Атырау облысында “дәрігерге көрінуге кеткен” тұтас бір отбасы жоғалып кетті

Атырау облысының полициясы 2025 жылдың күзінен бері хабар-ошарсыз кеткен бір отбасыны іздестіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ке сілтеме жасаған Altyn-orda.kz хабарлайды
Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тұрған төрт адамнан тұратын отбасы бірнеше айдан бері байланысқа шықпаған. Жоғалғандар қатарында:
1959 жылы туған Қарабалин Мақсот Мұқанғалиұлы,
1961 жылы туған Өтешқалиева Нәсипа Бақытқызы,
1990 жылы туған Қарабалина Мирамгүл Мақсотқызы,
1993 жылы туған Мұқанғалиев Наурыз Мақсотұлы бар.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, алдымен ұлы Наурыз жоғалып кеткен. Ол Ақтауға жұмысқа баратынын айтқан, бірақ содан бері байланыс үзілген. Қазан айында бүкіл отбасы «дәрігерге көрінуге барамыз» деп ауылдан кеткенімен, қай қалаға бағыт алғаны белгісіз.
Жоғалғандардың ішінде үшінші топтағы мүгедектігі бар Мирамгүл Қарабалина бар, бұл жағдайды одан әрі алаңдатады. Отбасы кеткеннен кейін барлық мал-мүлік сатылып, түскен қаражат әкесі Мақсот Қарабалиннің жеке шотына аударылғаны белгілі болды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, отбасы мүшелері қалааралық көлік билеттерін алмаған және такси қызметін пайдаланбаған. Осыған байланысты оларды жеке көлікпен алып кеткен болуы мүмкін деген болжам айтылуда.
Полицияға хабар-ошарсыз кеткендер туралы ресми арыз 2025 жылдың қараша айының басында түскен. Отбасы іздеу тізіміне енгізілген.
Олардың соңғы белгілі мекенжайы — Жангелдин ауылы, Айжарқын Елешов көшесі, 13/1.










