«Ерке Есмахан 2 миллион сұрайды»: Әншілер тойда жарты сағат ән айтқаны үшін қанша алатыны белгілі болды

 

Қазақстандағы эстрада жұлдыздарының тойда жарты сағат ән шырқауы қанша тұрады? Отандық шоу-бизнестегі гонорары көлемді әншілер кім? «Ел арнадағы» «Жаңа қадам» бағдарламасы осы сұрақтарға жауап іздеп, ең «қымбат» өнер иелерін анықтады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бағдарлама қызметкерлері отандық өнер жұлдыздарының бір тойға барып, табатын табысы туралы кішігірім сюжет жасады. Қызметкерлердің бірі еліміздегі сұранысқа ие әншілердің әкімшілеріне хабарласып, тойда жарты сағат ән шырқағанына қанша сұрайтынын анықтаған.

Телеарна мәліметіне сәйкес, Ерке Есмахан тойда ән айтқаны үшін 2 миллион теңге сұрайды. Той өтетін өңірге ұшып бару және келу билеттері, қонақүй нөміріне ақшаны бөлек төлейсіз. Ол жалпы есебі 7-8 ән шырқап береді. Сондай-ақ 2 миллион гонорар сұрайтын әншілер қатарында Ернар Айдар мен жас жұлдыз Тұрар бар.

Ернар Айдардың жол шығыны мен жатын орны да сол қаражаттың ішіне кіреді. Ал Тұрарды той төрінен көргіңіз келсе, 2 миллионнан бөлек ұшақ билеттері мен қонақүйді дайындайсыз. Сәкен Майғазиев пен Мөлдір Әуелбекованың гонорары — 1 жарым миллион. Айырмашылығы — Әуелбекова жол шығынын осы қаражатқа қосқан. Ал «Музарт» әншісінің жол-пұлын өзіңіз көтересіз. Мәдина Сәдуақасованы тойға шақыру үшін өзіне бизнес санаттан, көмекшісіне эконом санаттан билет алып, жақсы қонақүйден нөмір табасыз. Сондай-ақ 1 миллион теңгені бөлек қолына ұстатасыз.

kaz.nur.kz