АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]«Есік алдына он жыл байлап қойсаң да депрессия боп жатқан төбет жоқ»: Мұхамеджан Тазабек халықты төбетке теңеді[:]

[:kz]

 

Talim TV арнасының директоры, бұрынғы айтыскер Мұхамеджан Тазабек тоғызыншы қабаттан балаларымен секіріп қайтыс болған әйел оқиғасына қатысты орынсыз пікір білдіруімен сынға қалды, деп хабарлайды ulysmedia.kz. 

Мұхамеджан Тазабек өзінің фейсбук парақшасында «Құздан құлаған ана, құрбан болған үш перзент…Әр істің артында себеп бар, әр бақытсыз жанға виноват замандас бар. Адам деген атты арқалағанмен хайуан бармайтын хәлге түсіп, ең жаманымыз күпірге барып, өз перзентін өзі зорлап, ата-анасын зар илетіп, жан-жағын запыран құстыртуда», деп жазған ол адамнан басқа жаратылыстың өз жөнімен жүргенін атап өтеді.

Өзімен бірге үш баласын да өлімге итерген әйел ісін депрессиямен байланыстырған көпшілік жан-жақты әлеуметтік факторлар қоса ескерілуі керек екендігі турасында талқылап жатыр. 

Осыған орай Мұхамеджан Тазабек қайғылы оқиғаны аң-құс дүниесімен салыстыра келе «Есік алдына он жыл байлап қойсаң да депрессия боп жатқан төбет жоқ, қалдық жеп, қара шаруадан босамаса да құса боп өлген есек жоқ», деп жазды ол.
Мұхамеджан Тазабектің бұл пікірін белгілі ақын Ықылас Ожайұлы сынға алып, былай деп пікір білдірді:

«Япыр-ай, недеген аналогия (салыстыру) десеңізші… Есектің тоғыз қабат үйді жалдап тұрмайтынына, намыстану, құса болу секілді  сезімдердің ол салпаңқұлақ шіркінде еш болмайтынын түсінуге қаншалықты (толайым) ақыл керек. Осылар шашы селдіреп, тісі түскен кәрі ақылды соға беруден бір шаршамайды-ақ екен», – деп сынады ол.

Желідегі өзге қолданушылар да Мұхамеджан Тазабектің бұл пікірін орынсыз шешендікке балап, мұндай салыстырудың әдепке жатпайтындығын және әсіредіншілдікпен байланыстыра сынға алды.

Айта кетейік, сарапшылар Қазақстанның суицид жөнінен әлемде үшінші орында тұрғанын келтіріп, дабыл қағып отыр. 2021 жылы алғашқы үш айда 834 қазақстандық өзіне қол салған.
 

 

[:]