«Қабырғаға соғылар едік»: Алматы облысында жолаушылар автобусын тоқтатқан оқушы оқиғаны баяндап берді (видео)

Алматы облысында 14 жастағы мектеп оқушысы жүргізушісі есінен танып, жолдың шетіне шығып кеткен автобусты өз күшімен тоқтатып үлгерген. Жеткіншектің көзсіз ерлігін қазақстандықтар жарыса айтуда. Оқиға туралы жолаушылардың өмірін сақтап қалған Ақжол Герой айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақжолдың айтуынша, автобусты уақытында тоқтатпағанда ол бір үйдің қабырғасына барып соғылар еді. 

«Қорқыныш сезімі болды. Барып автобусты тоқтатып үлгермегенімде бір үйдің қабырғасына жетейін деп қалыпты. Жүргізуші газды басып алған. Сосын ол кісінің аяғын тартып алдым да тежегішті басып, қол тежеуішін тарттым. Көмекке басқа да адамдар келді», – деді Ақжол Герой. 

Батыр жігіт отбасында жеті баланың үлкені. Анасының айтуынша, әкесіне көмектесіп жүріп, техника тілін үйренген. Бір қызығы Ақжол сол күні сабақтан сұранып емханаға беттеген. Осылайша сырқаттанып қалуының өзі өмірлерді сақтап қалуға себеп болыпты. 

«Мүмкін сол күні баламның ауырып қалуы автобус жолаушыларының өмірін сақтап қалуға себеп болған шығар. Баламды осындай жақсы іске итермелеген әуелі Алла. Жолдасым достары, туысқандарының оталмай қалған көліктерін үйге әкеліп, жасайды. Ақжол әкесінің жанында жүріп үйреніп алған», – деді анасы Гүлнұр Дәулетова.  

Жолаушылардың өмірін сақтап қалған мектеп оқушысы болашақта тіс дәрігері болғысы келетінін және автобус жүргізушісінің денсаулығына алаңдайтынын жеткізді. Ал автобус жүргізушісі, инсульт алған азамат аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Есін жиғанымен жағдайы ауыр, дейді дәрігерлер.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында мектеп оқушысы автобус жолаушыларын апаттан құтқарып қалғаны туралы жазған едік. 

Тегтерқұтқарушы