“Арманым, жақсы жерге қойылуы”. 10 жылдан аса аулада қалып кеткен Қонаев ескерткішіне әлі орын табылмай тұр

Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровтың бірге тұрған ескерткішінің аулада тұрғанына 10 жылдан асты. Осы уақыт аралығында қанша айтылды, жазылды. Бірақ шешімін тапқан жоқ. Құнды мүсінді жасатқан Ержан Қалдыбаев болса оны қоятын жер табылмақ түгілі, ел аузында аңызға айналғанын айтуда. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі ағамыздан дәл осы ескерткіш жайлы толығырақ сұрап білді. 

Ержан Қалдыбаевтың айтуынша, Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровтың бірге тұрған ескерткіші 2012 жылы жасалған. Сол жылы Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толды. Ал көрнекті қайраткердің мерей тойы кең көлемде тойланбады. Тасада қалды. Соған күйінген ол жаз ортасында қос қайраткерге арналған ескерткішті жасатуға кірісіп кетеді. 

“Осылайша дос-жаран, туыс-таныстарды, кәсіпкерлерді аралап, ақша жинадым. Өз қалтамнан да қомақты қаржы шығарып, ескерткішті бастап кеттім. Шамамен жарты жылдан аса уақыт кетті. Қырғыз, қарақалпақ және қазақтың жақсы мүсіншілерінің басын қосып, барынша ескерткішті ерекше етіп жасауға тырыстық. Жарты жылдан аса уақытта 4 мәрте бұзып қайта жасадық. 4 адам әр дене мүшесін ұқсатуға тырысты. Биіктігі 3 метрге жуық, — дейді Ержан ағамыз. 

Кейін дайын болғанда Қонаевтың жақындары, Асанбай Асқаровтың жолдасы арнайы келіп, өз бағаларын беріп, құранын бағыштап риза болып кеткен екен. Артынша әкімдікке қоятын орын сұрап барған. Бірақ рұқсат берілмей, сол күйі аулада қалады. Арада 10 жылдан аса уақыт өтті. Әлі күнге ыңғайлы жер табылмаған. Тек ел аузында аңызға айналды. 

Ескерткіштің қойылуы үшін көп адам әрекеттенді

Аулада қалған ескерткіштің өз орнын табуы үшін көп адам күш салған екен. Ержан Қалдыбаев тіпті қазақтың мүйізі қарағайдай зиялы қауымдарының да қолын жинағанын айтады. Бірақ соңғы нүктеге келгенде іс тоқтап қалады екен. 

“Қазақстанда атышулы адамдардың барлығы көқмектесуге тырысты. Бірақ ең соңғы нүктеге барғанда тоқтайды. 2017 жылы Алматыға барып қол жинадым. Зиялы қауым өкілдерінен 67 адам қол қойды. Қазір олардың біразы қазір қайтыс болып кетті ғой. Тіпті кейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары да хабарласты. “Денросаябақтың қақ алдына қояйық, халық ең көп жүретін жер” деген ұсыныспен. Содан бері де 2 жыл өтіп кетті. Әрине, мен ешкімге ренжімеймін. Өйткені, әкімдікке, билікке өткізіп қойған ештеңем жоқ қой. Десе де, оң ниетпен, жылы лебізбен ұсыныс болса құптар едім”, — дейді ол. 

Ескерткіш ел аузында аңызға айналып кетті

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында қонақта болғанына да тоқталды. Сол жердегі үлкен кісілер әңгіме қылған. Бірақ ұялғанынан авторы “менмін” деп айта алмаған. 

“Сол жерде үлкен кісілер ескерткішті әңгіме қылып отыр екен. “Оңтүстік жақта Қонаевтың мүсіні аулада тұрғанына бәленбай жыл болыпты. Жасатқан азамат рұқсат ала алмай жүр екен” деп айтқандарын өз құлағыммен естідім. Ол менмін ғой деп айтуға қатты ұялдым. Шынымды айтайын, 10 жылдан бері басымды тауға да, тасқа да соғып шаршадым. Қаншама уақытым кетті, қанша ақша кетті. Биыл, міне 11 жылға ұласып барады. Аулада тұрып “мерей тойы” өтті десек те болады. Осы күнге дейін сүйреп келдім, бұл мәселені. Шынын айтайын, Қонаев пен Назарбаев екеуінің арасында біраз келіспеушіліктер болғанын тарих біледі. Қонаевтың көзі тірісінде айтқан сөзі Назарбаевқа ұнамаса керек, билікке келгенінде оның атын еш жерде ататпады. Әкімдер атын естісе шаштарын көтеріп қашатын болды. Қонаев жайлы айтқан адамды қудалауға алатын. Содан болар, Қонаевтың ескерткішін осы күнге дейін ешкім қолдамады”, – дейді. 

 

Ержан жақында қалалық қоғамдық кеңес пен ұлттық қауіпсіздік қызметінің ардагерлер кеңесі мүшелері хабарласқанына айтты. Сөзінше, екі ұйым да арнайы хат жолдаған. Енді тек нәтижесін күтудеміз деп отыр. 

“Қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Әлкеев деген ағамыз хабарласты. Кездесіп, әңгімелестік. Сол кісі де сұрады, кейін қоғамдық кеңестің атынан хат жолдайық деді. Бір аптадан кейін “әкімнің алдына кіріп шықтым, мәселе бойынша қолдау көрсетіп жатыр, бұйырса жақсы жаңалық болып қалатын шығар” деп айтты. Міне 2 аптадай уақыт өтті. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлер кеңесі бар қаламызда. Сол жердегі жігіттер де қолдайық деп хабарласты. Көмек беруге тырысатынын айтты. Ол жақтан да хат жолданды. Үміт бар. Енді арманым осы ескерткіштің өз орнын табуы. Халықтың, елдің игілігіне жарауы. Осындай Ұлы тұлғалардың ұрпағы ретінде оларға қашанда тағзым ету біздің басты парызымыз болуы керек”, — деп қорытындылады сөзін Ержан Қалдыбаев. 

Stan.kz ақпарат агенттігі ескерткіш мәселесін, тағдырын нақтылау үшін Шымкент қалалық әкмдігіне сұрау салды.

ТегтерҚонаев