырған Федерченко оқушы көңіліне жылы сезім ұялатады. Мархабат әңгімесіндегі осы Федерченкоға сүйсіне отырып, ата-бабасы қазақ даласында өсіп, өзі осы осы елдің топырағында дүниеге келіп, қазақтың сөйлеу тілін меңгере алмай, бірде қос азаматтық сұрап тырнақ астынан кір іздеп жүрген орыс ұлтының басқа азаматтарына ашу-ызаң келеді.

         Осы әңгіменің аяғы жай ғана 5-6 күнге көмекке барған еңбек адамдарының бір-бірімен көңілдері жарасып, еңбек үстінде бауырластай табысқаны, қоштасар сәттегі көңіл-күйлері нанымды берілген. Бұл жайда кейіпкерлердің өз сөздері арқылы суреттелген.

         Қалбибі қып-қызыл, жұп-жұқа, әлдебір әдемі иісі бұрқыраған орамалға сонда ғана қол созды. Басындағы ақшылтым, күн жеп қойған, ескі орамалды шешіп, қолтығына қысты. Қызыл орамалды өзінше, өзгешелеу етіп, оң жағына аудара тартып алды.

  • Рақымет, — деді сосын.
  • Сен, -деді Қалбибі білегінен ақ күміс білезікті суырып, — мамаңа мына менің сәлемдемемді ала барғын.
  • Керегі жоқ, ұят болады, алмаймын.
  • Неге ұят болады? Мен алдым ғой. Сен де аласың, апарып бересің. Мен сені қимай тұрмын. Мен емес, әсіресе, анау Қайыржан қимай тұр. Екеуің үйренісіп қалып едіңдер, ойнап жүріп емес жұмыс үстінде табысып едіңдер. Дос болыңдаршы. Қимайтындай дос болса екен деп тілеймін екеуіңді…

Қалбибі күміс білезікті жейдесінің омырау қалтасына салып, бетімнен екі рет сүйді.

         Машинада тербеле теңселген Маржанбике апамыз көзінің жасын сығып алып:

  • Есізқағыр құдайым-ай – деді. –Айналайындар, адам болып кетеді. Адам болғанда қандай [5: 351].

Осылай дегенімен, көпке дейін көз жасын тоқтата алмады ол кісі. Баста қыздар тартатын қызыл орамал болғанмен, күнге күйіп, ағарып кеткен орамалды ауыстыруға жоқшылық мұрша бермей жүрген Қалбибі бір кезде орынсыз тілдеген Маржанбике, кейін оның жанұясымен жете танысқаннан кейін, кетерде аяныш сезімі елжіреп, көзіне жас алды. Мархабат еңбекте табысқан жандардың бір-біріне деген ыстық ықыласын осылай елжірете бейнелейді.

         «Жемелек» деген әңгімесінде Азанбай баласының Қапшағайдан ұстаған балығына мақтанып, көпірме сөзді көпсітіп отырады. Ал Жаманқұл жер-су аттарының неге осылай аталғаны, сөздердің шығу төркініне мән беріп, тарихқа ойлы көз жүгіртіп отырады. Мархабат осы екі кейіпкердің өзара пікірлесуінен, бір-біріне қарама-қарсы арасы аспан мен жердей, екі адамның образын жасайды.

  • Қапшағай деген сөздің төркін қайдан шыққан екен өзі? –деп, Жаманқұл бұл әңгіменің төркінін ішкен-жегеннен өзге арнаға аудармақ ниет білдірген.

Азанбай алара бұрылды:

  • Осы сен-ақ сөз төркінін, тіл тарихын қазбалап іздеп отырасың.
  • Бәле қуған бәлеге жолықсын, менікі шын пейіл мен шынайы қызығушылық, — деді Жаманқұл салмақты түрде [5: 373].

 

Мархабат жасаған осы қысқа диалогтан Азанбай мен Жаманқұлды жете танып, біріне күйініп, біріне сүйсінесің.

Арсызда дауа бар ма, тағы жалғастырып:

— Әне, анау Азанбайды алайықшы. Тіпті қолына мылтық ұстап көріп пе?! Ал көкірегін қалай қағады, темір – терсегін қалай-қалай тағады. Ел алмаған машиналарды алып, жұрт салмаған үйлерді салып, қолын жылы суға малып отыр… Қаладағы қызының тізіміне тұрып, пашпыртын жөндетіп, үш бөлмелі үй әпергені анау… Ал сен ше, сен төрт-бес қойыңның қорасын да жөндей алмай, алты ай жазға жалғыз тоқты сойып, омыртқасын сорпаға санап салып отырғаның мынау» — деп, әкеге тыным бермейді. Мархабат есімі жоқ үлкен ұлдың портретін шебер-ақ жасаған. Оның жиіркенішті тұлғасын тереңдете түсу үшін Мархабат оны одан әрі қарай сөйлете түседі [5: 372].

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІ ТАРАУ М.БАЙҒҰТ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТАБИҒАТ КӨРІНІСІ МЕН ТІРШІЛІК КӨЗІ.

 

2.1. Жазушы қаламынан туған «Интернаттың баласы».

 

         Мархабат Байғұтов – қоғамдық дамуымыздың әралуан саласына ой толғайтын, бүгінгі жастарымызды қиындықтарды жеңе отырып, жарқын болашақ, туған ел, халық үшін қызмет ететін азамат болып қалыптасуға тәрбиелейтін шағын повестер жазуда проза жанрынан өзіндік орнын танытқан талантты жазушы. Мархабаттың мұндай шығармалары алғашқы «Шілде», «Сырбұлақ» атты жинақтарында жарияланып, оны жұртшылық та, әдеби сын да жылы қабылдағанын жақсы білеміз. Одан кейінгі «Интернаттың баласы» жинағына енген осы тақырыптағы повесі. «Нәуірзек» жинағына енген «Патефон», «Таудағы андыз» повестері де  оқырман көңілінен шыққан туындылар санатына қосылған. Жазушының «Машаттағы махаббат» шығармасы жазушы творчествосының жоғарғы жетістігі деуге тұрарлық еңбегі екендігін атап өткеніміз лазым. Мархабаттың біз атап өткен повестерінің қайсысын алсақ та, өзінің оқушысын өмірдің ұнамсыз жақтарынан безіндіріп, жарқын болашақ заманға лайықты азамат болып қалыптасуға ұмтылдыратын жақсы қасиеттерді уағыздайтынын аңғарамыз.

         Жазушы бейнелеген кейіпкерлердің бірсыпырасының бойындағы ұнамды да, ұнамсыз да мінез-құлықтарымен іс-әрекеттерді өз аулымыздағы кейбір адамдарға ұқсатып отырамын. Олай болса, Мархабат повестерінің кейіпкерлері ойдан шығарылған «адамдар арасында, әйтеуір, осындай адамдар кездесуі мүмкін – ғой» деген болжамнан жасалған адамдар емес, өмірдегі шындық оқиғалардың шыншыл тұлғалары. Сондықтан болса керек, суреткердің повестері оқушысын жалықтырмай, шаршатпай үнемі ілгері жетелеп отырады. Сюжет шеберлігі композиция желісіне үйлесімді орналасқан оқиға желісі, кейіпкерлердің бірте-бірте даму, өсу шындығы оқушысының ойына «япыр-ай мына жері неге мұндай болды екен?» — деген күдік келтірмейді. Бұл жетістік Мархабаттың әдебиеттегі проза жанрын дамытудағы ерекше қасиеті.

         Жазушының біз жоғарыда атап  өткен  кез-келген повесіне тоқталып, қоғамдық дамуымыздың әртүрлі кезеңдеріндегі оқиғаларға лайық түрлі кейіпкерлер бейнесін жасаған шеберлігін ауыз толтырып баяндаудан ешкім де жалыға қоймайды, сөз таба алмай тосыла да қоймайды.

         Мен өзім болашақ жастар тәрбиесімен ойласатын мұғалімдік мамандықтың иесі болғандықтан болашақ қызметімнің жемісті болуына өзіме көп әсер алған жазушының «Интернаттың баласы» повестіне азырақ тоқталып өткенді жөн көрдім.

         «Интернаттың баласы» повестіндегі жазушының ерекше жетістігі – шығармадағы он төртінші санды бөлмедегі кілең өмірге құштар кейіпкелердің бейнесін жасауы. Тәжен Ошаев өзінің сергектігімен, сабаққа зейінділігімен, қоғамдық жұмыстағы ұйымдастырушылық қабілетімен танылса, жетінші сынып оқушысы Бақажан (өздерінше Жиренше шешен деп атайды) оқудың үздігі болмаса да жолдастыққа жақсы, адамгершілігінің күштілігімен дараланған.

         Сегізінші сыныптың оқушысы Көшен домбырадан күмбірлетіп күй төккен, болашақ Алматы консерваториясының конкурстан тыс қабылданатын өнер иесі. Тоғызыншы сыныпта оқитын Жақсылық (өздері Жак Паганель деп атайды) көркем әдебиетті көп оқитын, биология, география пәндеріне баса назар аударатын салмақты, ақылды, қажырлы, табанды, болашақ жапангерліктен үміткер оқушы. Алтыншы сыныпта оқитын Ырысбек (өздері үндемес деп атайды) салмақты, сабырлы бала.

         Он төртінші бөлмеге биылғы оқу жылында келіп қосылған екі оқушының бірі – Ноқтабай да екіншісі – Еркінбек Ермекбаев [7: 19].

 

Повестің осы кейіпкерлері алты мен сегізінші сыныптың оқушылары болса да сөзге шешен, айтылатын жауаптарын саралап, нақтылап жеткізе біледі. Алғашқы бір-бірімен танысу кезеңіндегі әңгімеге назар аударсақ:

Енді алтауы бірдей бұған қарай қалысты.

  • Атым Ноқтабай, — деді бұл.

Бақажан жаңағыдан да бетер сықылықтап қоя берді. Аузын бір алақанымен басты. Одан соң қос қолдап басты. Көк көзінен жас ағып кетті. Сап-сары беті қып-қызыл болып барады. Өзгелердің де күлмеуге дәті қалмағандай.

 

  • Ай, қазақтар-ай, — деді әлден уақытта естияр адамдарша бет орамалымен сүртініп тұрған Жиренше шешен:
  • Не болса соны қоя береді. Мені Бақажан деп бақырайтып қоя салыпты….
  • Несі бар, — деді Ноқтабай да саңқ етіп.
  • Сен жирен сары жаман тайсың, мен ноқталаймын.
  • Оһо! – деді Жиренше шешен – тегін адам таз болмайды [8: 18].

 

Міне, бір-бірімен жаңа ғана танысып тұрған оқышулардың әзіл-қалжыңы. Жазушы бұл жерде кейіпкерлерінің зерделі, ұшқыр ойлы, сауатты, жан-жақты білімдар екендігін аңғару үшін тағы бір диалогқа назар аударайық: Бүйірін таянып Тәжент Ошаев тұр. Бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнайды. «Мөлдір махаббат» төсектің үстінде төңкеріліп жатыр.

 

  • Тәжен –Бүркіт, Ноқтабай – Мүсәпір, байқасам деді Байқасам, Ноқтабай, «Мөлдір махаббатты» оқымаған деп тұр.
  • Көрерміз, кімнің кім екенін, Байқасам, — деді Ноқтабай.
  • Бұл жерде олардың қаншалықты қатысы бар? Кітапты түсініп оқу керек, кейіпкерлерді салыстыруға да білім, дүние таным керек, — деді Жан Паганель.
  • Гагаринді космос деген планетаға ұшты деп, көктемде жұртпен жағаласқан Байқасамда неғылған дүниетаным – деді Көшен күйші.
  • Бәріңнің тілің шыға бастаған ба, байқасам, — деді Байқасам.
  • Арамызда жік шықты, екі құлағы тік шықты десейші [7: 27].

 

«Интернаттың баласы» повестіндегі оқушы кейіпкердердің арасындағы мына ой толғамдар мен мына жауаптары кез-келген оқушысын ойландырады. Өзім  де осы диалогты оқығаннан кейін, «менің де шәкірттерім осындай ұшқыр ойлы, ана тіліміздің сөз зергері боларлық балалар болса» — деген ойға кеттім.

         Повестің басты кейіпкері – Ноқтабай. Ол жастайынан әкеден жетім қалып, аурушаң шеше мен өзінен шамалы –ақ үлкен апасының қолында тәрбиеленеді. Бесінші, алтыншы сыныптарды нағашысының үйінде жатып оқиды. Олардан (нағашы жеңгесінен) көрген қорлықтары, естіген ауыр сөздері Ноқтабайдың жас көңілін жасытып, қалайда басқа жақта оқу керек деген ойға жетелейді. Келесі оқу жылында жетінші сыныпта аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке мектеп жасындағы интернатқа жатып оқуға бел буды. Өзі білген ақылын айтып, қалайда интернатқа орналасуға күш сал деген ниетпен Нурила аудан орталығына шығарып салады. Повестің осы тұсына келгенде Ноқтабай Бескемпіровтің келешек тағдыры қалай болар екен, қандай ортаға тап болады деген ойға қаласың. Мейірімді мектеп директоры Ноқтабайдың әкесінің жоқтығын, ұзақтан келгенін ескеріп орын болмаса да интернатқа қабылдайды.

Он төртінші бөлмедегі балалардан Бақажаннан басқасының бәрі өзі тағдырлас болып шығады. Бірінің әкесі, бірінің шешесі жоқ болып шықты. Қыз апасы Нурила айтқан ақылды жадында сақтай жүріп, оқыс сүрінген жанындағылардың оғаш қылықтарынан сабақ ала жүріп, жанындай жақсы көретін тәрбиешісі Жанат апайының көмегімен сабақты өте жақсы оқыды.

Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Шалыс басқан жолдастарының теріс қылықтарына келісімпаздықпен емес,  кемшілікті кезінде ашық айтып турашыл болуға, достарына жанашырлықпен қарауға, олардың жеке бастары мен жанұяларындағы күйзеліс жағдайларына олармен бірдей күйзеледі. Өз басындағы мұңды олардан жасырмады. Сондықтан Ноқтабайдың ең қиын сәттерінде жанында Тәжен мен Еркінбек болды. сөйтіп, Ноқтабай интернатта жүрген кезінде адамгершілік пен азаматтықтың жақсы үлгілерін көрсетті.

Еркінбек үйіндегі кішкене аурулы қарындасын сағынып, ауылына қайтар алдында кітап сататын магазинге кіргенде аяғын шалыс басып, интернат, мектеп алдында ұятты жағдайға қалды. Көркем суретпен безендірілген кішкене ғана кітапшаны көргенде, осы кітапшаны қарындасына апарып, ауруынан құлан таза айығып кететіндей болды да тұрды. Сатып алуға ақшасы жоқ.   Алдын ала ақша жөнінде ойлана ойлана ойын тауысқан болатын. Табан астында Еркінбектің қиялын бір сұм ой билеп ала жөнелді.

«Бір рет, өмірінде бір ғана бір рет қарындасы үшін қылмыс жасауына болатын шығар. Ия, қарындас үшін. Кішкене ғана кітапша ғой. Кітапша!» қас қиылғандай сатушы шекілдеуік шағып, бұған қарамай, көше жаққа қарап отыр екен. Еркінбек кітапшаны ақ көйлектің омырауынан ішке қарай тастап кеп жіберсін. Сөйтсін де тізелері дірілдеп дүкеннен шыға алмай қалсын. Түсі де бұзылып кеткен болу керек…

-Сен баланың сықпытыңды жақсы танимын. Интернаттың баласысың. Аты – жөніңді айт. Алдамай шыныңды айт. Анау интернатыңның бастығына, мектебінің директіріне айтып, ит масқараңды шығарамын… Қара да тұр, сен бала ілмиіп алып, бәлесін қарашы — әй мынаның. Бан –ди –и –ит! – деген сатушы келіншектің қатал үні шыққанда  Еркінбек не болғанын білмей қалды. Сатушы әйел кітапты ақ көйлектің ішінен суырып алып, Еркінбекті дүкеннен айдап шығыпты.

Еркінбек өзінің ел бетіне қараудан қалғанын, оның үстіне өзінің «Крокодил» атты сын газетінің редакторы екендігін Ноқтабайға айтып ары аунап та, бері аунап та жылай берді. Ноқтабай Еркінбектің қарындасы үшін шалы с басқанын түсініп, өзінің де жан дүниесі Еркінбекпен бірге ауырды. Бұл оқиғаны ушықтырмай басып, Еркінбектің алай – дүлей болған жан дүниесін сауықтыруға әрекет жасады. Ары ойлап, бері ойлап шәкірт жанын тез ұғатын Жанат апайы арқылы реттеуге бел байлады. Еркінбек екеуі Жанат апайына болған жайды түгел баяндады. Жанаттың басшылығымен қылмысқа Ноқтабай да ортақтасқандай Еркінбекпен бірге барып кешірім сұрады. Еркінбектің барлық мектеп оқушыларының алдында абыройсыз болып, интернаттан шығып қалмауына достық қолын созып досқа достық ниет танытты.  Жанат апайларын нағыз адам жанының инженері десе болғандай еді. Екеуіне сатушы келіншектен кешірім сұратып, кеуілдері қабыржымай қайтсын деп, екеуіне екі кітап сатып алып берді. Кейін Еркінбек Ноқтабайдың жан жолдасына айналды [7: 52].

Он төртінші бөлмедегі балалар арасындағы Ноқтабайдың осындай жақсы қасиеттері өзін күш пен ақылдың жеке иесіндей санайтын Тәжен Ошаевтың да өзіне деген көзқарасын өзгертті. Тәжен Ноқтабайдың күш жағынан да, адамгершілік жағынан да өзімен тең дәрежедегі оқушы екенін мойындады. Екеуінің де әкелерінің жоқтығы жағынан тағдырлас  екендігін байқатты. Тәжен жанұясындағы жанын жеп жүрген мұңын Ноқтабайға жайып салудың ешбір сөкеттігі жоқтығын білді.

  • Сенен басқа ешкімге сенбеймін де, айтпаймын да.

Сен түсінетін  сияқты боласың да тұрасың. Ең бастысы адамды сата алмайтын жақсы қасиетің бар. Мен сырымды ешкімге айтпаушы едім… Менің саған айтатын бір әңгімем бар,» — деп бастады Тәжен сөзін. — …Кешегіге дейін. Кеше кешке дейін. Ерке едім ғой мен де. Жұртқа биіктен қараушы едім. Интер – ко – о – ом. Бірақ бар ғой, әкенің орны бөлек екен. Әкең жоқ болған соң, бәрібір әлдекімнен именіп, әлденеден қорынып, торығып бітеді екенсің. Сені қайдам, мен біттім. Бәрі бітті – деп таусыла тоқтады. Одан әрі қарай өзінің әкесі жоқтығын, жалғыз шешесі бар екендігін, енді сол жалғыз шешеден  де безініп отырғандығын тілге тиек  етті. Өзінің төртінші күні сұранып ауылына кеткенде шатыры тесіліп тозығы жеткен үйді жөндеу үшін шешесі екеуінің қамыс орауға барғанын, қанша әлектенсе де қамыс орып өндіре алмағанын жыр етті.

          Сөйтіп жүргенде қасымыздан перме болып істейтін Ермек деген кісінің біраз адамдармен қамыс орғанын айтты. Бір кезде Ермек шешеме келіп:

— Сұлушаш сендерге деп жігіттер біраз орып қойды. Ертең жеткізіп береді колхоздыкімен бірге. Бүгін кешке дейін орыңдар да қайта беріңдер – дегені. Апам рахметін айтып, сендерді құдай сыйласын деді, Ермек аттан түсіп, үюлі қамыстың шетіне отырды. Екеуінің сөйлескісі келгенін сезіп, біраз бүлдірген теруді ойластырдым. Әлден уақыт өткенде екеуінің нені айтып отырғанын білгім келіп, жақындап барып, білдірмей жантайып жата кеттім. Шешем Ермектен жүкті болып қалғанын айтты [7: 58].  

 

 

Мен не болғанымды білмей кеттім. Әйтеуір, беталды жүгіре беріппін… Бір қарасам қолдарым қан, бетім де қан. Қамыс тілгілеп тастаған екен. Жылай бердім, жылай бердім  — деп ағынан жарылды. Мен Тәженннен Ермектің қандай адам екенін сұрадым. Ол Ермектің баласы жоқтығын, әйелінің тумаған кісі екендігін білдірді.

         Ноқтабай Тәженнің иығына қолын салып тұрып:

— «Сен апаңды кешіруің керек. Сен ойлан. Жындыбай, салқынқандылықпен ойланып көр. Біз жаспыз дей аламыз. Әкеміз жоқ па, жоқ. Өзіміз әке бола білуіміз керек. Қазір сен әркімнің сөзіне де, күлкісіне де қарама. Елеме де қарама да. Қайта анаңа сүйеу бол, серік бол. Апаңа қазір өте қиын, бұдан былай одан да қиын болады. Кітапты несіне оқисың, тоқи алмасаң. Менің айтар ақылым осы» — деп көңілін жуатты. Бұдан жазушы сомдаған жағымды кейіпкердің мектеп қабырғасында жүріп – ақ ақыл тоқтатқанын, парасат биігіне өрмелегенін аңғарамыз [7: 14].

«Интернаттың баласы» повесінде оқушылармен қатар мұғалімдер мен тәрбиешілер де суреттелген. Солардың ішінде интернат меңгеруішісі Тарақов Есіркептің бейнесін көз алдымызға елестетсек, халық ағарту саласында оқушының жан дүниесін сезіне білмейтін, дүниетанымы саяз, өз мамандығын жете меңгермейтін адамдардың кездесіп қалатын, ондай адамдардың оқушы жүрегіне жылы жол табудың орнына олардың ашу – ызасын келтіріп, өзі оқушылардың кемележіне айналғаныны аңғардық.

 

Мектеп директоры келісім берген Ноқатбай мен интернат меңгерушісі  Есіркептің арасындағы әңгімеге назар аударып көрейік:

  • Қай класс?
  • Жетінші Ағай.
  • Бесінші, алтыншы айда оқыдың ба, қайда оқыдың?
  • Жуалыда, ағай
  • Жуалыдан су шықты ма немене? Жері бай, елі одан да бай жер ғой. Жүре бермедің бе? [7: 52].

Есіркептің аузынан шыққан сөздер (қаршадай бала  алыдында) таудан түскендей бұйрықты, зілді, дөрекі, ойсыз. Жазушы ұнамсыз кейіпкердің бейнесін шағын ғана диалог арқылы ұтымды бейнелеген.

         Өзінің мамандығын жетік меңгермеген, білімі саяз Есіркепті қазақ тілі сабағында Ноқтабай бір – екі рет сүріндіреді. Осыдан бастап ол Ноқтабайға «заржақ» деген ат қойып алады.

         «Нұрша» Еңбек бөлімшесіне картоп сорттауға келген жерінен біреулердің зорлап алып қашқанын, барған дерін жақтырмайтын, үйге кетіп қалуға шешесінің «Қайтып келген қыз жаман» деген ескертпесінен қамығып, ылаж жоқ  жүргенін хатын алған күні Ноқтабайдың жан – дүниесі жәбір шеккендей уайым – қайғыға тап болды. Еш нәрсеге зауқы шаппады. Сабаққа да дайындалмады. Жалғыз әпшесінің мына ахуалын уайымдап жылай берді, жылай берді.

          Есіркептің сабағынан Ноқтабайға «екі»қойылды. Талдауға сөйлем ұсынып еді, Ноқтабай жазбай тұрып алды.

 

  • Неге жазбайсың? – деді Тарақов.
  • Дайын емеспін.
  • Неге дайын емессің, өзің мені ұруға дайындалып келген секілдісің ғой ә,?
  • Мүмкін, — деді Ноқтабай.
  • Аһ?! Есіттіңдер ғой, ә,? Міне, интернаттың көжесіне семіріпті, құтырыпты мынау. Ұрам дейді. Ұрады бұл. Бұл әлі бәрімізді ұрады. Естідіңдер ғой, ә,? Куә боласыңдар. Қазір мен директірді ертіп келем… [7: 96].

 

Кабинетінен деректірді де, оқу ісінің меңгерушісін де таба алмаған Тарақов аға тәрбиеші Жанатқа кездесіп, класқа  ерекше жау шапқандай қайтып оралды. – Кім дейді ол. Анау өзін әбден құтыртқан Бескемпіров.  Кім ол дейді тағы да ұялмай – қызармай. Жүр. Жүр. Өз көзіңмен көр. Өз құлағыңмен есіт. Бала емес бәле тәрбиелепсіңдер сендер. Интернаттың баласы дейсіңдер. Жетім балаларға ерекше қамқорлық керек дейсіңдер… Директірдің жүрегін жұлмалап, жұрқ тесік қылған осылар. Енді интернат меңгерушісін өлтіреді бұлар… Мен оны сотқа берем.

Интернат  меңгерушісінің осы сөздері оның ен нәрсенің байыбына бармай бала жүрегіне үңілуге пәрмені жетпейтін ұр да жық әпербақан адам екенін танытып тұр. Бұған керісінше Жанат Ноқтабайдың жағдайын тез түсініп, қасына Тәженді қосып, Нүрила апасынан хабар алып келуге машинаға мінгізіп жеберді.

Машина ішінде арақ ішіп отырған жұмысшылардың ішінен семіз сары күліп:

  • Менің жездем сендерге забидеш болып істейді. Есіркеп Тарақов. Жездем маладе – ес. Ноқтабай Тәженге қарады. Тәжен Ноқтабайға қарады.
  • Сол бар ғой, сол зар илейді, әйтеур. Интернатыңды кім көріпті, кім біліпті әйтпесе… Жездем жылап отырады, әйтеуір… Ноқтабай Тәженге қарап қалды. Тәжен Ноқтабайға қарап қалды.

Екеуі күліп кеп жіберді.  Артынша кілт тиылып. Азғана  ойланысты. Оның артынша тағы күлсін – ай.   Қатты күлді екеуі… Бірақ қояр емес. Әлі күліп отыр.

Жазушы оқушылардың кекесін күлкісіне айналған, өз мамандығының шебері емес, тәрбие жұмысына кездейсоқ келген мұғалім Есіркеп Тарақовты осылай әжуалайды. «Интернат баласы» повестінің ұнамсыз кейіпкер жасаудағы жетістігі – республикамыздағы халық ағарту қызметкерлерінің басшыларын ойландыратын идея көтеруіне деп білу керек. Мархабат Байғұтов бұл повестінде тәрбие ісінің нағыз шебері Жанатты, бір үйдің жанұялық ауыртпалығын мойнына алып, жастығына қарамай еңбекке араласып, жалғыз інісінің білім алып, заманына сай азамат болып қалыптасуына шамасынан келгенше жағдай жасаған Ноқтабайдың әпшесі Нүриланы, қысылған ағайынға қол берген, адамгершілігі мол жаман тонды Жақсыбайды, мейірімді Еркебаланы өздеріне тән жақсы қасиеттермен оқырман жүрегінде сақталатын етіп бейнелеген.

«Интернаттың баласы» — оның үшінші кітабы. Жазушы шеберлігінің   жаңа   белеске   кетерілуімен   бірге,   алдағы уақытта тағы да бір өзгерістің, соны жаңалықтың боларын сездіретін кезеңі секілді. Өйткені, бұл кезде оның жазушылық тәжірибесі жинақталып, қалам қарымы нығайып, шығармашылық шеберлігі арта түскенді. Үлкен өмірдің айдынындағы жеке адамның тағдырын; ешкімге зияны жоқ, арманшыл жанның көрген қиянатын, зәбір-жапасын, бүлінген өмірін бүге-шігесіне дейін көрсете білу («Интер-наттың баласы» повесінде) салмақты да ойлы прозаның объектісі, талантты прозаиктің тыңғылықты еңбегі екені ә дегеннен-ақ анық көрінеді. Өз басым алғашқыда осы повестің түйінін — эпилогын жан-жүрегіммен сезініп, толық сеніммен қабылдай алмаған сияқты едім

Көркем дүние шеберлігі образды сомдап шығару десек, аталған повесть бойынан да әр қайсысы жеке дара типке айналған, сөйте тұра әр қайсысының өэіне тән мінезі бәр сәтті шыққан образдар іс-әрекетінің куәсі боламыз.

Мысалы, повестегі Ноқтабай, Тәжен, Жақсылық /Жак Паганель/, Бақажан, Жақсыбайлардың қай-қайсысы болмасын жинақталған, сомдалған типтік бейне. Сонымен бірге, олардың әрқайсысының дараланған мінездері де бар. Типтік бейнеге автор тұтасқан оқиғаның даму барысында, қақтығыстар мен іс-әрекеттер арқылы барса, ал әрбір образды жеке-дара мінездеуге ұтқыр детальдар мен шымыр диалогтар құру арқылы қол жеткізеді.

«— Шынымен-ақ тар ма? — дейді Нұрила.

—  Тар. Жанымды кезіме көрсетті ғой.

—   Мүмкін, кейін түсіп кетер. Аяғың Ісмәт көкемнің аяғындай.

—  Қажап өлтіреді ғой.

—  Әдемі екен, ә?

—  Күшті екен.

—  Қайтеміз?

—  Білмеймін.

—  Нені білесің сен?

—  Өзің ше?

—  Алсаң қайтеді, а?

—  Апам ұрыспай ма?

—  Не деп?

—  «Аяқкиімің тар болса, дұниенің кеңдігінен не пайда» деп» [8: 9].

 

Міне, мұнда бірде-бір авторлық сөз жоқ. Алайда, диалог тұнған характер. Әпкелі-інілі жандардың мұндағы бір-біріне деген қарым-қатынасы соншалықты шынайы.

Тағы бір мысал. Нұриланың зорлықпен барған қайын жұртының жиіркенішті, тоғышарлық бүкіл болмыс-бітімін біз Нұрила, Ноқтабай, Жақсыбайлардың көзқарастары арқылы білеміз. Ал, мына бір деталь повесте тіпті аттары да аталмайтын сол бір сүйкімсіз жандардың бет-ажарын одан сайын аша түскендей.

Ойымызды түйіндей айтсақ: жазушы Мархабат Байғұтовтың «Интернаттың баласы» атты жаңа жинағы – рухани әлемімізге өзіндік үнмен, сыршылдығымен келіп қосылған көркем дүние.

 

2.2. Мархабат шығармаларындағы табиғат суреті

 

Әңгіме жанрының әрленуі де, нұрлануы да жазушының кейіпкерді қоршаған орта мен табиғат суретін жасауына оны адам характерімен астастыра білуіне байланысты. Әңгіме кейіпкерлерінің өмір сүрген ортасына деген сүйіспеншілігі, кейіпкердің басынан өткен күйініш, сүйініш сәттерінің табиғат құбылыстарымен бірлікте берілуі, жазушы мен оқушы бір – бірінен етене жақындастыратын құбылыс. Әңгіменің біз айтып отырған ерекшеліктері шығарманың композициясындағы жеке сюжеттерге көркемдік жеке нәр береді. Әңгіменің мазмұны көріктене түседі, көлемі жинақылана түседі. Ондай әңгіменің тілі дәл, өткір және таза болады. Әңгімеге қойылатын біраз талаптарды әрлендіретін кейіпкер оны қоршаған орта  және табиғат суретінің Мархабат Байғұтов әңгімелердің суреттелу, өрнектелу ерекшеліктеріне тоқталайық.

«Көрпесайдың кітапханасында» басты кейіпкер өзі туған ауылға келіп қайтады.

«Көрпесай ауылына, жыл сайын жазғы шілдеде барып қайтамын.

Міне, биыл да келгенмін. Шашыратқылы қияны аралдым. Жүгерінің шетінде, көк теректің түбінде біраз отырдым. Кітапханаға бардым. Баяғы қоржын үй. Ақ шифермен қайта жабылыпты. Маған мүлде бейтаныс, оқу бітіріп келген, шашын кеспеген сары қыз отыр.

Кеш түсті. Көп ұзамай түн қойнына кіріп кетті. Сұлу кеш. Ай туды. Айнала сүтке шомылды.

Ермен иісі аңқиды. Жалбыз арықтың жағасында алма жеп отырмын».

Көріп отырмыз тілі қандай жеңіл, «не деп кетті, не ұқтым?» — деп қайталап оқитын бірде – бір сөйлем жоқ. Марахабат жасаған кейіпкермен бір мезгілде мен де, туған ауылыма барғандай боламын.

Кейіпкер ауылының табиғаты біздің ауылдың табиғатымен бірдей ме, қалай? Әңгіме кейіпкерлермен мен араласып кеткендей боламын. Егер Мархабат табиғат суретін бұдан гөрі шұбалаңқы сөйлеммен әсерлеймін деп ащы ішектен шұбата берсе, онда біздің ауылдың табиғатына ұқсамай қаларма еді, кім біледі? Міне, таза табиғат, таза тіл, таза ой!

«Ақ орамалды қыз» әңгімесіндегі басты кейіпкер Қалбибі қыздың үйін суреттеген жерінде:

«Бір кездері оюлары анық, бояулары қанық болған текеметтер әбден ескірген екен, бірақ тап – таза, құрақ көрпешелер де сондай. Өзге көзге түсер ештеңе жоқ. Жасау – жабдық, дүние – мүлікке тым жүдеу үйдің тірлігі. Ал дастарханда қызыл – қоңыр бауырсақ үйме – төбе. Әр жерге сары май, варенье қойылыпты».

Қалбибі өмір сүріп жүрген орта (үй) көз алдыңа  сурет болып тұра қалады. Тіл тазалығында, сөйлем құрылысында, алғашқы әңгімедегі табиғат суретін жасағандағыдай, басы артық ештеңе жоқ.

«Жанымайдың жотасы» әңгімесінде Қаратай мен Базарбек келе жатқан жолдың көктемге салымғы көрінісін де шебер суреттеген.

«Қия жолдың әр жері әр түрлі шұбарланып жатыр. Бір шеті, яғни күнгейлеу жағы тобарсып, кейбір тұста кеуіп, ағарып үлгеріпті. Ортасы әбден тапталған, нығыздалған мұзды қар, қарайып кеткен. Одан арғы жақтан жылға ағып, буы бұиқырап, суырынды сүрі қар ойылып, тесіліп, қабақтағы былтырдан қалған шөп жалбырап, қызық – қызық көрінеді».

Әңгіменің екі кейіпкері жүріп келе жатқан жол сурет салынғандай әсер қалдырады. Осы әңгімеде оқуға аттанған Базарбектің балалық шағы өткен ауылына деген сүйісінішін, ішкі эмоциялық құбылысын да тұжырымдады, дәл жеткізген. «Әне  тып – тыныш жатыр. Ойпыр – ай, түк ойламайды – ау, ойында дым да жоқ. Осылай қара – а – а – ап, он күн отыруға бармын. Соғысқа, айтқан жерде бәле жоқ, майданға кетіп бара жатқан жоқпын, бәрібір қимаймын. Әр келген сайын осы. Не бәлесі бар, түсінбеймін.

Мархабат кейіпкер өмір сүрген орта мен табиғат көрінісін суреттесе шебер – ақ суреттейді. Бірақ осы шеберлікті әңгімелерінде сирек қолданады. Мүмкін, жазушы бұл детальдарға жиірек бой ұрса, оның жібінің  босап кететін ұғынған болар.

«Аз сөз — алтын»- дегендей әр нәрсенің аз болып, оқушысына саз болып барғанына не жетсін. Мархабат ағайдан алда жазар шығармаларының композициясындағы сюжеттердің үйлесімділігін, нақтылығын жетілдіре түссе екен деп тілеймін.

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Қазақ даласы қашаннан да дарындарға кенде емес. Өзінің әсем табиғатына лайық ұлы перзенттерін дүниеге келтірді. Оңтүстік өңірінің киелі топырағынан да талай айтулы тұлғалар өтті. Олардың ерлік істері  мен сара жолдары, кейінгі ұрпақ зердесіне ұялатуда қаламгер қауымның орны бөлек. Осы орайда Түлкібастан түлеп ұшқан жазушы М.Байғұттың да өзіндік қолтаңбасы  бар. Қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына зер сала қарасаңыз, сан қырлы өмір мектебінен өткенін аңғарасыз.

Мектеп қабырғасында жүргенде – ақ өлеңнің «аруағы» қысып, ақындығы ауылға тараған, дейді. Қазақстан Республикасы жазушылар одағы және Журналистер Одағының мүшесі Мархабат Байғұттың алғашқы әңгіме, повестері аудан, облыс, республика  баспасөз беттерінде 60 жылдардың орта шеңінен жариялана бастаған.

Журналистика саласында облысымыздың мәдени әлеуметтік тыныс  -тіршілігін танытудағы сан қырлы танымдық мақалалары, көкейтесті очерк, сұхбаттары қаншама.

Туған тіліміздің тазалығы, оның мүмкін ахуалы, жер – су атауларының орынсыз бұрмалануы, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік, ізгі қаисеттер де жазушыны толғандырмай қоймайды.

Мұның бәрін тізбелеудегі мақсатымыз қаламгердің тынымсыз еңбекқорлығын үлгі ету. Асылы, жазушы қауымының тауқыметі мол тынымсыз тіршілігі, өзгеден ерекшелігі де осында емес пе?!

М.Байғұт өз туындыларында адамның ішкі жан дүниесі иірімдерін өзіндік өрнектермен аша отырып, ақиқат пен әділдікті іздейді.

М.Байғұт шығармаларында ерекше орын алған тақырып — әйелдердің жан сұлулығы. Бұл — әлем суреткерлернің ғұмыр бойғы мәңгілік жыры. «Көрпесайдың кітапханасы» әңгімесіндегі пәк сезім иелеріне тәңірдей табынасың. «Интернаттың баласында» бес баладан жалғыз тірі қалған Ноқатбайға анасы «шіли жақсы оқи берме, қарағым, тіл – көз тиіп кетер»  деп, қауіптенгеннен елжірей, мейірлене қарауы соншалық нанымды бейнеленген.

Кімді жазса да, нені айтса да жазушы өнердің өнегелік мәнін, мейірім – шапағатты, адамдық қасиетті арқау етіп ала білген. Жасты да, кәріні де толғандыра отырып, тәрбие, тағылымын беруді мақсат  тұтады.

Бұл жерде қаламгер М.Байғұттың тіл қолданыстағы шеберлігі, тапқыр теңеу, шешендік сөздері еріксіз тәнті етеді. Ол өз алдына сөз етерлік дүние.

Тіл, ұлтаралық қарым – қатынастар жөніндегі мемелекеттік саясатта қызмет етіп жүрген қаламгерлердің қолы қалт етсе, осы  төңіректегі күрмеуі қиын күрделі мәселелерді өз туындысына арқау етуі – заңды құбылыс.

М.Байғұт – жас әдебиетшілерді, журналистерді  тәрбиелеуге, қаламгер мен оқырмен арасын жақындастыра түсуге көп қажырлық көрсеткен жанашыр. Ол кісі педагог – ұстаз ретінде М.Әуезов атындағы Шымкент педагогика инситиутында әдебиет теориясынан және  «Қазіргі қазақ әңгімесі», «Дәстүр мен танымдық проблемалары» деген  тақырыптарда, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті, Абайтану курстарынан дәріс берген. Шәкірттері бұл күнде республикамыздың шартарабында еңбек етіп жүр.

«Интернаттың баласы» — оның үшінші кітабы. Жазушы шеберлігінің жаңа белеске көтерілуімен бірге, алдағы уақытта тағы да бір өзгерістің, соны жаңалықтың боларын сездіретін кезеңі секілді. Өйткені, бұл кезде оның жазушылық тәжірбиесі жинақталып, қалам қарымы нығайып, шығармашылық шеберлігі арта түскен – ді.

Үлкен өмірдің айдынындағы жеке адамның тағдырын; ешкімге зияны жоқ, арманшыл жанның көрген қиынатын зәбір – жапасын, бүлінген өмірін бүге – шігесіне дейін көрсете білу («Интернаттың баласы» повесінде) салмақты да ойлы прозаның объектісі, таланты прозаитің тыңғылықты еңбегі екені ә дегеннен – ақ анық көрінеді.  Өз басым алғашқыда осы поветің түйінін – эпилогын жан  -жүрегіммен сезініп, толық сеніммен қабылдай алдым.

Мархабат Байғұттың балалар  мен жасөспірімдерге арналған туындыларын оқи отырып, жерлес жазушымыздың әдебиеттің осы өңіріне да хас шеберлікпен еңбектеніп, классикалық деңгейге көтерілген А.Гайдар, Ш.Айтыматов, В.Астофеев, А.Адамович, Ю.Бондарев, В.Быков, А.Рыбаков, В.Тендеряков, Ю.Трофимов сынды алыптардың бұлағынан сусындап. Анатолий Алексин, Нодар Думбадзе, Бердібек Соқпақбаев, Тахир Мәлік тәріздес замандас қаламгерлер легіне еркін еніп етене араласқанын мақтан етесің, әлі де терең де мол туындылардан дәмегейлі боласың.

Мархабаттың тілі нәрлі де уытты. Уақиға желісіндегі баяндаудың өзі оқырманды жеп – жеңіл жетелеп келіп, автордың айтқысы келетін ойы бірте – бірте кейіпкердің ішкі монологына дейін өрбіп, одан әрі ақ өлең деңгейінен бірақ шығады.

Мархабаттың көркем туындылары кейіпкерлердің ішкі психологиялық иірімдерін өзіндік нақышпен иемденуі, юмор мен диалогқа кең өріс беру  тәсілімен автор өзінің айтар мүдделі тұжырымын оқырмандарға  кейіпкерлердің ішкі монологы арқылы жеткізуі сәттілігімен, табиғи болмыс – бітімімен ерекшеленеді.

Мархабат кәдімгідей айтыса білетін өнер иесі. Оған ол кісінің «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында жүріп, кішігірім той – томалақтарда, түстік кезінде айтыскер ақын, журналист Қалмахан Анарбеков секілді кісілермен айтысқаны куә. Қазірге дейін сол айтыстарды көпшілік тамылжыта әңгімелеп отырады.

Жазушының талантынан туған «Жемелек» әңгімесінің орындалу ерекшелігінен бірталай жаңалықты аңғартуға болады. Әңгімелеудің қазақы жолын тапқан – бұл шағын шығарманың жүлдесі анық байқалады. Мұндағы нәзік юмор оқиғаға соншалықты жымдасып, нысандар арқылы ары қарай дамитын жағдайаттың әлеуметтік астарында ата – ана мен балалардың өзара қарым – қатынасы шынайылығымен баурайды. Байғұтты осы «Жемелек» әңгімесіндегі кейіпкерлердің қылықтарын есіңе түсірсең, әжептәуір жадырай бастайсың.

Шығармашылық ізденсінің жұлдызды сәтіне сәйкес туындаған бұл дүниенің көркемдік олжасы әлі  талай зердеге салынып, безбенге түсер. Әйтсе де, Байғұттан дәл «Жемелек»  сынды төрт құбыласы түгел, тұтас шығармашылық бірегей дәрежеге көтерілген әңгімелерді көптеп  күтетінің де рас.

Қорыта келгенде, қазіргі қазақ әдебиетінде өз прозаларымен орын алған таланттар аз емес. Осындай орынды иемденетін  таланттың бірі М.Байғұт екенін  айтуымыз керек. Қаламгер әңгіме жағынан қысқа жазудың шебері дейміз. Себебі, екі бетке жүк болатын нәрсені, екі ауыз сөзбен жеткізетін дарынды талант иесі. Жазушының қай шығармасын алып оқысаңызда ішінен қосымша ат қою бар, бұл  да бір оның өзіндік өрнегі болса керек. Кейіпкерлердің мінез – құлқына кіру, оның бойындағы жақсы қасиет пен жаман қасиетті даралап айту  жазушының шеберлігі. Ондағы түрлі  көркемдеуіш бейнелер,  теңеу сияқты  тәсілдер айқындалып отырады.

Қазіргі қазақ әдебиетінің ауыр жүгін  шама шарқынша нықта қайыспай, дара талантымен құмбыл да келісті көтеріліп жүрген қуатты бір буынын, «сөз жоқ, пайғамбар жасы 60 – дейді ғой», сол  жасқа абыроймен көтерілгені айдан – анық.

Міне, осынау Шоғырдың қадау  бір өкілі – емен  ұстыны, сыпа бір сындарлы суреткері М.Байғұт екендігіне еш дау жоқ. Өйткені, ол – талант ретінде де, азамат ретінде де кішіпейілдік пен кісіліктен тұратын сирек болмысын қалам ұстаған қырық жылдай беделіне шын ұстап, шын сақтап, арлы қаламның – кіршіксіз қаламының шын құдіретін көрсетумен келе жатқан көрнекті суреткер.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.

 

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ халқына жолдауы. // Егемен Қазақстан// — Астана: 2006 — 1 наурыз.
  2. М.Балақаев, Е. Жанпейісов, М. Томанов, Б.Манасбаев Қазақ тілінің стилистикасы. – Алматы: Қазақ СССР министрлігінің коллегиясы бекіткен, 1974. – 190 б.
  3. М.Байғұт Шығарма. – Жұлдыз: Жазушы, 1999. – 41 б.
  4. Н.Бегалиев Махаббат мақам Мархабат. – Алматы: Ордабасы, 2005. – 255 б.
  5. М.Байғұт Төрт томдық шығармалар жинағы І том. – Алматы: Қазығұрт, 2005. – 381 б.
  6. М.Байғұтов Нәуірзек. – Алматы: Жалын, 1988. – 237 б.
  7. М.Байғұтов Интернаттың баласы. – Алматы: Жалын, 1985. – 208 б.
  8. М.Байғұт Төрт томдық шығармалар жинағы ІІІ том. – Алматы: Қазығұрт, 2005. – 517 б.
  9. М.Байғұтов Шілде. –Алматы: Жалын, 1978. – 120 б.
  10. М.Байғұтов Қорғансыз жүрек.- Алматы: Жазушы, 1993.- 400 б.
  11. М.Байғұтов Дауыстың түсі. – Шымкент, 1993. – 64 б.
  12. М.Байғұтов Машаттағы махаббат. – Шымкент, 1995. – 96 б.
  13. М.Байғұт Әдебиет пәнінің періштесі.-Шымкент: Жібек Жолы, 1999.–80 б.
  14. М.Байғұт Ақпандағы мысықтар. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2000. – 224 б.
  15. М.Байғұт Алмағайып. – Алматы: Жазушы, 2001.- 200 б.
  16. М.Байғұт Қозапая.- Алматы: Атамұра, 2003. – 248 б.
  17. М.Байғұт Аңсар. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2002.- 192 б.
  18. М.Байғұт Ауыл әңгімелері. – Алматы: Қайнар, 2004. – 432 б.
  19. Ж.Ай – Мұхамбет Сезімтал жүрек сырлары. – Егемен Қазақстан, 2001. — № 17.
  20. Б.Алдияр Жалпызым, аңдызым және доланам аман болғай. – Оңтүстік Қазақстан. – 1998 . — № 23.
  21. Б.Алдияр Ақ тілек, ыстық ықылас. — Оңтүстік Қазақстан. – 2000 . — № 25.
  22. Т.Әжібек Шындықтың шынайы шымылдығы. – Шымкент келбеті, 1996.- № 1.
  23. Т.Әжібек Шындықтың шынайы шымылдығы. – Оңтүстік Қазақстан, 1995.- № 2.
  24. А.Байғұлов Аққұзардың азаматы. — Шымкент келбеті, 1995. — № 20.
  25. М.Байғұт Жер бетінен жойылмайды ауылым. — Оңтүстік Қазақстан, 1999- № 23
  26. М.Байғұт Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты. — Оңтүстік Қазақстан, 1996 № 6.
  27. Е.Бекқұлов Мархабатқа марапат. – Халық кеңесі, 1995. — № 4.
  28. Ж.Боранбаев Мархабаттың мәртебесі. – Шымкент келбеті, 1995. — № 27.
  29. Ж.Боранбаев М.Байғұттың естеліктері. — Шымкент келбеті, 1995. — № 27.
  30. Ж.Боранбаев Жан кешті жауапкершілік жеңеді. — Оңтүстік Қазақстан, 2003. — № 30.
  31. З.Қыстаубайұлы Тіршіліктің түсін жазбай таныған. – Жас Алаш, 1995. — № 25.
  32. З.Қыстаубайұлы, О.Әбілдәұлы Мархабаттың майда қоңыр мақалы. – Халық кеңесі, 1995. — № 24.
  33. Ш.Мұртаза Киікотын көксеу. – Егемен Қазақстан, 1999. — № 1.
  34. М.Наушабай Абайдың жолы, тура жол. – Жас Алаш, 1996. — № 29.
  35. Б.Нысанәлиев Қайрау өлең. – Шымкент келбеті, 1999. — № 21.
  36. Б.Нысанәлиев М.Байғұтқа наз – тілек. – Шымкент келбеті, 1999. — № 21.
  37. С.Олжабай Мархабаттың махаббаты. – Оңтүстік Қазақстан, 1995. — № 6.
  38. С.Олжабай Сезімнің нәзік күйін шерткен. — Оңтүстік Қазақстан, 1995. –

№ 28.

  1. Б.Тіленшина Сезім иіріндерінен сыр тартқан. – Қазақ әдебиеті, 1993. –

№ 13.

  1. Ж.Шаштайұлы Мархабаттың мәртебесі. — Қазақ әдебиеті, 1995. – № 24.
  2. М.Байгут Катаракта. – Южный Казахстан, 2000. — № 11.
  3. М.Байгутов Штраф. Перевод Ю.Кунгурцева. — Южный Казахстан, 1995. — № 1.
  4. М.Байгут Каламан. — Южный Казахстан, 1984. — № 15.
  5. Ю.Кунгурцев Цвет голоса. — Южный Казахстан, 1995. — № 25.
  6. Р.Юнусова Родную речь знать и беречь. — Южный Казахстан, 1999. –

№ 7.

  1. М.Байғұт Төрт томдық шығармалар жинағы ІІ том. – Алматы: Қазығұрт, 2005. – 280 б.
  2. М.Байғұт Төрт томдық шығармалар жинағы ІV том. – Алматы: Қазығұрт, 2005. – 443 б.
  3. Қазақстан жазушылары ХХ ғасыр. – Алматы: Ана тілі, 2004. – 389 б.
  4. З.Қабдоллов Сөз өнері. – Алматы: Санат, 2002. – 360 б.
  5. Әдебиеттану терминдер сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 384 б.
  6. Қ.Жұмалиев Әдебиет теориясы. – Алматы: Мектеп, 1969. – 243 б.