Астана күні ашық аспан астында тойланды

Астананың туған күні EXPO іскерлік кешенінің аумағында аталып өтті. Елорда күні – қала тұрғындары мен қонақтары үшін айтулы оқиға. Мереке құрметіне орай ауқымды және қызықты мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

EXPO іскерлік кешенінің аумағына кіре берген бетте қолөнершілер жәрмеңкесіне тап болдық. 60-тан астам кәсіпкер мен шебер қатысатын «БайЅрасе» жәрмеңкесі келген жұрттың назарын алды.

Мұнда ұлттық әшекейлер, этно және заманауи дизайнерлік бұйымдар, атап айтқанда бас киімдер, киім-кешек, декор заттары, эко-сөмкелер, қолдан жасалған шамдар, ойыншықтар және т.б. сатылып жатты. 

          Ал кешкі сағат 6-да ашық аспан (Open Air) астында, жазғы сахнада әртістер өнер көрсетті. Кеш қонақтары: Құрмаш Махан, Нұрлан мен Мұрат, Ninety one, Orda, Kalifarniya, M’Dee, Nazima, Alpha, T’OI, Imzi, Ayau, Bonapart сияқты отандық эстрада жұлдыздары болды. Концерт тегін өтті. Халық нөпірі аз болмады. Атап өту керек, Open Air – жылдың ең ауқымды фестивалі.

          Сағат 22.00 уақытында дрондар шоуы жиналған дүйім жұртты таң-тамаша етті. Түнгі аспанда жұздыздай жарқырап, түрлі әсем фигуралар жасаған дрондар көздің жауын алады.

Елорда күнін тойлау мұнымен ғана аяқталып қоймайды, 6-8 шілде аралығында Болашақ энергиясы мұражайында қолөнершілер жәрмеңкесімен қатар түрлі шеберлік кластары, сонымен қатар, бүгін – 7 шілдеде Ұлттық домбыра күніне арналған «Заманауи домбыра» шоу-концерті өтеді. Іс-шараға Kalifarniya, Ақтоты Болшова, «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Серпер» домбырашылар ансамблі, SAZ этно тобы, Steppe Sons, Assyl, T&Y, «Арт-домбыра», Aldaspan топтары, DJ Годунов қатысады.

Ал 8 шілдеде сағат 19:00-де басталатын концертте сахна төріне эстрада әртістері мен DJ және Эльвира Нұрғожина, Мәдениет Есенгелдиев, Дина Журабекова, Нұрдәулет Арыстанбекұлы, Әсел Нұртазина, Әлихан Дүйсенбай, Азамат Берсембаев, Ілияс Қабдырай, Мәди Қадыров және Ақбикеш сияқты республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары шығады.

Бұдан басқа, EXPO кешенінің аумағында ашық аспан астында әуесқойлар үшін роллердром жұмыс істейді. Биыл оның екінші маусымы.

Гүлжайна Бекмырза

Altyn-Orda.kz