[:kz]
Ернеуінен асқан Есіл өзені Петропавл жұртының есін алып жатыр. Арнасына сыймай, тасыған су қала іргесіндегі жүзге жуық саяжай мен республикалық тас жолды басып қалды. Салдарынан тіпті көліктердің қатынауына шектеу қойылған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Людмила Мартынова; Саяжай бірлестігінің төрайымы:
— Не істерімізді білмейміз. Жылда осы жағдай қайталанады. Шаршадық, жалықтық осы тасқыннан. Бұл аздай тағы да су тасиды деп жатыр. Оның зардабы қалай болары белгісіз.
Бұл тасқынның алғашқы толқыны. Жергілікті тұрғындар оның қайталануынан қорқып отыр. Қазір өзенді жағалай жайғасқан саяжайлардың ауласында көлкіген су жатыр. Жұрт үйлері құлай ма деп қауіптенеді. Ал құтқарушылардың сөзінше, әзірге дүрлігуге еш негіз жоқ. Қайықпен аралап, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз дейді. Дегенмен, тұрғындарды баспаналарын тастап, уақытша көшуге үгіттеп жатыр. Оған бұқараның көнгісі жоқ. Себебі олар үйлерін тонап кете ме деп уайымдайды. Жұрттың бұл жағдайға шошына қарауына негіз жоқ емес, себебі екі жыл бұрын жергілікті тұрғындарды топан су әбден титықтатқан. Еріген қар суы үйлерді шайып, ал кейін қираған баспаналар қалпына келтірілген еді.
Ерік Сарыбаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
— Былтыр бір ғана толқынды қабылдаған болатынбыз. Биыл екінші толқын келу күтілуде. Мына ауа-райының күрт төмендеуінен су ағысы төмендеп, екінші толқын бірінші толқынды Петропавл қаласына жеткізуі мүмкін
jasqazaq.kz
[:]