ЧВК «Вагнер» құрамына қосылған қазақстандық Украинада тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды

Ресейдегі «Вагнер» ЧВК қатарында болған қазақстандық тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Украинаның Дружков қалалық сотының үкіміне сілтеме жасап хабарлайды.

Украинада Донецк облысының Дружковка қалалық соты 23 жастағы Шыңғыс Сейпиевке жалдамалылық деген айыппен үкім шығарды.

Сейпиев Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Аққұдық ауылында туған.

Ол Тюменьдегі № 2 түзеу колониясында зорлық-зомбылық жасағаны үшін 10 жыл отырған. Оған соғысқа барған жағдайда 200 мың рубль (шамамен 1,1 миллион теңге) беріліп, соттылығы жойылады деп уәде берілді. 2022 жылы қазанда ол «Вагнер» ЧВК-ға қабылданған екен.  Ростов облысындағы оқу-жаттығу жиынында әскери дайындықтан өтіп, содан кейін желтоқсанда Луганскіде болды. 24 желтоқсанда Сейпиев Бахмут ауданының Яковлевка ауылына жіберіліп, бір аптадан кейін  тұтқынға алынды.

Тергеу барысында Сейпиев өзінің кінәсін мойындап, басқа қылмыстарды ашуға көмектесті. Украинада жалданғандарға ең максималды жаза – он жыл, ал қазақстандыққа тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қазақстандықтың өзі «Главкомға» берген сұхбатында мас күйінде танысымен төбелесіп, өлтіріп алғандықтан, колонияға түскенін айтқан. Тюмень колониясында екі жыл болып, кейін «Вагнер» ЧВК құрамында соғысқа баруға келісіпті. Өйткені қалған мерзімін Ресей колониясында өтегісі келмеген.