15 жастағы өгей қызын зорлаған»: Маңғыстауда үш баласын асып өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсаған ер адам жайлы жаңа дерек пайда болды

Журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында жариялаған жазбада ер адамның 15 жастағы өгей қызын зорлағаны айтылған. Ақырында түрмеге қамалмас үшін өз-өзіне қол жұмсаған. Ал балаларын әйелінен қызғанған соң өлтірген

“Ол оқиға ешқандай саясаттың кесірінен болмаған. Менің туған немере сіңлімнің отбасы. Күйеуі нашар адам болған. Ішіп келіп, ұратын. Сіңлімнің бұрынғы күйеуінен еріп келген 15 жастағы қызы бар соны зорлап, түрмеге бармау үшін өз-өзіне қол жұмсаған. Балаларын сіңлімнен қызғанып, өзімен бірге алып кеткен. Сіңлімді зарлатып, балаларынан айырды. Үлкен қызының өмірін бұзды”, – деп жазған журналистке балалардың анасының әпкесі. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында ер адам үш баласын асып өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсағанын жазған едік. Балалардың ең үлкені 8-де, ортаншысы 4-те, ал кішкентайы 10 айлық.

Ақпаратты Маңғыстау облысы полиция департаменті де растады. Мәйіттердің табылғаны туралы хабарламада 11 желтоқсанда 19:45 шамасында келіп түскен. 

«Бұл шақыруға жедел-тергеу тобы барды. Өздіктерімен асылып өлген 38 жастағы ер адам, сондай-ақ 8 жастағы, 4 жастағы және 10 айлық балалар анықталды. Тексеру барысында Б. есімді азаматпен жіберілген аудиожазба анықталды. Ол жұбайы Д. есімді азаматшаға өлетінін және балаларын өзімен бірге алып кететінін айтқан», — делінген хабарламада.