“Хочу жить” жобасы 2025 жылы Ресей әскеріне қосылған 628 тәжік азаматының тізімін жариялады

18 тамыз күні Украинадағы “Хочу жить” мемлекеттік жобасы 2025 жылдың алғашқы алты айында Ресей әскерімен келісімшарт жасасқан 628 тәжік азаматының тізімін жария етті деп хабарлайды Азаттық радиосына сілтеме жасаған Altyn-orda.kz
Жоба авторларының айтуынша, Ресей оларды Украинадағы соғысқа аттандырып, майданның алдыңғы шебіне айдап жатыр.
Жоба Ресей әскеріне қосылған тәжік азаматтарының тізімін осымен екінші рет мәлім етіп отыр. Биыл сәуірде “Хочу жить” Украинадағы соғысқа Ресей жағында қатысқан 931 тәжік азаматының аты-жөнін хабарлаған. Оның ішінде кемі 196 адам қаза тапқан.
“Хочу жить” жобасының сөзінше, Ресейде жүрген Орталық Азия мигранттарын әскерге тарту қалыпты әдіс бойынша жүзеге асады. Полицейлер мен әсіре ұлтшыл “Русская община” ұйымының өкілдері мигранттарға қарсы рейд жүргізіп, оларды әскерге қосылуға үгіттейді. Кейбіріне Ресей азаматтығы ұсынылады, кейбіріне депортациядан алып қаламыз деп айтады. Ақшамен қызықтыратындар да бар. Ешбір әдіс жұмыс істемесе, түрме жазасымен қорқытады дейді жоба авторлары.
“Хочу жить” жобасы Ресей әскери басшылығы майданға түскен мигрант сарбаздарды алдыңғы шепке айдап, олардың өмірін құнды деп санамайтынын айтады. Олардың міндеті – украин әскерінің соққысын өзіне дарытып, олардың орналасқан жерін анықтау, сол себепті мигрант сарбаздар арасында өлім көп дейді украиналық жоба.
Есепте Ресей әскері тәжік және өзбек мигранттарын соғысқа жиі тартатынын, өйткені оларды көндіру оңай екенін айтады. Жоба өкілдерінің айтуынша, Өзбекстанда соғысқа жалданғандарды қылмыстық қудалау бар екені байқалса, Тәжікстанда мұндай баппен ұсталған не сотталған адам туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Тәжік билігі “Хочу жить” жобасының тізімі жөнінде пікір білдірмеді. Алайда екі апта бұрын елдің бас прокуроры Хабибулло Вохидзода кейінгі үш жылда Украинадағы соғысқа қатысты деген айыппен ешбір азамат жауапқа тартылмағанын мойындады. Оның сөзінше, көп адамның қос азаматтығы бар, “өзге елдің азаматтығын алған адам сол елдің заңдарына бағынып, міндеттемелерін орындауға тиіс”.
Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағалы Орталық Азия мигранттарын әскер сапына тартуға күш салып келеді. Тәжік билігі 2023 жылы Ресей түрмесіндегі қамалушыларды әскерге тарту бойынша 100 кейсті растағанын мәлімдеді, бірақ одан өзге ақпарат бермеді.
“Хочу жить” жобасы тәжік билігі өз азаматтарына бейжай қарамайды деп үміттенеді.
“Тәжікстан билігі өз адамдарын ұмытпай, Ресей әскери машинасынан құтқарады деп үміттенеміз. Тарих пен тәжірибе көрсеткендей, Ресей соққы көрмей тоқтамайды” дейді олар.
Бұған дейін украиналық жоба Ресей әскерімен келісімшарт жасасты деген қазақ, қырғыз және өзбек азаматтарының тізімін жариялаған.
Мәселен, биыл шілдедегі тізімінде 529 адамның аты-жөні аталды. Олар Ресей әскеріне 2025 жылдың алғашқы жартысында қосылған. Сәуірде Ресей сапында соғысып жатқан 661 қазақстандықтың тізімі жарияланған.
