12 жасар қазақ баласы «Витебск» музыкалық байқауында Гран-при иегері атанды

Қазақстандық өнерлі жас Шерхан Арыстан «Витебск» ХХІ халықаралық балалар музыкасы байқауының Гран-приін жеңді. Беларусь президенті Александр Лукашенко жеңімпазға сыйын тарту етті, деп хабарлайды БЕЛТА.

12 жастағы қазақстандық Шерхан Арыстан вокалдық байқауда қазылар алқасын талантымен және зор дауысымен сүйсіндірді. Ол екі күнде конкурста ең жоғары — 140 ұпай алып, қарсыластарын басып озды. Бірінші күні бала Андреа Бочелли, Дэвид Фостер және Эми Фостердің Ama Credi e Vai композициясын орындады. Жас өнерпаздың сөзінше, ол өз елінде танымал болу үшін эстрада жұлдызы болуды армандайды. Қазақстандық азамат өзінің сыйын «Витебсктегі Славян базары» ХХХІІ халықаралық өнер фестивалінің ашылу салтанатында Беларусь президенті Александр Лукашенконың қолынан алды. «Витебсктегі Славян базары» байқауының ұйымдастырушылары Instagram желісіндегі парақшасында жеңімпазды құттықтап, жазба жариялады. «Жарайсың, Шерхан Арыстан! Жарайсың, Қазақстан. Шерхан Арыстан «Витебск-2023″ ХХІ халықаралық балалар музыкалық байқауының Гран-приін ұтып алды. Жас, дарынды вокалисті шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жеңіс адамның өз күшіне деген сенімін нығайтып, жаңа жеңістерге жетуге серпін беретініне сенімдіміз», — делінген жазбада

kaz.nur.kz