Қазақстанда ақылы әскери дайындықты таңдайтындар көбейіп келеді

Соңғы кезде әскерге шақырылушыларды мәжбүрлеп военкоматқа апару оқиғалары жиілеп, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Осыған байланысты көптеген жас қазақстандықтар міндетті әскери борышты өтеуге балама жол іздей бастады. Солардың бірі — ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебіндегі (ӘТМ) ақылы және ерікті негіздегі әскери дайындық, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл дайындықтан 24 пен 27 жас аралығындағы, әскери қызметке жарамды немесе шартты түрде жарамды деп танылған азаматтар өте алады. Олардың арасында кейінге қалдырылған азаматтар да бар. Оқу бағдарламасы 42 жұмыс күнін қамтиды, құны — 390 мың теңге. Дайындық 29 әскери мамандық бойынша жүргізіледі: мерген мен пулеметшіден бастап дрон операторы, сапер және химия-барлаушыға дейін.

Соңғы төрт жылда Әскери-техникалық мектепте 18 мыңнан астам адам оқудан өтті:

  • 2021 жылы — 4133 адам;

  • 2022 жылы — 4391 адам;

  • 2023 жылы — 4590 адам;

  • 2024 жылы — 4992 адам.

2025 жылы тағы 4450 адамды оқыту жоспарланып отыр. Қатысушылардың орташа жасы — 24–26 жас. Ең көп өтініш Алматы мен Алматы облысынан түсуде.

Курс соңында тыңдаушылар емтихан тапсырып, сертификат пен бекітілген үлгідегі әскери билет алады. Осыдан кейін олар мобилизациялық резервке тіркеліп, келісімшарт негізінде қызмет етуге мүмкіндік алады.

Салыстырмалы түрде айтқанда, 2024 жылы 40 мыңға жуық адам міндетті әскери қызметке шақырылса, 300 мыңнан астам жас кейінге шегерілген. Оның ішінде 289 мыңы — оқуына байланысты, қалғандары — отбасылық жағдайы мен денсаулығына байланысты.

Осылайша, ӘТМ-дегі ақылы дайындық көптеген жастар үшін тек әскерден жалтарудың амалы ғана емес, сонымен қатар әскери білім алудың ыңғайлы әрі болжамды тәсіліне айналуда.