«Аңшыға әр киік үшін 4000 теңге төленеді»: БҚО әкімінің орынбасары атылған киік еті қайда жөнелтіліп жатқанын айтты
Әлеуметтік желіде атылған киіктердің өлексесі далада шашылып, етінің базарда сатылып жатқаны жөнінде түрлі ақпарат тарады. Осы ретте Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов ауланған киік етінің қайда жөнелтіліп жатқанын, дериваттары қайда сақталатынын және бұл жұмысқа кімнің жауапты екенін мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісіне сілтеме жасаған Altyn-orda.kz
Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың айтуынша, БҚО-да ет комбинаты киік етінің келісін 900-1200 теңге аралығында сатылымға шығаруда.
Облыстық мәслихат депутаты Нұртай Жұмашев облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында ауланған киік еті қайда жөнелтіліп жатқанын, дериваттары қайда сақталатынын және бұл жұмысқа кімнің жауапты екенін сұрады. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес 2023 жылдың 15 қыркүйегі мен 30 қарашасы аралығында өңірде ақбөкендердің санын реттеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, киіктер санын реттеу үшін алғашында корал (тор құру) әдісі қолданылған.
Кәсіпкерлерден әрқайсысының құны 15 млн теңге болатын 2 тор және қосымша құрылғылар сатып алынған. Бірақ бұл әдіспен ақбөкендерді ұстау қиынға соққан. Коралмен іс өнбеген соң экология министрлігі атуға шешім шығарып, аңшыларды жұмылдырған. Ал киіктің етін өңдеу үшін жануарларды тек корал әдісі арқылы ұстау қажет.
Жалпы бұл жұмыстың бәріне «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК жауапты.
«Қазіргі уақытта Жаңақала, Казталов және Жәнібек аудандарының аумағында 9 атқыштар бригадасы және 2 бригада тормен жұмыс істейді. 50-ден астам адам тартылды, олар мен «Охотзоопром» арасында тараптардың міндеттері нақты жазылған шарттар жасалды. Сондай-ақ бес ет комбинаты ақбөкеннің етін қабылдайды.
Олар: «Сәулетов» жеке кәсіпкерлігі, «Кубеев» жеке кәсіпкерлігі, «Жалпақтал» АШК, «Асыл-Агро» шаруа қожалығы, «Жардем» шаруа қожалығы.
Сондай-ақ Ақжайық ауданындағы «Батыс-Нық» ЖШС ет комбинатымен келіссөздер жүргізілуде», — дейді облыс әкімінің орынбасары. Әкімдік мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда 2735 ақбөкен етке жөнелтілген. Оның ішінде 937 киік тормен ұсталса, ату әдісімен – 1798 бас ауланған. «Жануарлардың ұшалары кейіннен халыққа өткізу үшін жоғарыда аталған ет комбинаттарына берілді
. Ет комбинаттары үшін ақбөкен ұшасының қабылдау бағасы 1 килограмы үшін 315 теңгеден бастап бекітілді, базарда ақбөкен еті килограмына 900 теңгеден 1200 теңгеге дейін сатылады. Алайда жануардың етін қайта өңдеуге қажет мемлекетаралық стандарт (ГОСТ) та, техникалық сипаттама да жоқ. Қазіргі заңнама бойынша бұл құжаттарды ет комбинаттары жасауы тиіс.
Ол үшін бес айдай уақыт кетеді. Сондықтан қазір еліміздегі ет комбинаттарымен сөйлесіп жатырмыз.
Біздің жұмысымыз – етті қайта өңдеуді және халыққа сатуды ұйымдастыру», — деді Қалияр Айтмұхамбетов. Әкім орынбасарының айтуынша, «Охотзоопром» аңшыға әр киік үшін 4 мың теңгеден төлеп, жануардың етін ет комбинатына тапсыруда.
Мүйіздерді «Охотзоопром» кәсіпорнының қызметкерлері кесіп тастайды, таңбаланады, нұсқаулыққа сәйкес нөмірленеді және сақтауға жіберіледі. Қазіргі уақытта мүйіздердің саны – 2514 дана. «Қазір қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, олар облыс аумағында 200 мың бас жануарға арналған питомник пен ақбөкен мүйіздерін қайта өңдеу зауытын салуды ұсынады. Мұндай мысал қазірдің өзінде бар, инвесторлар Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен бірлесіп Ұлытау облысында ақбөкендерді питомникте жартылай еркін ұстау жобасын жүзеге асырды.
Қазіргі уақытта жобаны іске асыру үшін жер учаскесі таңдалуда», — деді облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов. Облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев киік басын шектеуге, еті мен дериваттарын өткізуге қатысты ақпараттардың ашық болуы қажет екенін айтты.
Автор: Нұрлыбек Нұрланұлы