Алматыда Денис Тен атындағы көше пайда болды

Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанау аңызы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің есіміне  көше  берілді.

Қала әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімімен Бостандық ауданындағы «Архат» шағынауданында орналасқан бұрынғы 7-көше енді ресми түрде Денис Тен көшесі деп аталады деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Бұл шешім Алматыдағы атауы жоқ көшелерге жаңа атаулар беру жұмыстары аясында қабылданды. Жалпы Алматы  бойынша 150-ден астам  көшеге мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет және спорт өкілдерінің, сондай-ақ тарихи-географиялық нысандардың атаулары берілді.

Денис Тен – Қазақстан тарихындағы ең үздік  мәнерлеп сырғанаушылардың бірі. Ол 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында қола жүлдеге ие болып, тәуелсіз Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудағы тұңғыш олимпиадалық медалін жеңіп алған еді.

Сонымен қатар ол әлем чемпионатының жүлдегері және көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы ретінде ел спортының дамуына зор үлес қосты.

Еске салайық, Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматы қаласында қаскөйлердің қолынан қаза тапқан болатын. Оның есімі бүгінде қазақстандық спорттың символына айналып, енді туған қаласындағы көшелердің біріне беріліп отыр.

Бұл бастама – әйгілі спортшының жарқын бейнесі мен ел спортына сіңірген еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.

ТегтерДенис Тен