«Әрекетке — берекет!» — экономист Дәулет Мұқаев депутат сайлауына түсіп жатыр

Экономист әрі блогер, қазақтың баспана мәселесін шешу жолында халыққа танылған Дәулет Мұқаев ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына түсіп жатыр. Үміткер өз шешімі жайлы әлеуметтік желіде хабарлады, деп жазды «Адырна» ұлттық порталы.

— Халық сұраса, хан түйесін сояды. Өздеріңіз білетіндей мен осы уақытқа дейін “депутаттыққа сайланбаймын” деп бірнеше мәрте сұхбат бергенмін.  Десе де “Сіз депутат болуға лайықсыз” деген толассыз хат жазып, “Дәулет депутат болсын” деп, петицияға қол қойған қолдаушыларымның қатары да аз болмады. Халықтың үніне құлақ асып, қамын Парламентте ойлайтын кез келген сияқты… Әрі жаңа Қазақстан, жастар, өзгеріс деп жатырмыз. Жасым болса орда бұзар 30-дан асты.

Бұйырса, 19 наурыз күні өтетін сайлауға ҚР Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде өзімді ұсынып отырмын. Ешбір партия атынан емес. Астана қаласының Есіл және Сарыарқа аудандарының #2 бірмандаттық аумақтық сайлау округінен үміткермін.

Осы уақытқа дейін “алдын ала үгіт-насихат шаралары жүріп, заңбұзушылық болып кетпесін” деп ешбір жерде жарияламадым. Дәл қазіргі уақытта әуелі Алланың, екінші ата-анамның қолдауымен өз штабымды жасақтап, бәйгеге түсуге сақадай саймын, — деді Дәулет Мұқаев.

Cонымен қатар, Дәулет Мұқаев оқырмандарынан қолдау танытуын сұрап, әділетті сайлаудан үмітті екендігін жеткізді.

— Басқа кандидаттар видеороликке арнайы тапсырыс беріп жатса, мен осы уақытқа дейін “Қазақтың Дәулеті” деп қолдап келген қарапайым жандармен видео түсіргім келеді.

Осы ретте:

Құрметті менің жақтастарым сіздерді БҮГІН сағат 21:00-де Астанамыздың Ботаникалық бағында (Түркістан көшесі жағынан Орталық кіреберіс) жиналып, қолдау видео түсіруге шақырамын!!! Астаналық оқырмандарым, келіңіздер. Жиналайық. Кезекті бәйгеге түскелі отырған сәйгүлігіңізді қолдап жіберіңіздер! Менің күтетінім әділетті сайлау, — деп халыққа өтінішін жеткізді экономист.