Шымкентте дәрігерлер мерзімінен бұрын туған үшемді аман алып қалды

Шымкентте нағыз медициналық керемет орын алды — жарық дүниеге үшем келіп, әр сәбиді дәрігерлердің жанқиярлық еңбегімен аман сақтап қалды. Екі ұл мен бір қыздың анасы, 39 жастағы Фатима Якубованың оқиғасы көпшіліктің жүрегін елжіретті, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
Сәбилер жүктіліктің 31-аптасында, мерзімінен бұрын дүниеге келген.
Олардың салмағы 975, 1765 және 1920 грамм болған. Үшеуі де бірден сәбилерге арналған жансақтау бөліміне жеткізіліп, онда 56 күн бойы дәрігерлердің қатаң бақылауында жатты.
Фатима үшем күтетінін жүктіліктің кеш кезеңінде ғана білген — бастапқыда дәрігерлер егіз болады деп болжаған.
Алайда кезекті УДЗ (УЗИ) бәрін таңғалдырды: экранда — үшеу.
«УДЗ жасайтын маман: “Үшеуіңіз бар” — дейді, сенбедім. Әзілдеп тұр деп ойладым. Күйеуіме жаздым — ол да сенбей, күліп: “УДЗ-ға енді барма, тағы біреуін тауып қалар” — деді», — деп еске алады Фатима жымиып.
Жүктілік дәрігерлердің қатаң бақылауында өтті. Босанғаннан кейін үш сәби де жасанды тыныс алдыру мен тұрақты медициналық көмекке мұқтаж болды. Тек жағдайлары тұрақталған соң ғана оларды жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырды, қазір сол жерден үйлеріне шығарылуда.
«Олар — нағыз күрескерлер. Біз ота жасадық, балалар өте шала туған, әсіресе кенжесі — небәрі 975 грамм. Қазір бәрі жақсы, салмақтары екі килограмнан асты», — деді реаниматолог дәрігер Малик Ақпар.
Фатиманы және үшемді үйде үлкен сүйіспеншілікпен отбасы мүшелері — күйеуі, әжелері және алты жастағы қызы күтіп отыр. Қызы қазірдің өзінде іні-қарындастарына «бөпе күтуші» болуға дайын.
«Дәрігерлер — нағыз сиқыршылар. Әрқайсысына алғысым шексіз. Оларсыз біз үйде болмас едік», — дейді үшемнің анасы жылы лебізбен.
Жыл басынан бері Шымкентте 15 мыңнан астам сәби дүниеге келді, бірақ бұл оқиға — ерекше.
Altyn-orda.kz
