Сегіз айдан кейінгі жаңа неке: Әділет Зейнел қоғам сынына жауап берді

Қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел қоғамда үлкен талқыға түскен жаңа некесіне қатысты алғаш рет кең көлемде пікір білдірді.
Ол анасымен бірге сұхбат беріп, кейінгі айларда әлеуметтік желіде айтылған айыптауларға, марқұмның туыстарымен қарым-қатынасына және Ұлдананың өліміне қатысты қылмыстық іске тоқталды.
Әділеттің айтуынша, қазіргі жұбайымен ол биыл көктемде танысқан. Екеуі де медицина саласында еңбек еткенімен, жаңа жары Ұлдананың жақын құрбысы болмаған. Оның сөзінше, олар бұрын тек әріптес ретінде бір-бірін білген.
Әділет жаңа қарым-қатынас ауыр қайғыдан кейін қалыпты өмірге қайта оралуына көмектескенін айтады. Ол жаңа отбасын құруды марқұм жарына жасалған опасыздық деп есептемейтінін, адам қандай ауыр жағдайдан кейін де өмірін жалғастыруға құқылы екенін жеткізді.
Желіге тараған суреттер күтпеген дау туғызған
Әділеттің жаңа жұбайымен түскен суреттері әлеуметтік желіде тарағаннан кейін қоғамда қызу пікірталас басталған еді. Сұхбат барысында ол бұл кадрларды өздері әдейі жарияламағанын айтты.
Оның сөзінше, суреттерді той өткен мекеме мен мобилографтар жарнамалық мақсатта әлеуметтік желіге салған. Отбасы мұндай ауқымды сын болады деп күтпеген.
Әділеттің анасы да жаңа некені көпшілікке жариялауды жоспарламағандарын айтты. Оның түсіндіруінше, Ұлдананың анасынан алдын ала бата сұрамауларының себебі де марқұмның анасына қайтадан ауыртпалық түсірмеу болған.
Қылмыстық істен бас тартпайтынын айтты
Әділет Ұлдананың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын мәлімдеді.
Ол істің соңына дейін жетіп, кінәлілердің жауапқа тартылғанын қалайтынын айтты. Әділеттің сөзінше, жаңа отбасын құру оның Ұлдананың өліміне қатысты әділдік талап ету ұстанымын өзгертпейді.
Сонымен қатар ол ақпан айынан бері Ұлдананың туыстарымен араласпайтынын растады. Алайда марқұмның жақындарына қатысты жаман пікір айтқысы келмейтінін жеткізді.
20 миллион теңгеге қатысты түсініктеме берілді
Сұхбатта Ұлдана қаза тапқаннан кейін жиналған шамамен 20 миллион теңгенің тағдыры да сөз болды.
Әділеттің анасының айтуынша, бұл қаражат мемлекеттік өтемақы емес, адамдардың жерлеу рәсіміне көмек ретінде жинаған ақшасы болған.
Отбасының мәліметінше, қаражаттың шамамен 10 миллион теңгесі Ұлдананың кепілде тұрған автокөлігінің несиесін жабуға жұмсалған. Ақшаның бір бөлігі марқұмның анасы мен әпкесіне берілген, қалғаны жерлеу және ас өткізу шығындарына кеткен.
Әділет отбасының мемлекеттен өтемақы немесе пәтер талап етті деген әңгімелерді де жоққа шығарды.
Желіде қорқыту мен балағат көбейген
Әділеттің айтуынша, жаңа некесі туралы ақпарат тарағаннан кейін өзіне және қазіргі жұбайына бағытталған ауыр сын, балағат және қоқан-лоқы көбейген.
Оның анасы отбасы мүшелерінің ар-намысына тиетін және шектен шыққан жазбаларға қатысты заң аясында шара қолдануға дайын екенін мәлімдеді.
Әділет жаңа жұбайының да әлеуметтік желідегі қысымды ауыр қабылдап жүргенін айтты.
Соған қарамастан ол Ұлдананы ұмытпағанын және марқұм жары туралы естелік оның өмірінде сақталатынын атап өтті. Отбасы Ұлдананың қайтыс болғанына бір жыл толғанда ас беріп, Құран бағыштауды жоспарлап отыр.
Еске салайық, 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үй қасбетінің бір бөлігі құлаған кезде ауыр жарақат алған еді. Ол оқиға орнына жедел жәрдем бригадасымен келген болатын. Он күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан Ұлдана 18 қарашада көз жұмды.
Ұлдана Мырзуан мен Әділет Зейнел қайғылы оқиғадан бір жарым айға жуық уақыт бұрын, 2025 жылғы 30 қыркүйекте некелескен.
Ал биыл жазда Әділеттің қайта шаңырақ көтергені туралы ақпарат тарағаннан кейін марқұмның анасы да көпшілікке мәлімдеме жасап, бұрынғы күйеу баласының жаңа некесі, мұра және қылмыстық істегі жәбірленуші мәртебесіне қатысты өз ұстанымын білдірген еді.










