Дастан Сәтпаев «Челсиде» өзінің ойыншы нөмірін алды

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Лондонның «Челси» клубында 36-нөмірмен өнер көрсететін болды, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz.

Ағылшын клубы Австралия мен Азияда өтетін маусым алдындағы турнирге қатысатын футболшылардың ойын нөмірлерін жариялады. Қазақстандық жас шабуылшыға 36-нөмірлі жейде берілді.

Алайда бұл нөмір әзірге тек маусым алдындағы жолдастық кездесулерге арналған. «Челси» өкілдері тур барысында қолданылатын нөмірлердің 2026/2027 жылғы маусымға бекітілетін ресми нөмірлерден өзгеше болуы мүмкін екенін атап өтті.

Дастан Сәтпаев «Челсидің» Австралия мен Азиядағы маусым алдындағы сапарына қатысатын негізгі құрамға енгізілді. Лондондық команда тур аясында «Вестерн Сидней Уондерерс», «Тоттенхэм», «Ювентус», «Милан» және Малайзияның «Джохор Дарул Тазим» клубтарымен кездеседі.

36-нөмір бұрын «Челсиде» Рубен Лофтус-Чик, Патрик Бэмфорд, Кайл Скотт және бірнеше жас футболшыға берілген. Лофтус-Чик негізгі командадағы алғашқы кездесулерін дәл осы нөмірмен өткізген. Сондықтан 36-нөмір клубтағы жас ойыншылар үшін үлкен футболға бастайтын нөмірлердің бірі саналады.

Сәтпаев 2025 жылы «Қайраттан» «Челсиге» ауысу жөнінде келісімге келген. Халықаралық талаптарға байланысты қазақстандық футболшы Англия клубына кәмелет жасына толғаннан кейін толық қосылады. Ол 2026 жылғы 12 тамызда 18 жасқа толады.

Маусым алдындағы кездесулер Сәтпаев үшін «Челсидің» жаттықтырушылар штабына өз мүмкіндігін көрсетіп, негізгі командадан орын алуға берілген маңызды мүмкіндік болмақ.