Дзюдошылар әлем біріншілігінде 11 медаль ұтты

Қазақстандық жас дзюдошылар Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен әлем чемпионатында тарихи нәтижеге қол жеткізді. Қазақстан құрамасы жекелей және командалық бәсекелерді қоса есептегенде 11 медаль жеңіп алды.

Жекелей сындарда ел құрамасы 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль иеленіп, жалпы медаль кестесінде екінші орынға тұрақтады. Алтын жүлдені Ғабит Расулхан, Фатима Сұпығалиева және Әділжан Жаудинов жеңіп алды.

Фатима Сұпығалиеваның жеңісі Қазақстан дзюдосы үшін ерекше тарихи оқиға болды. Ол қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы ретінде тарихқа енді.

Күміс медальдарды Адия Жанахмет, Әділжан Нұрбекен және Інжу Жұмажан иеленсе, Бекарыс Құдайберген, Ахмет Баубек, Ерік Үсенов және Еркен Бекали қола жүлдеге қол жеткізді.

Командалық жарыста – тарихи алтын

Қазақстан құрамасының басты жетістіктерінің бірі аралас командалар арасындағы жарыста тіркелді. Финалда қазақстандық дзюдошылар Бразилия құрамасын 4:3 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды. Бұл жүлде Қазақстанның чемпионаттағы жалпы медаль санын 11-ге жеткізді.

Осылайша, Гуаякильдегі әлем біріншілігі Қазақстан жасөспірімдер дзюдосының тарихындағы ең табысты жарыстардың біріне айналды. Жекелей сындағы үш алтын және командалық бәсекедегі чемпиондық қазақстандық дзюдо мектебінің әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақстандық дзюдошыларды табысты өнер көрсетуімен және командалық жарыстағы тарихи жеңісімен құттықтады.