Дәрігерлер босанып жатқан әйелге ота жасап , репродуктивті органын сақтап қалды

35 жастағы әйелге босану кезінде күрделі ота жасалды. Дәрігерлер оның жатырындағы бірнеше миоманы алып тастап, репродуктивті органын сақтап қалды  деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Әйелде жатыр миомасы жүктіліктің алғашқы кезеңінде анықталған.

Диагнозға қарамастан, ол баласын 37 аптаға дейін аман-есен көтеріп шыққан.

Белгіленген мерзімге жеткен соң дәрігерлер жоспарлы кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдады.

 Дүниеге дені сау сәби келді. Содан кейін хирургтар миомэктомия жасап, жатырдағы алты ісікті алып тастады.

Аурухана мәліметінше, алынған түйіндердің көлемі 4 сантиметрден 10 сантиметрге дейін болған. Операция күрделі әрі көлемді болғанына қарамастан, дәрігерлер жатырды алып тастамай, сақтап қалған .

Клиника мамандары кесарь тілігі мен миомэктомияны қатар жасау акушерлік және гинекологиядағы ең күрделі оталардың бірі екенін атап өтті.

Отаға үш акушер-гинеколог қатысқан.