«Әкім — қос ұлтты алалайды, бізде ұйғыры бар ауылдарда ғана жағдай жақсы» — Аудан тумасы
Қарадала өлкесінің тумасы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері Арайлым Ботанқызы Ұйғыр ауданы әкімінің қос ұлтты алалап, ұлттық саясатқа сына қағып отырған қызметіне қатысты шындықты ашып айтты. Әлеуметтік желіде ашық пікір білдірді. Оның айтуынша, әкімдік ұйғырлар тұратын ауылдарға ғана көңіл бөледі, көнбіс қазақ тасада қалады.
Өткен күні Ұйғыр ауданы, Кепебұлақ ауылында тірідей жанып кеткен азамат пен балалар да аудандағы дискриминацияның кесірінен көз жұмған. Бұл тұрғындарды күйіндіріп отыр. Бұл жайлы хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы жазды.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері Арайлым Ботанқызы Ұйғыр ауданы әкімінің қос ұлтты алалап, ұлттық саясатқа сына қағып отырған қызметіне қатысты шындықты ашты. Оның айтуынша, Ұйғыр ауданының қазіргі әкімі Нурахунов Шухрат Турдахунұлы қызметтен кетуі тиіс:
— Ұйғыр ауданының әкімі осы немен айналысады? Одан неге сұралмайды. Аудандағы ауылдарға жауапты сол емес пе? Кетсін орнынан. Бітіріп жатқан түгі жоқ. Жоқ менікі қате ме? Ұйғыры бар ауылдардың жағдайы жаман емес. Кепебұлақта (Бөдеті) ұйғыр болмағаны үшін кінәлі ме? Кешегі Жаркенттің таксистерінің бір ауыз сөзіне өре түрегелген көп шуылдақ, қайдасыздар?! Адам өліп жатыр. Ондай кезде мәселе тек сол ауданға қатысты болып қалады. Досым деген жігіт екі балапанымен тірідей жанып кетті, — деп күйінді автор.
Айшықтай кетейік, Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кепебұлақ ауылында жан түршігерлік қайғылы жағдай болды. Үйде шыққан өрттен әкесі мен кішкентей екі періште баласы тірідей жанып кетті. Ауылда өрт сөндіру қызметін шақыру үшін ұялы байланыс та болмаған.
Оқырмандар қазақтар тұратын ауылдарға мүлдем көңіл бөлінбейтінін растады. Олар:
«Қайтыс болған жігітті жақсы танушы едім. Аңқылдаған ақкөңіл жігіт еді. Соншама уақыт бейқамдыққа салынып жүрген шенділер жауап берсін. Кетпен мен Кіші Диханда бар ұялы байланыс, Кепебұлаққа жетпеді деген жәй сылтау ғана. Алтынай мен Мейраш тәте қандай күйде екенін көзіме елестете алмаймын. 3 ботасынан айырылған Мұрат ағаның жағдайын тіптен. Сол баяғы жүрдім-бардым қараудың салдары…»;
«Біздің Үлкен диқанда анау айтқандай керемет болмаса да байланыс бар. Қазақтар ғана тұрса мүлдем жоқ болар ма еді. Жайлары жаннаттан болсын» деді олар.