Әнұран шырқалғанда орнынан тұрмаған тілшілердің басы дауға қалды

Әлеуметтік желіде ресми жиында айтылған әнұранның видеосы тарап, қолданушылар арасында талқы тудырды деп жазады «Адырна». Оған себеп — Нұрбек Бекбаудың бөліскен бейнежазбасы. 

Оның айтуынша билік ғимаратында шырқалған әнұранға елдің бәрі тікесінен тік тұрып құрмет көрсеткенінде, «Власть» интернет журналының тілшісі Тамара Вааль мен журналист Ирина Севостьянова тіпті орнынан тұрмаған көрінеді.

«Әнұран шырқалып, жұрттың бәрі тік тұрғанда, Тамара Вааль, Ирина Севостьянова неге былшиып отырсыздар? Басқа емес, Парламент ғимаратында тұрып, әнұраныңды менсінбеу не деген сорақылық? Гимнді мойындамау — мемлекеттілігіңді мойындамау ғой. Оғаш оқиғаны Дархан Қыдырәлі мырза назарға алуыңызды сұраймыз» деп жазды ол.

Аталған жайтқа қатысты «Адырна» редакциясы заңгер маманның пікірін сұрап білді. Заңгер Қуат Ауғанбектің айтуынша бұл Заңмен қарастырылуы тиіс дейді:
 
«ҚР Мемлекеттік рәміздер туралы заңының 9-бабы  Мемлекеттік Гимнін орындау тәртібіне сәйкес, Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды. Аталған оқиға үлкен талқыға түскен болса Заң жүзінде қаралуы тиіс. Егер де әдейі құрметсіздік көрсетілген болса немесе қандай да заңға қайшы нәрселер анықталған болса заң бұзушы 200 АЕК (690 000 теңге) айыппұл төлеуге міндетті. Алайда, видеода орнынан тұрмаған азаматшалар қызмет бабымен мемлекеттік маңызы бар шұғыл жұмыстар атқарып отырған болса жаза тағайындалмауы да мүмкін. Заң барлық жағынан қарастырылады» деді ол.

 

 
Тегтерәнұран