Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ҰҚК қызметкерлері Мәсімовтің нұсқауымен ғимараттарын қараусыз қалдырған – Бас прокурор

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Кәрім Мәсімовтің нұсқауымен ҰҚК қызметкерлері өз ғимараттарын қараусыз қалдырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде бас прокурор Берік Асылов айтты.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 5 қаңтарда ҰҚК төрағасының орынбасары Садықұловтан жеке құрамның ғимараттан шығуға дайындығы туралы жазбаша бұйрық келіп түскен.

«Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысы бойынша ҰҚК ғимараттарын тастап шыққан. Сондай-ақ, басшылықтың пәрменімен Алматы және Жамбыл облыстарының ішкі істер департаменттерінің ғимараттары қараусыз қалдырылған. Ашығын айтайын, бұл басшылар әлсіздік танытқан. Бұл қызметкерлердің ішінара құлдырауына әкелді. Алматы мен Талдықорған екі күн бойы қарулы қарақшылардың қолында болды», — деді Асылов.

ҰҚК-нің үш облыстық департаментінің, Алматы облысының полиция департаментінің бұрынғы басшыларына және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істер сотқа жіберілді, сот процестері жүріп жатыр, деп қосты бас прокурор.

Жамбыл облысы полиция департаментінің басшысы өзін-өзі атып өлтіруіне байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.