Абылайхан — Азия чемпионы! Финалда тістеп алған өзбек боксшысы жазаланды
Қазақстан бокс федерациясының наразылық хаты нәтижесінде 71 келідегі финалдық жекпе-жек қайта қаралды, — деп хабарлайды msports.kz сайты.
ҚБФ жолдаған ресми наразылық хатта Абылайхан Жүсіпов пен Хавасбек Асадуллаев жекпе-жегінде өзбекстандық боксшы тарапынан спорттық ереже өрескел түрде бұзылғаны хабарланды.
Шаршы алаңдағы төреші Джована Угренович (Сербия) бұл сәтте ешқандай ескерту жасамағаны айтылды. Қазақстан тарапында ереже бұзылуына дәлел ретінде фото және видео материалдар көрсетілді.
Нәтижесінде IBA және ASBC ұйымдары бастапқы шешімді өзгертіп, Абылайхан Жүсіповті чемпион деп таныды.
Өзбекстандық боксшы белгілі мерзімге жарыстардан шеттетілетін болды.
Айта кетейік, бұған дейін өзбек боксшысы финалда Абылайханның иық тұсын тістеп алғаны жайлы жазған болатынбыз.