Алматыда такси жүргізушісі шетелдік азаматты әуежайдан қонақүйге 45 мың теңгеге жеткізген

Алматыда такси жүргізушісі Германия азаматын әуежайдан қонақүйге дейін 45 мың теңгеге жеткізген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

43 жастағы Германия азаматы Алматыға Lufthansa әуекомпаниясының “Франкфурт – Алматы” бағытындағы рейсімен келген. Алайда такси жүргізушісі қонақүйге дейін жеткізгені үшін бағаны көтеріп, 45 мың теңге сұрапты. Бұған наразы болған шетелдік полицияға шағым түсіріпті. 

“Көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы қаласының 45 жастағы тұрғынын, жеке такси жүргізушісін анықтады. Ер адам германиялық азаматқа қоғамдық орындарда такси қызметін ұсынып, Алматы қаласының халықаралық әуежайынан қаладағы Қонаев көшесінде орналасқан қонақүйге апарғаны үшін үлкен сома алған. Такси жүргізушісі келтірген шығынды өтеді. Құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабының 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – делінген хабарламада. 

Айта кетері, 2023 жылдың басынан бері еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 15 970 азамат жауапқа тартылған. Оның ішінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін 880 азамат анықталыпты. Оның 243-і – заңсыз такси жүргізушілері.