“Қазақ тілі үшін жан аямай күресуге дайынмын” — В. Тен

Қазақ елінде өмір сүріп жатқан этникалық кәріс азаматы Владислав Тен қазақ тіліне деген қызығушылығының қалай оянғанын айтып, жан тебірентер жазба жариялады. Кәріс азаматының айтуынша, қазақ халқының шапағатын көрген өзге этнос өкілдері өте көп. Автордың басты арманы да Қазақ елінің әрбір азаматын қазақша еркін сөйлейтін деңгейге жеткізу, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Автор өз сөзінің кіріспесінде терең тарихты толғады:

— Біздің ата-бабаларымыз 1937 жылы депортацияға ұшырап Қазақ жеріне еріксіз келіп түскенде қазақтар олармен соңғы нанын бөлісіп, ажалдан құтқарып, көмек бергені үшін корей халқынан алғыс білдіремін.

Сол кезде қазақ халқы ата-бабаларымызға қол ұшын бермегенде менің өзім де, менің екі балаларым да, менің көптеген туыс-туыстарым да бұл дүниеге келмес едік және осы алғысымды дәл қазір жазып отырмас едім. Қазақ жері корейлер үшін киелі әрі қасиетті жер болып табылады.

Мен Ташкент қаласында туғанмын. Менің Отаным, туған жерім — Өзбекстан. Әке-шешем мен туған қарындасым менен бұрын Қазақстанға қоныс аударған еді. Дегенмен ата-анамның жалғыз ұлы болғаннан кейін корей мәдениетін сақтау үшін олармен бірге өмір сүруім керек екенін мен де, олар да біліп, бір күні олардың «Балам, сен Астанаға кеп осы жерде бірге тұрайық!» деген шақыруымен осы жерге келіп мен үшін жаңа өмір басталып, қазақ тілін білуге деген қызығушылығым артып бар ынтаммен оқып үйрене бастадым, — деді Владислав Тен.

Қазаққа деген көңілі мен ықыласы айрықша азаматтың болмысы да, арман-мақсаты да ерекше.

— Маған тек қана тіл емес, жалпы қазақ халқының өзі, салт-дәстүрі ұнай бастады, мақалдарын түсіне бастадым. Содан өзіме: «Неге мен қазақ тілін дамыту үшін осынша жанымды беріп жұмыс жасап жатырмын?»- деп сұрақ қойдым. Сол сұрағыма өзім жауап тапқан сияқтымын. Менің ойымша, Алла тағала мені Қазақстанға ата-бабаларымның атынан алғыс айту үшін жіберген сияқты. Сол қиын кезде менің ата-бабама көмек берген қазақ халқына деген құрметімді әрқашан да алға қоямын.

Қазақ халқының ең жақсы қасиеттерінің бірі бұл осы жерде тұрып жатқан әрбір халықты құрметтей біледі. Мысалы, бізді, корей халқын, үнемі “еңбеккор “деп атайды. Бұл бізді жоғары бағалай білгені деп есептеп, әрі қарай Қазақ жері үшін, оның жан-жақты дамуына жан аямай, еңбек етуге дайынмын.

Сондықтан өз басым қазір қазақ тілін дамытуда жұмыс істей бастадым. Ал менің мақсатым және арманым Қазақстандағы барлық адамдардың қазақша еркін сөйлей білуі! — деп ойын түйіндеді тіл жанашыры.

“Адырна” ұлттық порталы Владислав Теннің қазақ қоғамындағы ана тілін білмейтіндерге қатысты пікірін ұсынады. Оның пайымдауынша, қазақ тілінің өркендеуіне қоғамдағы әрбір азамат пен бала тәрбилеп отырған ата-ана жауапты.