Қақаған аязда баласын велосипедпен тасыған ананың видеосы елді жылатты

TikTok-та баласын күйме секілді велосипедтің артқы жағына отырғызып, сыртынан суықтан қорғайтын пакет қаптаған ананың видеосы тарап жатыр, деп хабарлайды Massaget.kz. 

Желіде тараған видео 1 миллионнан аса қаралым жинаған.

«Өзі жаураса да баласын жауратпай сабаққа апара жатыр», — делінген видеода. 

Кейінірек осы видеоны жариялаған Айдос Тұрлыбек есімді TikTok қолданушысы видеодағы адам табылғанын жазған.

«Батыр анамызды таптық, бұйырса жолығамыз», — деп жазған ол.

Желі қолданушылары да жантебірентерлік көрініске жылы сөздерін жазған. Бірақ TikTok-тағылардың көпшілігі оны ер адам деп ойлаған.

«Біздің мектепте оқиды баласы, осы кісіні көргенде жүрегім ауырады. Бірақ ата-анаңның бар болғаны қандай жақсы, баласы үшін бәрін жасап береді», «Соны ойлап тапқан әкесі қандай күшті!Соның ішінде ұялмай отырған баладан айналдым! Қазір балдар қит еткеннен ұялады, намыстанып!», «Жыл әкесі атағына лайық. Бала үшін ата-ана не істемейді?», «Ханшайымды күймеде алып келе жатыр», «Бұл кісіні танимын, күнде осылай апарады сабаққа, нағыз әке!», «Жылатады ғой мына видео», «Көзіме жас келді», — дейді пікір жазғандар.