«Дөрекі сөздер айтып, мені жұлқылады»: Алматыда 9-сынып оқушысы әлеуметтік желіде сынып жетекшісінің үстінен шағымданды

Алматы қаласы Әуезов ауданындағы No133 мектептің 9-сынып оқушысы әлеуметтік желіде сынып жетекшісінің үстінен шағым түсірген видео жариялады. Айтуынша мұғалімі осы уақытқа дейін оқушыларына дөрекілік пен күш  көрсетіп келген. Ал ата-аналар қайда барса да мектеп басшылығы мұғалімді ақтап отыр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқушы қазір мектеп мұғалімін басшылықтың бәрі жақтап отырғанын айтып, еш шара қабылданбағанын алға тартты. Ата-анасынан жай кешірім сұрап құтылған басшылық мұғалімге еш жаза қолданбаған.

«5-сыныптан бастап Н.Н мұғалімнің сыныбына түстім. Ол өте қатыгез апай. Әр сабақ бойы балағаттап, айқайлайды. Бізге қалағанын айтады. Балаларды ұрған кездері де болды. Мені қабырғаға қарай итеріп жіберді. Тыныш отырғандарға да ұрысады. Ата-анам мектеп басшылығымен кездескенде, олар жағдайға көз жұмды. Олар жай ғана «кешірім» сұрай салды. Бізді ешкім тыңдамайды. Ата-анамыз заң бойынша шешім қабылдап жатыр. Мен кәмелетке толмағанмын. Неге сонша мені жұлқылайды? Кеше түнде ауруханада болдым. Қолым қатты ауырды. Қолымды рентгенге түсірдім. Алайда ешкім шара қолданбады. Аналарың ештеңе істей алмайды. Бәрібір заңда мен жеңемін дейді. Осы уақытқа дейін ешкімге ештеңе айтпадым. Бірақ соңғы рет қолымнан жұлқылап, итерген кезде шыдай алмай отбасыма айттым. Осы уақытқа дейін осындай қорлық көріп келе жатырмыз», — деді оқушы.

Алматы қаласы Білім басқармасы оқушы қыздың видео үндеуіне қатысты пікір білдірді.

«Осы мәселе бойынша комиссия құрылды. Онда факт білім беру мекемесіне бару арқылы қаралады. 2023 жылдың 16 мамырында бұл мәселені Әуезов ауданы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қарау жоспарлануда. Бұл мәселе Алматы қаласы Білім басқармасының бақылауында», — деп хабарлады басқарма.

Ведомствоның хабарлауынша, мұғалім сыныпты басқару қызметінен уақытша шеттетілген.

https://vk.com/video-29539204_456241245