Әлемжеліде алматылық кәсіпкер әйелдің жұмыс іздеп келген қазақтың баласын мемлекеттік тілді қолданғаны үшін қорлап, былапыт сөздер жаудырғаны скриншоттары тарап, үлкен дау туғызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бос жұмыс орны бойынша хабарласқан үміткерге жұмыс беруші бірден тілдік негізде шүйліккен. Тараған мәліметке қарағанда, нөмір иесі қоғамдық тамақтану саласында қызмет ететін Ольга Дубинина есімді кәсіпкер болып шықты.
Ол үміткердің мемлекеттік тілде жазғанына ашықтан-ашық наразылық танытып, бас тартумен шектелмей, ар-намысына тікелей тиген.
«Всякую шваль я не собираюсь брать на работу», «Учи язык», «Езжай в аул к себе и не позорь Алматы», «Позорище», «Кроме своего казахша ни х..я не умеешь», — делінген тараған хабарламаларда.
Былапыт жауап қазақтілді қауымды аяғынан тік тұрғызды. Қоғам белсендісі Диас Кұзайыров Алматының полиция департаментіне арыз жолдап, бұған құқықтық баға беруді және қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.
«Аталған азаматтың әрекетінде ұлт араздығын қоздыру және мемлекеттік тілге, қазақ тіліне деген ашық құрметсіздік белгілері бар. Бұл тілдік белгі бойынша құқықты шектеу және ұлттық араздық туғызу», – дейді белсенді өз өтінішінде.
Еңбек кодексінің 6-бабы жұмысқа қабылдау кезінде тіліне, ұлтына қарай кемсітуге қатаң тыйым салады. Ал адамның ар-намысын таптап, тұтас бір тілде сөйлейтін қауымды «ауылға қуу» Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыру») шеңберінде қаралуы тиіс ауыр құқықбұзушылық.
Осы бап бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе ауырлататын мән-жайлар болса 20 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.

