Талғарда дәретханаға құлап кеткен 2020 жылғы бала мен 2013 жылғы әпкесі құтқарылды

Алматы облысы, Талғар ауданында 2020 жылы туған бала қазылған дәретханаға құлап, әкесі оны құтқару үшін арқанның көмегімен 2013 жылы туған қызын шұңқырға түсірген. Бірақ ер адам өз бетінше екі баланы көтеріп шығара алмағаны анықталды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі ресми сайтында.

«2023 жылдың 28 шілдесінде сағат 18.45-те Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне Талғар ауданының Амангелді ауылында 2020 жылғы баланың дәретханаға құлағаны туралы хабарлама келіп түсті.

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дереу өрт сөндіру бөлімінен 8 км қашықтықтағы оқиға орнына барды. Оқиға орнына келгеннен кейін 2020 жылы туған бала дәретханаға құлап, әкесі оны құтқару үшін арқанның көмегімен 2013 жылы туған қызын қазылған шұңқырға түсіргені анықталды.

Бірақ ер адам өз бетінше екі баланы көтеріп шығара алмаған», — деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі. Министрліктің мәліметінше, Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің 3 қызметкері мен техникасы сағат 18.54-те балаларды дәретханадан шығарған. Балаларға жедел жәрдем бригадасы алғашқы медициналық көмек көрсетті.

 

kaz.nur.kz