Wildberries компаниясы Ресейдің бірқатар өңіріндегі логистикалық кешендердің жұмысын уақытша тоқтатты

Wildberries компаниясы Ресейдің бірқатар өңіріндегі логистикалық кешендердің жұмысын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz.
24 шілдеде Санкт-Петербургтегі Шушары және Уткина Заводь аудандарында орналасқан екі логистикалық орталықтың қызметі тоқтатылғаны белгілі болды. Компания бұл шешімді қауіпсіздік мақсатында қабылдаған. Кешендердің жұмысын қайта бастау мерзімі әзірге айтылған жоқ.
Бұған дейін Краснодар мен Ставрополь өлкесіндегі Невинномысск қаласында орналасқан Wildberries қоймаларында өрт шыққан еді.
Ресейлік билік өкілдері өртке ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы мен олардың сынықтарының құлауы себеп болғанын мәлімдеді. Қойма қызметкерлері эвакуацияланып, бірнеше адам жарақат алды.
Осы оқиғалардан кейін Краснодар және Невинномысск кешендеріне жоспарланған тауар жеткізілімдерін басқа қоймаларға бағыттауға рұқсат берілді. Компания уақытша жабылған нысандардағы тауарларды сақтау ақысын есептеуді тоқтататынын хабарлады.
Шілде айында Wildberries-тің Мәскеу облысындағы Электросталь және Тамбов облысындағы Котовск қалаларындағы қоймаларында да ірі өрт болған.
Электростальдағы өртті толық сөндіруге бірнеше күн қажет болды. Котовскідегі кешен тексеруден кейін жұмысын қайта бастады.
Ашық деректерге сүйенген есеп бойынша, 2026 жылғы шілдеде Wildberries-тің жалпы аумағы 802 мың шаршы метр болатын бес логистикалық нысаны зардап шеккен.
Соның салдарынан компанияның логистикалық қуатының шамамен 8 пайызы уақытша істен шығуы мүмкін.
Wildberries басшысы Татьяна Ким компанияның ең басты міндеті қызметкерлерге және зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсету екенін мәлімдеді. Қоймаларда тауарлары болған сатушыларға өтемақы мен қаржылай қолдау көрсету мәселесі қарастырылып жатыр.
Логистикалық орталықтардың уақытша жабылуы кейбір тапсырыстардың жеткізілу ұзаққа созылуы мүмкін. Компания клиенттер мен сатушыларға қоймалардың жұмысы туралы жаңартылған ақпаратты ресми қосымшалар мен серіктестер порталынан бақылауға кеңес берді.










