Бибісара Асаубаева Франциядағы супертурнирде топ жарды

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Францияның Сен-Тропе қаласында өткен WR Women’s Chess Tour 2026 супертурнирінің рапид бәсекесінде жеңіске жетті деп хабарлайды Altyn-orda.kz 

Жарыстың ширек финалында Бибісара Германия өкілі Элизабет Петцті тай-брейкте жеңді. Жартылай финалда грузиялық гроссмейстер Нино Бациашвилимен кездесіп, шешуші «Армагеддонда» қара тастармен тең нәтижеге қол жеткізді. Бұл нәтиже қазақстандық шахматшыға финалға жолдама берді.

Финалда украиналық шахматшыны жеңді

Финалда Асаубаеваның қарсыласы Украина өкілі Мария Музычук болды. Қазақстандық шахматшы алғашқы партияда қара тастармен жеңіске жетсе, екінші кездесуде де басым түсті.

Осылайша, жарыстың алғашқы күнінде 5,5 ұпай жинаған Бибісара Асаубаева WR Women’s Chess Tour 2026 Europe турнирінің рапид бойынша чемпионы атанды.

Жеңістен кейін Бибісара әлеуметтік желіде жарыс күні алты сағатқа жуық созылғанын айтып, нәтижесіне риза екенін жеткізді.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева – әлемдік әйелдер шахматының ең танымал өкілдерінің бірі. Ол бұған дейін блицтен әлем чемпионы атанып, халықаралық ірі жарыстарда Қазақстан намысын бірнеше рет абыроймен қорғаған.

Енді Сен-Тропедегі супертурнирдің блиц кезеңі өтеді. Онда сегіз шахматшы екінші жүлде үшін қайтадан сынға түседі.