Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан Гран-при кезеңінде жүлделі орынға ие болды

Ақмарал Ерекешева. Фото: Халықаралық гимнастика федерациясы (FIG)

Қазақстандық Ақмарал Ерекешева Чехияның Брно қаласында өтіп жатқан көркем гимнастикадан Гран-при кезеңінде жүлделі орынға ие болды.

Жекелей көпсайыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы төрт жаттығудың жиынтығында 116,500 ұпай жинап, екінші орынға ие болды. Осылайша Ақмарал Ерекешева жарыстың күміс жүлдегері атанды.

Бірінші орынды Украина өкілі Таисия Онофрийчук иеленді. Ол 117,900 ұпай жинады. Ал Польша спортшысы Лилиана Левинская 108,250 ұпаймен қола жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, Ақмарал Ерекешева төрт жаттығудың барлығында да екінші нәтиже көрсетті. Қазақстандық гимнаст шығыршық, доп, ұршық және таспамен орындалатын жаттығулардың финалына да жолдама алды.

Брнодағы Гран-при кезеңі 13 қыркүйекте аяқталады. Финалдық бәсекелерде әр жаттығу түрі бойынша іріктеуде үздік сегіздікке енген спортшылар жүлделер үшін таласады.

Ақмарал Ерекешева биыл халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерімен көзге түсіп жүр. Тамыз айында Германияда өткен әлем чемпионатында ол жекелей көпсайыста алтыншы орын алып, ұршықпен жаттығуда үздік бестікке енген болатын.