Жұмыс іздеп барып, 125 жылға сотталды: қазақстандық Грекия түрмесінде отыр

Фото: “Ақтөбе Таймс” басылымы
Ақтөбелік 24 жастағы Рашид Кадыров шетелге табыс табуға барып, Грекия сотынан 125 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды
. Жас жігіттің анасы Нұрхан Кадырова Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрап отыр.
Анасының айтуынша, Рашид әлеуметтік желіден Түркияда жұмыс істеу туралы хабарландыру арқылы жүмыс тапқан .
Оған туристерді теңізде серуендететін катер жүргізу ұсынылған.
Жұмыс берушілер оқу мен құжаттарды өздері ұйымдастыратынын айтып сендірген.
Алайда кейін қазақстандық жігіт Грекия аумағында заңсыз мигранттарды тасымалдау ісі бойынша ұсталған.
Туыстары Рашидтің қылмыстық жоспардан бейхабар болғанын және алаяқтық схемаға түсіп қалғанын айтады.
Олардың сөзінше, жас жігіт мигранттарды заңсыз тасымалдауды ұйымдастырмаған, тек өзіне берілген жұмысты орындаған. Дегенмен Грекия соты оны кінәлі деп танып, жалпы мерзімі 125 жыл болатын жаза тағайындаған.
Аудармашысыз құжаттарға қол қойғызған
Нұрхан Кадырова ұлының шет тілдерін білмейтінін, тергеу кезінде жанында тиісті аудармашы мен білікті қорғаушы болмағанын мәлімдеді. Анасының айтуынша, Рашидке бірқатар құжатқа қол қою ұсынылып, қол қоймаған жағдайда жазасы ауырлайтыны айтылған.
Сот шешімімен қазақстандыққа 125 жыл түрме жазасынан бөлек, көлемі шамамен бір миллиард теңгеге жететін ірі айыппұл салынған. Қазіргі уақытта Рашид Грекия түрмесінде екі жылға жуық уақыттан бері қамауда отыр.
Отбасы орыс тілін білетін адвокат табуда қиындық көріп отырғанын жеткізді. Олар Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінен істі қайта қарауға, заңгерлік көмек көрсетуге және Рашидтің құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге жәрдемдесуді сұрайды.
Жастарға жасалған қауіпті тұзақ
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде жарияланатын күмәнді жұмыс ұсыныстарының қаншалықты қауіпті екенін тағы көрсетті. Жоғары жалақы, тегін жол жүру, құжаттарды жылдам рәсімдеу және арнайы дайындықсыз жұмысқа қабылдау туралы уәделердің артында халықаралық қылмыстық топтар тұруы мүмкін.
Әзірге Рашид Кадыровтың кінәсіз екені немесе қылмысқа саналы түрде қатысқаны туралы тәуелсіз сот қорытындысы жарияланған жоқ.
Оның туыстары жас жігіттің алаяқтардың құрбаны болғанын алға тартып отыр. Сондықтан істің барлық мән-жайын анықтап, қазақстандық азаматқа кәсіби заңгерлік және консулдық көмек көрсету маңызды.










