АЛТЫНОРДА
Басты жаңалықтарТарих

«Желтоқсан – ел тарихы, ерлік тарихы»: оқушылар эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды

 

Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын жас ұрпаққа таныту және ел тарихындағы ерлік пен қайсарлықты дәріптеу мақсатында Алматы қаласында мектеп оқушылары арасында эссе жазу байқауы өтті.

2026 жылғы 13 қарашада «Желтоқсан – ел тарихы, ерлік тарихы» тақырыбындағы қалалық эссе байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Шона Смаханұлы атындағы № 62 гимназияның акт залында ұйымдастырылды.

 

Байқау жеңімпаздарын марапаттау сәті

Байқауға қала мектептерінің оқушылары қатысты. «Қайсар Жүрек» қоғамдық қорының кеңсесіне барлығы 150 эссе жұмысы келіп түсті. Қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды бағалап, үздік деп танылған қатысушыларды бірнеше санат бойынша марапаттады.

Бас жүлде, бірінші, екінші және үшінші орын иегерлерімен қатар, түрлі номинациялар бойынша және белсенділігі үшін 100 оқушы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Жүлдегерлерді дайындауға үлес қосқан жетекшілерге де алғыс хаттар табысталды.

Марапаттау рәсіміне Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың қатысуы байқаудың мазмұнын тереңдете түсті. Олардың қатысуы жас ұрпақ үшін ел тарихын куәгерлер арқылы танып, өткеннің тағылымын сезінуге мүмкіндік берді.

Осындай шығармашылық байқаулар оқушылардың тарихи тақырыпқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, азаматтық көзқарасын қалыптастыруға, ел тарихына құрметпен қарауға ықпал етеді.

Іс-шара Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ербол Сыпатаевты еске алуға арналған жоба» аясында «Қайсар Жүрек» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді.