«Тұрсынбек неге келмеді?»: Мөлдір Мұқанова Rixos қонақ үйінде үш баласына той жасады (ВИДЕО)

Продюсер Мөлдір Мұқанова жақында Біріккен Араб Әмірліктерінде университет тәмамдаған үлкен қызы Әдемі Тұрсынбекқызына көлік сыйлады. Кіші ұлының сүндет тойы мен бір қызының мектеп бітіргенін және тағы бір қызының диплом алғанын дүркіретіп тойлаған оның қуанышына балаларының әкесі – танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов келмеген, деп хабарлайды kznews.kz.

«Қызым өте қарапайым болып өсті. Осы уақытқа дейін «маған ананы алып бер, мына брендті кигіз, мына жаққа қыдырт» деп ешқашан сұрап, мазамды алған емес. Барына қанағат етіп, өте тәрбиелі болып ержетті. Жақында ғана бір сырласып, шай ішіп отырғанымызда: «Мама, шынымен көлік мінгім келіп жүр…» деп ішіндегі арманын айтып қалды. Өзім де: «Жаным-ау, осы уақытқа дейін бұл арманыңды қалай байқамай келгенмін?» деп таңғалдым. Ал қызым болса, маған салмақ салғысы келмей, айта алмай жүр екен. Көп ұзамай-ақ, өзінің маңдай терімен, таза еңбегімен армандаған Audi көлігін сатып алдым», – деді Мөлдір Мұқанова.

Продюсер мұның барлығына өзі таза еңбекпен жеткенін атап өтті.

«Иә, біз әйел заты нәзікпіз, кейде әлсіздік танытамыз. Бірақ қиналған сәтте Алла тағала бойыңа ерекше бір күш-қуат береді екен. Қорықпаңдар, әрқашан алға басыңдар, адамның қолынан бәрі келеді. Қазір өмір сүру салтымыз мүлдем өзгерді. Шетелге қыдырып, бір айда екі көлік алып, ең сапалы брендтерді киіп, бақытты өмір кешіп жатырмыз. Мұның бәрін жасырудың қажеті жоқ, бәрі де маңдай термен, таза еңбекпен келген табыс. Бүгінгі жайылған дастарханымыз да, үстіміздегі киіміміз де осы еңбектің жемісі. Халықтың қолдауымен және бір Алланың бұйрығымен осындай әдемі өмірге қол жеткіздік. Біз үшін еш уайымдамаңыздар», – деді ол.