250 мың бала келесі жылы Ұлттық қордан түскен қаражатты шешіп ала алады

Келесі жылы кәмелет жасқа толған 250 мың бала бір төлем есебінде өзіне тиісті қаражатты шешіп ала алады, ал бірақ оның нақты сомасы тек 1 ақпан күні белгілі болмақ.

 

2024 жылы 18 жасқа толмаған 7 млн баланың қаражаты инвестициялық операциялардың барлығын сақтай отырып, Ұлттық қорда сақталатын болады, деп жазады Inbusiness.kz.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын балалардың жеке шотына аударуды көздейтін ауқымды жоба іске қосылады. Ал ақпан айынан бастап 18 жасқа толған балалардың бірінші легі өз төлемдерін ала бастайды. 

ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков төлем ешқандай құжатсыз автоматты түрде әр баланың шотына салынатынын атап өтті.

«Бұған дейін 18 жасқа толған 250 мың балаға төлем жасалады деген ақпарат тарады. Келесі жылы сол айтып отырған 250 мың бала бірінші төлемнен түскен қаражатты шығарып ала алады. Ал кәмелеттік жасқа толмағандар саны — 7 млн. Олардың ақшасы инвестициялық операциялардың барлығын ескере отырып Ұлттық қорда сақталады», — деді вице-министр.

Тағы бір атап өтетіні — биыл 18 жасқа толған балалар бағдарламаға кірмейді, сондықтан оларға төлем жасалмайды.

«Биыл кәмелет жасқа толып қойған балалар келесі жылы іске қосылатын бағдарламаға қатыспайды, дәлірек айтсақ, тек 1-17 жас аралығындағы балалар осы санатқа кіреді. Келесі жылы 18 жасқа толғандар сәйкесінше бір төлем көлемінде қаражат алады. Өйткені төлем жылына бір жасалады. Ал 2023 жылы туылғандар 2041 жылы барлық 18 жыл ішінде жиналған соманы алады, яғни осы жылы туылған балалар максималды соманы алады», — деп түсіндірді Дәурен Темірбеков.

Ал төленетін ақша көлеміне келер болсақ, вице-министр нақты бір санды айтуға ерте екенін айтып, толық ақпарат тек 1 ақпан күні хабарланатынын мәлімдеді. 2024 жылы Ұлттық қордың 2005–2022 жылдар кезеңіндегі орташа табыстылығын ескере отырып, 18 жасқа дейінгі балаларға қаражат есептелетін болады.

«Енді сомасына келер болсақ, нақты бір санды айта алмаймыз, себебі алдымен екі көрсеткішті есептеу керек. Соңғы 18 жылдағы Ұлттық қордың инвестициялық табысының орташа мәні мен бірінші қаңтардағы жағдай бойынша балалардың саны. Осы екі көрсеткішті қаңтар бойы есептеп, 1 ақпан күні нақты жауабын айтамыз», — деп түйіндеді вице-министр.

Үй алам десеңіз…

Ұлттық қордан түскен ақшаны тұрғын үй сатып алуға не жоғары білім алуға жұмсауға болады. Алдымен кәмелет жасына толмаған балаларға БЖЗҚ қорында шот ашылады, ондағы қаражатты уақыты келгенде бірнеше банк операторлары арқылы жоғарыда аталған мақсаттарда пайдалана аласыз. 

«Отбасы банк» осы жобаның операторларының бірі ретінде қатысады. Банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, тұрғын үй сатып алудың өзі бірнеше бағытты қамтиды: үй сатып алу, ипотекалық несиені мерзімінен бұрын өтеу немесе бастапқы жарнаны төлеу, «Отбасы банктегі» депозитті толықтыру. 

«Осы орайда Enpf-otbasy.kz платформасында арнайы айдар ашып жатырмыз. 18 жасқа толған кез-келген бала цифрлық электронды қолтаңбасы арқылы онлайн режимде өзіне шот ашып, БЖЗҚ-да сақталған соманы сұрай алады. Қаражат жаңа шотқа түскен сәттен әрі қарай өз керегіне жұмсай алады. Жинақталған ақшаны қазір 6 мақсатта қолдануға болады — сақтандыру компаниясына қаржы аудару, білім алу (қазақстандық не шетелдік ЖОО — ред.), білім алуға қаржы жинақтау жүйесіне салу, тұрғын үй сатып алу және «Отбасы банктегі» депозитке салу не өз тұрғын үй жағдайын жақсарту», — деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова. 

Егер жоба қатысушысы өз қаражатын «Отбасы банк» депозитіне аударғысы келсе, онда бұл салымға банктің жинақтау жүйесі стандартының шарттары қолданылады, яғни жинақ шоттарына жылына 2% банк және 20% мемлекеттік сыйақы түседі. 

Қаражаттың қайда жұмсалғанын кім бақылайды?

Заңнамаға сәйкес қаражаттың мақсатты пайдаланылуын оператор бақылайды. Баланың қаражатын ата-анасы, туған-тысы болсын, басқа ешкім пайдалана алмайды. Қаражатты інісі немесе әпкесінің шотына аударуға болмайды. 

«Бір жыл бойы заңнамаға көптеген толықтырулар мен өзгерістер енгізілді, соның ішінде үшінші тұлғалардан ақша толығымен қорғалды. Ақша тек біз айтшан мақсаттарда ғана қолданылуы тиіс», — деп атап өтті «Отбасы банк» басқарма төрағасы.

Сонымен қатар, ол 15 жыл ішінде «Ұлттық қор – балалар» бағдарламасы жылжымайтын мүлік нарығына әсер етпейтінін, өйткені осы уақыт аралығында жиналған сома айтарлықтай көп болмайды.

Бала қайтыс болған жағдайда заңды мұрагерлер бұл қаражатқа үміткер болатыны атап өтілді және олар оны кез-келген мақсатта жұмсай алады.  

Ал азаматтығын өзгерткендер Қор төлемінен толықтай айырылады, тіпті Қазақстан азаматы болған жылдары үшін де еш қаражат алмайды. 

Бала әрекетке қабілетсіз болған жағдайда, ата-аналарға немесе заңды қамқоршыларға қаражатты пайдалануға рұқсат етіледі, бірақ алушыға (кәмелетке толған) пайдасы тиетін мақсатта — тек тұрғын үйді жақсартуға немесе оқу ақысын төлеуге болады. 

Ұлттық қорда жиналған ақшаны 10 жыл ішінде шығарып алу керек, егер осы уақыт аралығында қаржы пайдаланылмаса, ол автоматты түрде БЖЗҚ қорындағы шотқа аударылады.

inbusiness.kz