Германиядан келген Денис өзінің тұған ауылын қайта жандартқысы келеді

Денис Шеминг — Солтүстік Қазақстанның тумасы. Бала кезінде отбасымен бірге Германияға қоныс аударған. Шетелде 30 жыл өмір сүрген соң, ол туған ауылы Нагорноеға қайта оралуды шешті.

Бұл ауыл сол кезде адам азайып, қаңырап қалған еді. Денис Германиядағы мүлкін сатып, балалық шағы өткен иесіз үйге көшіп келді, деп хабарлайды Altyn-orda.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Фото: ©️ Tengrinews.kz

Оның айтуынша, ауылда қазір халық өте аз, көптеген үйлер бос тұр, жолдар шұрық-тесік, асфальт мүлде жоқ. Қаладағыдай дүкен, көлік, дұрыс интернет те жоқ. Бірақ барлық қиындықтарға қарамастан, Денис мұндағы өмірді нағыз өмір, шынайы бақыт деп атайды.

— Қалада үнемі шу, асығыстық, тынымсыз тіршілік. Ал мұнда — табиғат, тыныштық, қарапайым өмір. Құстардың дауысын тыңдап, бақша егіп, малға қарауға болады. Бұл — мүлде басқа әлем, мен өзімді осында еркін сезінемін, — дейді ол.

Денис ара ұстайды, тауық пен ешкі бағады, көкөніс егеді. Ол қолмен еңбек етіп, жерге жақын болуды жақсы көреді. Айтуынша, мұндай өмір күш пен төзімді қажет етеді, бірақ дәл осы өмір оған ішкі тыныштық сыйлайды.

Оның арманы — ауылды қайта жандандырып, мұнда қалалық күйбеңнен демалғысы келетіндерге арналған шағын қонақ үй ашу.
— Көп адам тамырынан, табиғатпен байланысынан ажырап қалды. Мен бақыттың қарапайым нәрселерде, адал еңбекте, тыныштықта екенін көрсеткім келеді, — дейді Денис.

Оның бұл қадамы — жай ғана көшу емес, табиғатпен және өз-өзімен үйлесімді өмір сүруді саналы түрде таңдауы.