Эфиопияның жасыл революциясы: Қазақстанға су, жайылым және бордақылау жөніндегі өз жоспары не үшін қажет

Эфиопия миллиардтаған ағаш отырғызды дегенде, көз алдымызға бірден әдемі көрініс келеді: қолына күрек ұстаған оқушылар, көшет отырғызып жүрген шенеуніктер, шаң басқан жердің орнына жасыл төбелер. Бірақ Эфиопия тәжірибесінің шын мәні ағашта ғана емес. Ол жерде ағаш сәндік элемент емес, инженерлік құралға айналды. Бөгет, канал, сорғы немесе су қоймасы сияқты. Тек тірі құрал.

Эфиопия Қазақстанға да жақсы таныс мәселемен бетпе-бет келді: жер шаршайды. Беткейлер жалаңаштанады, жайылым тозады, жаңбыр немесе тасқын суы қатты ағынмен ағып кетеді, топырақты шайып, із-түзсіз жоғалады. Содан кейін құрғақшылық басталғанда, бәрі кенеттен судың жоқ екенін айтады. Ал аз уақыт бұрын сол су тым көп болып еді.

Сондықтан Эфиопияның «жасыл революциясы» біз үшін бір кедей елдің миллиардтаған ағаш отырғызғаны туралы әңгіме ғана емес. Бұл — мемлекеттің жерге біртұтас жүйе ретінде қарай бастағанының мысалы: су, топырақ, өсімдік, мал, фермер, ауыл, нарық. Мұның бәрі өзара байланысты.

Эфиопиядағы Green Legacy бағдарламасы тек орман алқабын көбейтуді ғана емес, тозған ландшафттарды қалпына келтіруді, су ресурстарына қолжетімділікті арттыруды және азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуді мақсат етеді. Яғни бұл орман романтикасы емес, өмір сүру экономикасы.

Эфиопияның басты құпиясы: алдымен суды ұстап қалу, содан кейін ғана өнім күту

Эфиопия тәжірибесінің ең қызық тұсы — ағаш отырғызу ғана емес, су жинау. Онда қарапайым бір нәрсені әлдеқашан түсінді: егер су келіп, бірден ағып кетсе, ел ресурс емес, табиғи апат алады. Ал егер су топырақта, шағын тоғандарда, сайларда, беткейлерде, өсімдік тамырларында кідірсе, бұл енді капиталға айналады.

Эфиопияда топырақ пен суды сақтауға арналған түрлі тәсілдер қолданылды: террасалар, шағын тоғандар, каналдар, су жинайтын құрылыстар, тозған жерлерді мал жаюдан уақытша қорғау, өсімдікті қалпына келтіру. Мұның бәрі бір ғана мақсатқа жұмыс істейді: суды жоғалтпау.

Міне, дәл осы жерде Қазақстанмен тікелей байланыс басталады.

Бізде жыл сайын көктемде орасан көлемдегі тасқын су ел аумағынан тоқтамай өтіп кететін пойыз сияқты ағып кетеді. Бір жерде ол ауылдарды су басады, жолдарды бұзады, үйлерге қауіп төндіреді. Бірнеше айдан кейін басқа өңірлерде суармалы егіншілікке, жайылымға және ауыл шаруашылығына су жетіспейтіні айтылады. Бұл су экономикасының парадоксы: көктемде біз артық сумен күресеміз, жазда судың жетіспеуінен зардап шегеміз.

Демек, сұрақты басқаша қою керек. Тек «тасқыннан қалай қорғанамыз?» деу жеткіліксіз. Негізгі сұрақ мынадай болуы тиіс: тасқын суды қалай қор ресурсқа айналдырамыз?

Қазақстанға тек ірі су қоймалары ғана емес, әрине олар да қажет. Бізге шағын су жинақтағыштардың тұтас желісі керек: тоғандар, дала су айдындары, су жинайтын ойыстар, қалпына келтірілген сай-салалар, еріген қар суын бағыттайтын каналдар, жер асты суларын жасанды толықтыру жүйелері, табиғи жағдайға сай келетін жерде орман жолақтары мен сексеуіл алқаптары қажет. Су елден қашып кетпеуі керек. Ол ландшафт ішінде қалуы тиіс.

Эфиопия көрсеткен басты нәрсе осы: жерді қалпына келтіру «ағаш отырғызайық» деген ұраннан емес, су қайда ағып жатыр және біз оны неге жоғалтып жатырмыз? деген сұрақтан басталады.

Қазақстанға мал шаруашылығын неге өзгерту керек

Екінші маңызды мәселе — мал шаруашылығы. Қазақстан тарихи тұрғыдан отгонды, яғни маусымдық көшіп-қонуға негізделген мал шаруашылығымен

 
ТегтерЭфиопия