Елордада медиа өкілдерінің қатысуымен көкпар жарысы өтті

Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында «Азия көкпар лигасы»  командалық көкпар жарысы өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Көкпар федерациясы мен Sparta Astana Promotion компаниясы ұйымдастырған лиганың ерекшелігі – ұлттық ат спорты ойыны ел ішінде көбірек насихатталуы үшін оған көңілді тапқырлар клубының ойыншылары, блогерлер және басқа да медиа саланың адамдары қатысты.

Кеше өткен ауқымды іс-шара «Тұлпар» ат спорты клубында ұйымдастырылды. Онда құрамында ең үздік спортшылар мен танымал тұғалардан құралған төрт команда қатысты: Спарта Астана, Бестөбе, Ынтымақ, Астана Жастар құрамасы.

Сонымен қатар, көрермендерге де Асық ату чемпионатына қатысып, өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік болды. Асық атудың жүлде қоры – 50 мың тг, жеңімпазға сонымен қатар тазы ит сыйлады. Ләңгі тебу ойынының жеңімпазына 30 мың теңге тағайындалды. Асық ату ойыны ересектер (ең үлкен қатысушы 67-де) мен жасөспірімдер арасында жеке-жеке өтті. Барлығы 50-ге жуық қатысушы жиналды. Бәрі де қала тұрғындары, сонымен қатар Жамбыл, Ақмола, Ұлытау облыстарынан арнайы келгендер бар.

Көкпар бойынша командалар арасындағы жарыстың нәтижесінде Спарта Астана 1 орынға ие болса, Астана Жастар құрамасы 2 орынды қанжығасына байлады. Бестөбе 3 орын, Ынтымақ 4 орын алды. Ал үздік қорғаушы номинациясы блогер Файзолла Нағашыбайұлына берілді. Атбегі Сәкен Елеуов үздік шабандоз атанды, үздік шабуылшы номинациясы көкпаршы Әділ Тілектеске бұйырды.

Бірінші таймда да жеңіске жеткен Спарта Астана командасының ойыншысы Сәкен Елеуов алғашқыда жарыс қиын болғанын жасырмады. 

«Себебі мұнда көбісі әуесқойлар. Қазіргі жастарға насихаттау ретінде әр командада медиа саланың 2 ойыншысынан бар. Құрамда 6 адам: 4-еуі негізгіде ойнайды, 2-еуі алмасу кезінде ойынға қосылады. Көкпарда тек күш қана емес, ептілік те керек. Өзіңнің астыңдағы атпен бір-біріңді түсінуің де қажет», – дейді ол.

Бұл елімізде бірінші рет өтіп жатқан турнир. Дүниежүзілік көкпар федерациясының вице-президенті Әлібек Мұқатаевтың айтуынша, мұны алдағы уақытта дәстүрге айналдыру жоспарда бар.

«Ұлттық спортты дамытқымыз келсе, әуесқойларды көбірек шақыру керек. Мұнда Аралас жекпе-жек өнерінің (ММА) спорт шеберлері, өнердің адамдары, кәсіпкерлер жүр. Мысалы, мен бүгін төрт өз атымды алып келдім. Алдымызда көшпенділер ойыны болады, соған дайындалып жатырмыз. Осылай популяризация жасаудың арқасында жастарымыз көрсін, атқа отыруды үйренсін дейміз. Біздің ата-бабамыз неге мықты болды? Олар аттың үстінде жүрді. Қазір «Азия көкпар лигасын» пилоттық жоба ретінде тұңғыш рет өткізудеміз. Алдағы уақытта жыл сайын ұйымдастырып, оған көрші мемлекеттерден де қатысушыларды шақырғымыз келеді», – дейді Әлібек Мұқатаев.

Іс-шара қонақтарына алаңда палау, кәуап, қымыз, көже сатылды. Сондай-ақ,  қыран бүркіт, сұңқар және қазақы тұқымды тазы иттерімен суретке түсетін орын болды. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының атмосферасы сезілді.

Өзін Ресейдің тумасымын деп таныстырған Болат Темірбаев мұндай іс-шаралар еліміздің болашағына зор әсер ететінін айтты.

«Түмен облысынан Астанаға 2011 жылы келгенмін. Мұндай іс-шаралар үлкен тәрбиенің көрсеткіші. Осында келгендер ертең жүрген жерінде үгіттеп отырады деп санаймын. Біз – қазақ ертеден атқұмар, аттың құлағында ойнаған адамдармыз. Атты бабына келтіру, көкпарға шығару – үлкен еңбек. Ал асық ату ойынына келсек, асықты дәл көздеп тигізу – адамның нақтылығын дамытады. Балаларға керемет пайдасы бар», – дейді. 

Ұйымдастырушылардан білуімізше, «Азия көкпар лигасы»  командалық көкпар жарысы жалғасын тауып, тамыз айының соңына қарай тағы да ұйымдастырылады және жаңа командалар болса, лига асыға күтеді.

Атап өту керек, алдымыздағы қыркүйек айының 8-12 аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған жүз шақты елден 3 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Қазіргі күннің өзінде 89 елдің өкілі қатысатындарын мақұлдаған.

 

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

Altyn-Orda.kz