Балқашта 750 миллиард теңгеге жаңа мыс зауыты салынады

Қарағанды облысының Балқаш қаласында құны 750 миллиард теңге болатын жаңа мыс балқыту зауытының құрылысы жоспарланып отыр, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz.

Жоба жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін шамамен 1200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жаңа зауыттың жылдық өндірістік қуаты 300 мың тонна катодты мысқа дейін жетпек. Сонымен қатар кәсіпорында жылына 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 миллион тоннадан астам күкірт қышқылын өндіру жоспарланған.

Мамандардың болжамынша, жаңа өндіріс орны іске қосылғаннан кейін Қазақстандағы мыс өндірісінің жалпы көлемі шамамен 1,5 есеге артуы мүмкін.

Бұл еліміздің түсті металлургия саласын дамытуға және өңделген өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Балқаш қаласы Қазақстандағы ірі металлургиялық орталықтардың бірі саналады. Қаладағы қазіргі мыс балқыту зауыты 1938 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жаңа кәсіпорынның құрылысы өңір экономикасына қосымша серпін беріп, салық түсімдерін арттыруға және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етпек.