«Қазақстаннан үмітіміз үзілсе, Иранға кетеміз»: Ауғанстанда тұратын қандасымыз ондағы қазақтардың арманы жайлы айтты

Ауғанстандағы этникалық қазақтар Қазақстан үкіметінен үміттері үзілсе, көрші елдерге кетуді жоспарлап отыр. Мұндағы Талибан режимінің орнағанына да үш жылға жуық уақыт таяп қалған. Stan.kz тілшісіне Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында тұратын өзін Мұхаммед Расул деп таныстырған азамат, тәліп билігінің тұсындағы өзгерістер мен елдегі қазақтардың жағдайы туралы айтып берді. 

Мұхаммед Расул Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында 1987 жылы дүниеге келген. Өзін этникалық қазақпын деп есептейді. Ауғанстандағы соғыстардың салдарынан мектеп пен медресені 5-сыныпқа дейін оқыпты. Отбасылы, екі ұл мен екі қыздың әкесі. Жанұясымен бірге Мазари-Шариф қаласында тұрады. Кіші жүз ішіндегі он екі ата Байұлыдан тарайды екен. 

«Бабаларымыз 1930 жылы Қызылорданың Жосалысынан Өзбекстан арқылы Ауғанстанға көшіп келіпті. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары қазақтардың алғашқы легін атажұртқа көшірген екен. Ол кезде әкем батылдық танытпаған ғой. Аталарымызды советтік жүйе әбден қудалаған. Сондықтан да елге баруға қорыққан сияқты. Біз енді әкеміздің орындай алмаған арманын, орындасақ деймін. Мектепті де аяқтай алмадым. Ауғанстандағы түрлі соғыстардан басымыз сауғалап, ауылдар мен тау-тастарға қаштық. Балаларымның мектептен дұрыс білім алғанын қалаймын. Тарихи отанымызға оралсақ, балаларымыз үшін де жақсы», — дейді қандасымыз.

Сөзінше, аталары елден көшкенде құнды жәдігерлерін атамекенге көміп кетіпті. 

«Ауғанстанда жұмыс табу қиын. Тек қазақтарға ғана емес, барлық халықтар үшін де жұмыс жоқ. «Талибан» билікті басып алған соң, қаражаты бар азаматтар шетелге қашты. Балаларға күнделікті нан табу үшін жұмыс іздейміз. Өзім ғимарат немесе үйлердің ішкі жұмыстарын безендіремін. Көрші елдерден көмек жиі келеді. Олар ауған халқына тегін азық-түлік таратады. Гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктерінен заттарды түсіруге көмектесемін.

Ол жақтан бидай, ұн т.б. заттарды таратады. Солардан балаларға тамақ дайындап береміз. Күн суық кезде құрылыс жұмыстары да тоқтайды. Әйтпесе, өзім үйренген құрылыс жұмыстары жақсы ғой. Қазақстан мен Өзбекстаннан да азық-түліктер келеді. Бізден басқа да Ауғанстанның 33 провинциясына жеткізіледі екен. Олар қалалар мен ауылдарды да аралайды. Бізге Өзбекстаннан көп жәрдем келеді», — дейді 36 жастағы ер азамат. 
Мұхаммед Расул мырзаның айтуынша, Қазақстанда алыс-жақын туыстары бар. Өзі жат елде жүрсе де жеті атасын ұмытпаған. 

«Биыл Ауғанстанда күн қатты суыды. Балаларға да қыс оңай тиген жоқ. Сыртқа шықса ауырып қалады өйткені жылы киім жоқ. Біздің қазақ тілінде сөйлегенімізге балаларымыз да қосылып кетеді. Бірақ олар біз сияқты ана тілін жақсы білмейді. Үй сыртында басқа балалармен ойнайды. Атажұртының бар екенін қазірден біледі. Қазақ екендіктерін ұмыттырмау үшін біз де жиі еске саламыз. Балаларымның сабақтары мектептерде парсы тілінде өтеді. Тәліптер мектеп бағдарламасына шариғат негіздерін қосқан. Қыз балаларға тек 6-сыныпқа дейін оқуға рұқсат. Үлкен ұлым «әке сен сабақ оқымадың, мен мектепті бітіріп, инженер болсам» дейді. Қызым тәліптердің 6-сыныптан ары қарай рұқсат беруін қалайды. Оның арманы – дәрігер болу. Екеуінің де сабақ үлгерімі жақсы. Мектепте пуштун, ағылшын тілдері мен Құран Кәрім сабақтарын да оқытады. Қызымыз ұзын көйлегі мен ниқабын мектепке киіп барады. Өзім де балаларымның білім алғанын қалаймын. Мектептерімізде әйел мұғалімдер азайып, ер ұстаздардың саны артқан», — дейді сұхбат беруші. 

Сөзінше, Ауғанстанда тұратын қазақтар ғана емес өзге халықтар да Қазақстанға көшкісі келеді. Отбасы қазақ билігі өздерін елге оралуға көмектессе дейді.

«Мазари-Шариф қаласында қазақтарымыз да баршылық. Кабулдағы Қазақстан елшілігіне екі жыл бұрын бардық. Тәліптер ол кезде елді басып алды. Қазақтарды алып кетеді деп естідік. Кабулда 15 күн бос жаттық. Елшілікпен дұрыс сөйлесе де алмадық. Олар Қазақстаннан нақты тапсырма келмесе, әрекет ете алмаймыз деген. Кабулдағы Қазақстан елшілігінің алдында пуштун, хазарлар, тәжіктер т.б. халықтарды көреміз. Олар Қазақстанға кетуді қатты армандайды. Өздерінің қазақ екендіктерін айтады. Бұрынғы үкіметтен қалған құжаттарымыз ғана бар. Біз атамекеннен ақша сұрамаймыз. Қазақстан билігі нақты шешім шығарып, елге алып кетсе болды.

Ақшасы бар басқа ұлттар төлқұжаттарын да сатып алады деп естиміз. Қазақстаннан үмітіміз үзілсе, төрт-бес қазақ отбасы Иранға кетсек дейміз. Иранға да көшу оңай емес. Бірақ күн жылынғаннан кейін ойланамыз. Қайда кетсек те жанымның да, қанымның да қазақ екендігін ұмытпаймын. Атам қазақ болған соң, қазақ болып өлемін», — дейді құрылысшы маман.

Қандасымыздың бір туысы Түркияның Кония қаласына көшіп кетіпті. Қаражаты барлар Иран, Пәкістан т.б. елдерге кетіп жатқандығын айтады. 

Мұхаммед Расул мырзаның айтуынша, тәліптерді Катар билігі ұзақ жыл қолдап келеді. Тәліптерге көршісі Пәкістан да көмек береді екен. 

«Ауғанстанға шетелден келетін туристер де бар. Қаладан оларды байқап қаламыз. Оларға ешкім тиіспейді.
Бір қуанарлығы, қазақтарымыз тәліптердің қатарына қосылмаған. Өзбек ағайындардан тәліптер жағына өтіп кеткендері бар. Бірақ «Талибан» қозғалысына өткендерге жағдай жасалады дегенді де естідік. Бізге ондай ақшаның керегі жоқ. Біреудің шашбауын көтеріп, олардың әскері болу үшін өмір сүріп жүрген жоқпыз», — деп сөзін аяқтады ол