Алматы облысында азық-түлік бағасын негізсіз көтерген саудагерлер анықталды

Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында жүргізілген бақылау жұмыстары кезінде бірқатар ірі сауда субъектілерінің заң талаптарын бұзғаны белгілі болды, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz   ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасай отырып 

Атап айтқанда, ЖК «Омаров», «Iceberg Distribution» ЖШС және «Ар Диас» ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағамен сатып алып, кейін оларды басқа сауда орындарына 17%-дан 86%-ға дейінгі негізсіз үстемемен қайта сатқан.

Осы фактілер бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, заң бұзған кәсіпкерлерге айыппұл салынды.

Жыл басынан бері өңірде 171 сауда субъектісіне қатысты 643 әкімшілік хаттама толтырылған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3,4 миллион теңгеден асты. Оның 467-сі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асыруға қатысты болса, 176 хаттама сауда қызметі туралы заң талаптарын бұзу дерегі бойынша рәсімделген.

Тексеру барысында бір сауда желісі, бір көтерме сауда орны және 11 сауда субъектісі азық-түлік тауарларына 40%-дан 203,8%-ға дейін негізсіз үстеме қосқаны анықталды.

Сонымен қатар, өңірлік комиссия «Алтын Орда» базарындағы 13 сауда субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде азық-түлік бағасының өсуіне әсер еткен 7 тиімсіз делдалдың қызметі тоқтатылды.

Қазіргі уақытта облыста өндірушілер мен ірі жеткізушілердің тізімі жасалып жатыр. Сондай-ақ электрондық шот-фактуралар арқылы делдалдық схемаларды анықтау және жою жұмыстары жалғасуда.

Бұл шаралар нарықтағы ашықтықты арттыруға, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған.