Алматыдағы №252 сайлау учаскесінде биыл 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатысып жатқан жастарға ерекше көңіл бөлінді.
Жас қыз-жігіттер үшін бұл күннің орны ерекше. Себебі олар алғаш рет өздерінің сайлау құқығын пайдаланып, дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Осы айтулы оқиғаға орай жастарға естелік сыйлықтар табысталды.
Алғашқы дауыс беру – жастар өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Бұл олардың қаланың қоғамдық-саяси өміріне тікелей араласуына бастау болады.
Еске салайық, Алматы мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауында 168 кандидат депутаттық мандатқа үміткер. Олардың 109-ы партиялық тізім бойынша, ал 59-ы бірмандатты сайлау округтері арқылы ұсынылған.
Қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 41-інде Алматыда тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға дауыс беруге мүмкіндік беретін бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді.
Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
