Бақдәулет Ағабек жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен әлем чемпионы атанды

Қазақстандық жас балуан Бақдәулет Ағабек еркін күрестен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Әзербайжан астанасы Бакуде өткен дүниежүзілік додада Бақдәулет 48 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады. Ол алғашқы белдесуінде Тәжікстан өкілін 10:0 есебімен айқын жеңді.
Одан кейін қазақстандық балуан Болгария, Моңғолия және Өзбекстан спортшыларынан басым түсіп, финалға жолдама алды.
Шешуші белдесуде Бақдәулет Үндістан өкілі Аарьян Аарьянмен кездесті. Қарсыласына еш мүмкіндік бермеген отандасымыз финалда да 10:0 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір алтын медаль түсті. Бұған дейін грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Дияр Аманәлі де әлем чемпионатының жеңімпазы атанған болатын.
17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты Бакуде 27 шілде мен 2 тамыз аралығында өтті.










