Құрылтайға бес партия өтті: ОСК алдын ала нәтижені жариялады

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарын сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады. Нәтижеге сәйкес, жеті партияның бесеуі 5 пайыздық межеден өтіп, жаңа бір палаталы Құрылтайдан орын алуға мүмкіндік алды.

Алдын ала есеп бойынша ең көп дауыс «Әділет» партиясына берілген. Партия 6 528 948 сайлаушының қолдауына ие болып, 71,17 пайыз дауыс жинады.

Одан кейінгі нәтижелер:

  • «Ауыл» партиясы – 6,26% немесе 574 621 дауыс;
  • Respublica – 5,56% немесе 509 631 дауыс;
  • «Ақ жол» партиясы – 5,21% немесе 478 083 дауыс;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 5,11% немесе 469 058 дауыс.

Осылайша, алдын ала қорытынды бойынша «Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және ЖСДП Құрылтайға өтеді.

Ал Қазақстан Халық партиясы 3,11 пайыз, «Байтақ» жасылдар партиясы 1,07 пайыз дауыс жинап, бес пайыздық сайлау межесінен өте алмады.

«Әділет» айқын басымдықпен жеңді

Сайлаудың басты нәтижесі – «Әділет» партиясының қарсыластарынан үлкен айырмашылықпен алға шығуы. Партия сайлаушылар дауысының 70 пайыздан астамын жинады. Қалған төрт партияның көрсеткіші 5–6 пайыз шамасында болды.

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтті. Сайлауға барлығы жеті саяси партия қатысқан еді. ОСК бұған дейін дауыс беру аяқталған сәтте сайлаушылардың қатысу деңгейі 74,19 пайыз болғанын хабарлаған.

Бұл әзірге алдын ала нәтиже. Сайлаудың түпкілікті қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы заңда белгіленген тәртіппен бекітеді.

ТегтерҚұрылтай