Қазақстан одақтас мемлекет құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес — Руслан Желдібай

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қазақстанның одақтас мемлекеттерге қатысты көзқарасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумында бірқатар мәлімдеме жасады.

«ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді.

Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс»,—деді Руслан Желдібай.

Ол түрлі деңгейдегі интеграция мәселесіне де тоқталды.

«Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды.

Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ»,—деп түйіндеді Президенттің Баспасөз хатшысы.